Әдебиет

Біздің үйдің құдалары

Біздің үйдің құдалары

Екі адам. Біз көргенде мінез-құлқы әртүрлі болғанмен, сырт бейнелері егіздей ұқсас, үйректің балапанындай балпаңдаған жұдырықтай екі қара шал. Бір-бірімен ешқашан, еш жерде кездеспеген. Жер бетінде бір-бірінің бар екенін де білмеген. Бірақ өмір-тағдыры екі бөлек екеуді тыңдап отырсаң, әр жерде іздері айқасып, ләмдері үндесіп жатқан сияқты.

Әйткенмен, құдалармен жақынырақ танысайық.

Кім шықпай жатыр шеңберден!

Интин Хасен. Әкесінің аты Ынта. Қағазға түскенде сол заманның белгілі себебімен осылай, естір құлаққа оғаштау болып түрленген.

«Сегіз санатқа кірген» дейді үлкендер. «Санат» деген не? Ол неге сегіз? Ол жағы біз үшін көмескі. Бірақ кезінде Қазақстан үкіметіне мүше болып, Ұзақбай Құлымбетовпен, басқа да сол кездің біліктілерімен үкімет үйіне бірге кіріп, бірге шығып, ел билігіне араласып жүргені анық. Айта кетейік, олардың қылша мойнына түскен бұғалық бұған да түскен. Бірақ кұдай сақтап, түбінде одан аман шыққан. Аққа құдай жақ деген осы.

Бақ қонып, қыдыр дарып, шарықтап аспанға ұшқаны жан баласына қылдай қиянаты жоқ адалдығынан. Әйтпесе, үкімет «бидібижен» выдвиженец деп ат қойып аспанға ұшырайын десе, көпес Крешкенің жаз сиырын бағып, қыс Жайсаңкөлден балық аулап, ау сүзген одан басқа бадырақ жоқ па?

Осы жерге келгенде Хаскеңнің өз ләмі бөлек. Сиыр бақпаған. Ау тартпаған. Жорға мініп, жүйрікті жетелеп, Крешкенің ісін басқарып, мырза орнына жүрген. Мұны естіп, өткенді көзімен көріп, көңіліне түйіп, жадына тоқыған үлкендер үнсіз бір-біріне қарасады.

Ал өз айтуынша, жаңа үкіметке жаққаны бұл үшін емес. Аумалы-төкпелі заманда ақтың әскерін, санап айтар болсақ, біреу емес, екеу емес, қару асынған жиырма бір кісіні жалғыз өзі жеті түнде ізіне түсіп іздеп барып, әрқайсысын білектей ағашпен шекеден бір-бір ұрып сұлатып, шанаға отынша басып тиеп әкеліп қызылдарға өз қолымен тапсырған қызметі үшін.

Санай берсек, кейіпкердің өз аузынан шыққан, тасқа басылып, баспасөзде жарияланған, сюжеті нақты оқиғадан гөрі қиял-ғажайып ертегіге жақын осындай хикая аз емес. Бұл солай болған соң, кейбір шын сөзі де, дұрысы – шындыққа таяу сөзі де зая.

Мысалы, бандыны қуып, анықтап айтсақ, қырып, осы ерлігі үшін Клим Ворошиловтың қолынан өзінің аты ойылып жазылған алмас қылыш алғанмын депті. Кім біледі, алса алған шығар. Бір түйткіл сол, ол қылышты көрген, не бұрын көріп едім деген кісі жоқ. Қылыш түгіл азаматтың алтын басы домалап жерге түсіп жатқан сол шырғалаң заманда қалған шығар бір жерде. Не біреудің қолында кетті. Қазбалай беріп қайтеміз.

Өз аузынан естіген әңгіме емес, тәжіке-тәлкек, келекеге құмар кейбір жастардың сөзіне сенсек: – «Қырымда Ворошилов, Фурцева /кезіндегі кеңес үкіметінің мәдениет министрі/ үшеуіміз дем алдық. Ворошиловтың көңілі Фурцевада, Фурцеваның көңілі менде болды. Мен бірақ Ворошиловтың көңіліне қарадым», – депті Хаскең. «Әй, әттесі-ай, қарамау керек еді!» дейді қуауыз жастар бұл әңгімені тоғыз саққа жүгіртіп.

