Экономика

Чех кәсіпкерлері бірлескен өндіріс құруға ынталы

Өскеменде экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Чех үкіметаралық комиссиясының алтыншы мәжілісі болып өтті.

Чех кәсіпкерлері бірлескен өндіріс құруға ынталы

«Азия Авто» –
қарым-қатынасымыздың жарқын үлгісі

Бұл келелі басқосудың бізде өтуі Шығыс Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан және экономикалық тұрғыда инвесторлар үшін тартымды өңір екенін көрсетеді. Облысымыздың әлеуетімен жіті танысқан чехтар өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың мүмкіндіктері мол дейді бірауыздан.

Мәжіліске дейін шетелдік қонақтар чехтың «Шкода» маркалы автомобильдері құрастырылатын Өскемендегі «Азия Авто» зауытында болды. Кәсіпорын басшысы Ержан Мәндиевтің жетекшілігімен делегаттар цехтарды аралап, зауыт жұмысымен танысты, тіпті бірнеше «Шкодаға» отырып та көрді. Олардың айтуынша, қазақстандық көліктердің сапасы өте жоғары деңгейде. Зауытпен танысып болған соң Чех Республикасының өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, үкіметтік комиссиядағы чех тарапының тең төрағасы және делегация басшысы Милан Говорка құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, Ержан Мәндиев екеуі естелік сыйлықтармен алмасты. Екіжақты ынтымақтастықтың келешегі туралы айтқан министрдің орынбасары «Азия Авто» табысты қазақ-чех іскерлік қарым-қатынастарының жарқын үлгісі екенін атап өтті.

– Шынымды айтсам, өз басым «Шкода Авто» мен «Азия Авто» арасындағы ынтымақтастықты ары қарай дамытуға көптеген мүмкіндіктер барын көріп тұрмын. Тек автомобиль жасауда ғана емес, басқа да салаларда өңірлеріңіздің әлеуеті өте зор. Менімен бірге Шығыс Қазақстанға өзіміздегі ірі банктердің өкілдері келіп отыр, олармен барынша тиімді шарттар негізіндегі қаржыландыру түрлерін қарастырып көрулеріңізге болады, – дейді Милан Говорка.

Компаниялар қаржы құюға әзір

Комиссия мәжілісі «Алтай» технопаркінде өтті. Келіссөздер залына көтерілмес бұрын еуропалық меймандар аймақ ғалымдарының әзірлемелерін қызығушылықпен қарап шықты. Делегаттардың кейбіреулері жобалармен барынша тереңірек танысу мақсатында авторларының телефондарын алып жатты. Мәжілісті төраға ретінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты.

– Біздің облыс – өнеркәсіп, машина жасау және энергетика нысандары шоғырланған өндірісті өңір. Аймақ экономикасының жыл сайынғы өсімі 7-8 пайызды құрайды. Бұл жайт бізге көптеген әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге, атап айтар болсақ, еңбекақының өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыстағы орташа жалақы көлемі – 500 АҚШ доллары шамасында. Өңіріміз тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінгі таңда бізде 300 миллион доллардың инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Облыс аумағында екі индустриялық аймақ құрылып, оларға барлық қажетті коммуникациялар тартылған. Егер чех кәсіпкерлері сол аймақтарда қандай да бір өндіріс орнын ашқысы келсе, біз жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Жалпы, біздің облыс пен Чехия арасында өте тығыз ынтымақтастық орнаған. Мәселен, 2005 жылдан бері Өскемендегі «Азия Авто» зауытында «Шкода» маркалы автокөліктер құрастырылып келеді. Біздегі ең басты қазынаның бірі – су. Елдегі су қорының 60 пайызы Шығыс Қазақстанда орналасқан. Өлкеміз өзінің тамылжыған табиғатымен де ерекшеленеді, осыған орай біз өңірде сіздермен бірлесе туризмді дамытуға ниеттіміз. Шығыс Қазақстан мен Чех Республикасы арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға және ынтымақтастықты тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Жиында сөз алған Чех Республикасы өнеркәсіп және сауда министрлігі ТМД елдері бөлімінің бастығы Иржи Машата 2010 жылы Шығыс Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 15,8 миллион АҚШ долларын құрағанын атап өтті, бұл соманы бірнеше есе ұлғайтуға да болады. Өңірдің мүмкіндіктерін санамалап өткен ол Шығыстың басты байлығы адами әлеует екенін баса айтты.

