Тылсым дүние

«Құда» қасқыр

Сонау 1995 жылдары «Маралиха» кеңшарының тарамай тұрған кезінде осы шаруашылықтың Қыстаукүршім бөлімшесінде орын алған осынау қызық та жұмбақ оқиға туралы сол ауылдың байырғы тұрғыны А.Байжиенов әңгімелеп берген-ді.

«Құда» қасқыр– Қыстаукүршімнің тау етегін жағалай орналасқан «Соқыр төсі», «Орысай», «Жалпай», «Ақсерке» сияқты қыстақтарында қой бағатын шопандар осы маңда тұқымы бөлек бір көкжалдың пайда болғанын айтып жүрді, – дейді Алдаберген Бөтегенұлы. – Арлан қойға ойда жоқта, шопанның қамсыз уақытын аңдып тұрып шабады екен. Заулап жеткен ол отарды ұстарамен тілгендей екіге бөліп тастайды да, ең семіз деген қойды алып ұрады. Қойшы атына мініп, шауып жеткенде көретіні – қойдың тыпырлап жатқан бассыз денесі. Қасқыр болса, қалың қарағанды, қожыр-қожыр тасты өңірдің бір ұрымтал тұсына сүңгиді де, ізін суытып кетеді.

Бір қызығы, неше қойды жықса да, көкжал ешбірінің өзге тұсынан тістемей, тек басын жұлып әкетеді. Осыған орай, оны сол төңіректегі жұрт «қойдың басын ғана жейтін «құда» қасқыр» деп атап кетіпті.

«Құда» қасқырды тұзаққа түсіру ешкімнің қолынан келмепті. Елді қыстай шулатқан айлакер арлан соңынан қайда кеткені белгісіз, ізім-қайым жоқ болған. Бірақ артында көпке дейін ұмытылмастай әңгіме қалды.

Осыған ұқсас бір оқиғаны бұрын да естігеніміз бар-тын. Сол «Маралиха» кеңшарының ең қойлы ауылы – Қойтастың шопандары да мазаны кетірген қос бөрі туралы аңызға бергісіз әңгіме айтатын еді. Жұп жазбайтын екі қасқыр отардың екі жағынан бір мезетте шабады екен. Және бөріге біткен мінезбен алдына келген қойды қыра бермейтін көрінеді. Екеуі екі жақтан шапқылаған күйі келеді де бір қойды жетелей жөнеледі.

– Қой Әміре көлінің күншығыс бетінде жатқан болатын, – деген-ді ол жайындағы әңгімесінде Сәкен деген шопан ағамыз. – Кенет жанымда жатқан итім атып тұрып, арсылдай жөнелді. Жалт қарасам, екі жақтан тайыншадай екі бөрі заулап келе жатыр екен. Шапшаң атқа мініп үлгердім де, қиқулап тұра шаптым. Ана екеуі бір қойды кәдімгідей жетелеп алып, зымырап барады. Кенет қой омақасып жығылды да, екі қасқыр жотаны асып жөнеле берді. Оларға ештеңе істей алмайтыным белгілі, «малымды адал бауыздап алайын» деп бәкімді суырып алып, жетіп келсем, тыпырлап жатқан қойдың басы жоқ…

Қасқыр – ақылды әрі айлалы жыртқыш. Ол сонысымен адамзатты өмір бойы таңырқатумен келеді. Бұл да Табиғат-ананың бізге белгісіз бір тылсым сыры шығар…

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button