Осы айтылғанның бәріне қарамастан, біздің құданы өтірікшінің санатына қосқан адам құдайға шет болады. Өтірікші емес! Әсіресе, біреуге қылдай қиянаты тиетін жалған сөзге алтын берсең аттап баспайды. Аздап, кейде одан гөрі молырақ қоса сөйлеп, өзінің елден ерек эпикалық тұлғасын жасағысы келетіні жоқ емес. Сауық қуған жас, кегін қуған ер, елін қорғаған батыр, ақырында, артық та болса айтайық, «қыз жақтаған» бозбала бейнесінде көрінбек болса, онда тұрған не тұр? Арасында, қызды-қызды, шеңберден шығып кетіп жатса, несі таң? Кім шықпай жатыр шеңберден.

Еншісінен құр қалған

Десе де, құданың кісілік бейесіне біздің де қосарымыз жоқ емес. Жал-құйрығын төгілтіп жүйрік пен жорға мінген мырза болсын, жалаңаяқ малшы-жалшы «бидібижен» болсын, бақ құсына атша мініп, алғаш Алматы кеткенде, өз басын күйттеп, өз бағын ойлап, сабау-салтаң өз басы ғана аттанбаған. Қаздай тізіліп соңынан ерген, шетінен жоқ-жітік, панасыз жетім, аш-тоқ, бар-жоқ, қақ-соқтың бәрін көріп жүрген жалбыр шапан ала-құла нөкерін қоса әкетіп, қазақтың күн астында кербездей керілген сол кездегі астанасында алшаң бастырған.

Нөкердің басы, әрине, жалғыз інісі Құсайын. Ол жақта үйлі-күйлі болды. Түтін түтетті. Ұл сүйді. Бір емес, екі бірдей. Бірақ татар дәмі кешегі қанқұйлы соғыстың майдан даласында түгесілген оның түтінін өшірмеу, ұлдарды жеткізу тағы да мұның мойнына жүктелді.

Кейін бір кезде самғап ұшып шыққан биігінен бір-бір сатылап төмендеп, баяғы бәз қалпына қайта түскенге дейін, одан кейін де, өз басына келген небір зобалаңның тұсында, інінің шаңырағын, түйелі көшке тіркелген боталы інгендей, қайда барса өзімен бірге сүйреді де жүрді. Сөз кезегі келген соң айта кетейік, сол кезде ер-азаматтың ілуде бірі болмаса, бәрі дерлік дәл осылай етер еді. Мұны бір деңіз.

Өзімен үш-төрт атадан қосылатын жамағайын туыстың пана-қорғансыз далада қалған, әлі ес білмеген екі қыз, бір ұлын жинап қолына алды. Әлбетте, мәңгі тұрар бақыт жоқ. Бір күні мұның да басына қатердің бұлты үйрілді. Түсі суық түрменің тар есігінен бір күн кіріп, бір күн шығып, әр жолы шығар-шықпасы белгісіз қатерлі күн туғанда, олардың кішірек екеуін балалар үйіне өткізді. Заман әлде қалай боп кетеді. Туған үйдей, жанашыр туыстың босағасындай болмас. Бірақ басқа пана, өлмеске себеп.

Екеудің бірі, қыздың кішісі өсті, жетті. Аты исі қазаққа белгілі академиктің ұлы, өзі де болашақ академик жақсы жігітпен түтін түтетті. Атақ, лауазымнан құр қалған жоқ. Өнер жоғары оқу орнының кафедра басшысы, профессор, еңбегі сіңген әртіс атанды. Бірақ түптеп келгенде, осының бәріне себепші, әке орнына әке болған десе артық емес, азып-тозып қаңырап қалған ауылдан, иен қалған үйінен ел астанасына алып келіп, пана болған аталас туысына, атап айтсақ, біздің бас кейіпкерімізге жүрегінің түбінде түп күйесі бір елі қара қазандай өкпе қалды.

– Жаман қыз, – дейді профессор сіңлісіне лауазым, атаққа жетпесе де ол да әртіс әпекесі. – Сол жаман шал болмаса, қалатын едің ғой Маңырақта, Қызылқайыңның бір қуысында, бір күркенің астында. Құрым киіз жамылып … Ит пен битке жем боп …
– Ну и что? – деп сіреседі профессор сіңлісі. – Ну и что? Зато туыс-туғанның ортасы. Өзіміз шыққан жер.
– Сенікі асқандық! – дейді шамдана бастаған әпеке. – Ты просто возгордилась!
Ғалым сіңлісі берісе қоймайды:

– Сен мен көрген қорлықтың бірін көрген жоқсың. Мойныңнан тарс құшақтап алып айрылмай шырқыраған жалғыз бауырыңды біреулер келіп, араша түсер ешкім жоқ, «Ай-шайсыз» шырылдатып тартып алып кеткенін көрген жоқсың. Содан кейін екі көзің төрт болып, қай жерден көзге жылы туыс-туғанның төбесі көрінеді деп, көзіңнен сораң ағып, детдомның есік, терезесінен күндіз-түні телміргенді басыңнан өткізген жоқсың. Мен көрдім! Бастан өткіздім! Осы қорлық көз алдымнан кетпей, он жыл өксідім. Мұны кешпеймін! Не прощу никому!