– Сіздерде адам әлеуеті өте зор. Сондай-ақ, пайдалы қазбалар да молынан кездеседі. Өскемен – біздің бірлескен ең табысты жобамыз – «Азия Авто» зауыты орын тепкен қала. Чех Республикасы әлемнің 12 елімен ынтымақтастықты дамытқысы келеді, сол он екінің бірі – Қазақстан. Біздің мақсатымыз – өзіміздің осы өңірге деген экономикалық ықпалымызды ұлғайту. Біздің де экономикамыз ашық, сіздермен серіктесуге дайынбыз. Менімен бірге ең ірі чех компанияларының өкілдері келіп отыр. Олар өңірдің әлеуетін байқап көріп, осында қомақты қаржыларын құюға әзір. Бізді металлургия және машина жасау салалары, сонымен қатар «Алтай» технопаркі қызықтырады. Мұнымен қоса, біз ғылым, техника және инновация саласындағы серіктестікті де дамытуымыз қажет. Екі елдің техникалық университеттері арасында ынтымақтастық орнатқан жөн, – деді Иржи Машата.

Басқосуда, сондай-ақ, энергетика, өнеркәсіп және инновациялық даму, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және техникалық реттеу салаларындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Мәжілістегі отандық және чехиялық кәсіпкерлер мен шенеуніктердің өзара пікір алмасуларын еліміздің индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, үкіметаралық комиссиядағы қазақстандық тараптың тең төрағасы Бақытжан Жақсалиев үйлестіріп отырды. Ол өз кезігенде осындай маңызды іс-шараны өткізу үшін біздің аймақтың кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті.

– Біз Қазақстан-Чех үкіметаралық комиссиясының кезекті 6-шы мәжілісін Шығыс Қазақстанда өткізуді ұйғардық, себебі бұл – еліміздегі ең бір қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Осы облыстың үлгісінде өңірдің әлеуетін және өзге елдермен, атап айтсақ, Чех Республикасымен экономикалық қарым-қатынастарын қалай дамытуға болатынын көрсетуге болады, – деп ой түйіндеді Бақытжан Жақсалиев.

– Қазақстанның шығысында болашағы зор салалар жетерлік, солардың бірі – су энергетикасы. Өңірде ағынды өзендер көп, ал біздің Чехияда электр қуатын өндіруге арналған түрлі заманауи құрал-жабдықтар, турбиналар шығарылады. Яғни, біздің технологиямыздың көмегімен облыста өндірілетін электр қуатын еселеуге болады. Біздің компаниялар Шығыс Қазақстанда су электр стансаларын салуға әзір, тек өзара тиімді ортақ шешімге келсек болғаны. Біз аймақтағы ядролық энергетиканы дамытуға да атсалысқымыз келеді. Сіздерде Ұлттық ядролық орталық бар, ал біз жаңа технологияларға иеміз. Осы бағытта да серіктестік орнатқан пайдалы. Бір байқағаным, Өскемендегі қоғамдық көліктерге жолаушылар лық толып отырады екен. Ендеше, біздерге трамвайларды және өзге де қалалық көліктерді бірлесіп шығару қажет секілді. Чехиялық қоғамдық автокөліктер Еуропада өте жоғары бағаланады, егер бірлескен өндіріс орнын ашсақ, қос тарап та ұтар еді, – деп ой бөлісті өз кезегінде Милан Говорка.

Осы келелі басқосудан соң чехиялық кәсіпкерлер өңірімізде нақты бірлескен кәсіпорындар құруға бел шеше кірісері сөзсіз. Ол үшін барлық құқықтық негіздер бар. Өйткені, бүгінге дейін Қазақстан мен Чехия арасында үкіметтік деңгейде 11 екіжақты құжаттарға қол қойылған. Сонымен қатар, Кедендік одаққа мүше болуымыз инвесторларға Қазақстан аумағында өз жобаларын тиімді жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер беріп отыр.

Жиынға Қазақстандағы Чехия елшісі Бедржих Копецки мен Қазақстанның Чехиядағы елшісі Анарбек Қарашев қатысты.

Қоғамдық көлік құрастыруға қызығушылық танытты

Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Чех үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысы кеше Өскемендегі «Алтай» технопаркінде жалғасты. Кездесу барысында өткен жылы Прага қаласында болған 5-ші комиссияның отырысы шешімдерінің жүзеге асырылу жайы, Чех Республикасы мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық жағдай талқыланды. Сондай-ақ, әріптестік жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Комиссия отырысына Чех Республикасының өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Милан Говорка, Чех Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бедржих Копецки, еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев, облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев және өзге де делегация өкілдері қатысты.

– Кешегі өткен кездесулер, бизнес-форум мен дөңгелек үстел екі жақтың сауда-экономикалық және әріптестік қарым-қатынастарының жарқын көрінісі. Осы шаралар мен чех делегациясының сапары әріптестіктің дамуына тың серпін беріп, Прагада өтетін кезекті отырыста қос тарап көптеген жаңа инвестициялық жобалармен қауышады деген ойдамын, – деді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, үкіметаралық комиссияның қазақстандық делегациясының басшысы Бақытжан Жақсалиев.

Өткен жылы Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда айналымы 211 миллион доллардан асқан, оның ішінде экспорт 48,4 млн. долларды, импорт – 163 млн. долларды құрап отыр. Қазіргі күні Қазақстан инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған көптеген шараларды жүзеге асыруда. Компанияларға арналған шетелдік жұмыс күштерін елге енгізудің талаптарын жұмсарту, еркін экономикалық және индустриялдық аумақтарға инвестиция тарту, салық пен жер салығын жеңілдетуге бағытталған жұмыстар қолға алынған.

Чехия – Қазақстан үшін сенімді әрі қуатты әріптес. Әсіресе, энергетика, өнеркәсіп, инновация, ғылым мен техника, туризм, көлік, машина жасау, ауылшаруашылығы мен өзге де салалардағы негізгі әріптестердің біріне айналмақ.

– Бүгінде Қазақстан Үкіметі туризм саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Біздің елімізде Азияның туристік орталықтарымен бәсекелесе алатындай табиғаты көркем әрі тарихи орындар жетерлік. Мемлекет алдында тұрған басты мәселе олардың инфрақұрылымын дамыту, сапалы әрі қолжетімді сервиспен қамту. Чехияның бұл саладағы бай тәжірибесі бар. Машина жасау саласында «Азия-Авто» АҚ компаниясы базасындағы Skoda автокөліктері моделін кеңейту, энергетика салаларында әріптестік орнату мәселесін егжей-тегжейлі қарастырдық. Сондай-ақ бүгінгі күннің хаттамасында көптеген келісімдерге қол қойылады, олардың жүзеге асырылуы екі жақтан да үлкен жауапкершілікті талап етеді, – деп жалғады сөзін Б.Жақсалиев.

Чех Республикасының өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Милан Говорка өз кезегінде Шығыс Қазақстанның жылы қабылдауына ризашылығын білдірді. Бұл өңірдің табиғи ресурстарын ерекше атап өтті. Сондай-ақ чехиялық компаниялардың Қазақстанмен энергетика, туризм, ауылшаруашылығы, машина жасау саласында әріптестік орнатуға ниетті екендіктерін білдірді.

– Екі күндік кездесу барысында сіздердің елдеріңізбен әріптестік орнатуға болатын көптеген салалар мен мүмкіндіктер қарастырылды. Бұл – тек Чехияның ғана емес, Қазақстанның да кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосары анық. Сонымен қатар біз екіжақты әріптестіктің нақты жобаларын да талқыладық. Біздің қоғамдық көлік құрастыру мен машина жасау саласындағы тәжірибеміз жетерлік. Егер қазақстандық тарап қоғамдық көліктердің техникалық деңгейін жақсартуға ниет білдірсе, біз осы салада әріптес болуға дайынбыз. Сондай-ақ сіздердің сарапшыларыңыз бен мамандарыңызды оқыту мәселесін де шешуге болады, – деді Милан Говорка.

Отырыс барысында екі жақтың делегациялары Қазақстан мен Чех Республикасының макроэкономикалық жағдайы мен әлеуетінің екі ел арасындағы сауда айналымын және инвестициялық жобаларды ары қарай дамытуға жағдай туғызатындығын атап өтті.

– Қазақстан-Чех үкіметаралық комиссиясы отырысының біздің өңірде, Өскеменде өткендігі біз үшін үлкен абырой. Өскемен Белоруссия, Ресей сынды ірі елдердің үкіметаралық отырыстарының алаңы мәртебесіне Астана мен Алматыдан кейін ие болған үшінші қала десем, артық айтпаспын. Пайдалы қазбалар мен ресурстарға бай, өнеркәсібі дамыған Шығыс өңірінің екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, әріптестік орнатуына үлес қосады деген сенімдеміз, – деді облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев.

Кездесу соңында екі жақтың вице-министрлері үкіметаралық комиссияның 6-шы отырысының хаттамасына қол қойды.

Ержан Әбіш,
Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button