Содан кейін ортақ пікірге келе алмаған бір-біріне өкпелі апалы-сіңлілі екі мұңлық, бұл күнде төрт құбыласы тең дерлік, бір-бір үйдің иесі, әрқайсысы екі-үш баланың анасы, екі жаққа қарап үнсіз жылайды.

Әйткенмен уақыт емші: келе-келе профессор қыздың жүрегі жібіді. Біздің құданың өз немерелері, туыс-туысқан, құда-жегжаттарының, тіпті, түтіндері жарыса қатар ұшқан көрші- қолаңдарының балаларына дейін әр жылдары сонау Тарбағатайдан келіп, осы екі қыздың қолынан, солардың жетегімен оқу оқып, білім алып шығып жатты.

Ал көзіне көрінген жалғыз жанашыры, оның да қауқары шамалы – әпекесінен күшпен бөліп әкеткеннен кейін мұнарасы биік, бауыры суық Мәскеуден бірақ шыққан, ол кезде куәлігінде Баяхмет Мұқаевич Қаныбаев деп жазылған титтей ұл араға елу жыл салып, барлық құжаттарында Владимир Михайлович Коновалов делініп қайта оралғанда, ана әлдиімен санасына сіңген тілінен, бұл үшін әлі күнге көз жасын төгіп жүрген туыс-туғандарына баяғы жүрек жылуынан ештеңе қалмаған еді.

Хош. Алматыда енді бір адам болды. Біздің кейіпкермен екі арасы түйісе кетсе, ортасынан шыққан от лапылдаған өртке айналып кете ме дейсің. Хаскеңнің бәйбішесінің аталас туысы. Жасында, бала кезінде десе дұрысырақ, жоғарыда айтылған нөкердің ішінде келген. Бұл келісі теріс болды деуге келмейді. Біз көргенде, Алматының ортасынан ойып отырып алған пәтері, оны ұқсатып ұстап отырған ұқыпты татар әйелі бар. Қандастарына, тілін білмесе де, іші жуық азамат ұлы, ағасынан заты бөлектеу, ауыл қазағына /студентпіз деп «шертіп» жүрген бізге деп ұғыңыз/ үркіп емес, үрейлене: «о, ужас!» деп шоши қарайтын қызы бар.

Осыншаның бәрін біреу аузына тосып, алдына салып бермеген-ақ шығар. Өзінің таланының биті, талабының күшімен тапқан болсын. Бірақ кезінде, ата жоқ, ана жоқ, панасыз жетім күнінде, жүрегі жібу біреу /кім екенін сезесіз ғой/ табылып, қолынан жетелеп астанаға алып келмесе, мұның бірі де жоқ еді ғой.

Бопты. Қаза беріп қайтеміз. Екі жағында атысарға оқ жоқ бұл араздықтың өніп шыққан жері, түп төркіні бізге беймәлім. Сондықтан оған айтар уәж де жоқ.
Сөздің толық болуы үшін енді бір адамды атай кетейік. Елі-жұрты, тілі, ұлты жүз түрлі қыруар халық қойдай қырылған қан майданнан бір жеріне сызат түспей аман келіп, туыс-туған, дос-жарандарының есінде иір-иір теректей ебедейсіз бойы, жас баладай аңғал мінезі, соның негізінде туған қап-қап анекдот қалдырып, түтін түтетпей, ұл-қыз сүймей, апа-жездесінің қолында дәм-тұзы таусылған Мағзұм.

Сонымен, біз кейіпкеріміздің шашбауын көтеріп, қиян шеттен қазақтың сол кездегі астанасына келіп тұрақтаған нөкерлермен толық таныстық. Кейінгі өмір-тағдырларынан да қысқаша мәлімет бердік. Бұдан түйетініміз – кешегі жалшы бадырақ өзіне Жомарт Алла ғайыптан бере қойған кеңшілік кезінде жинап алған нөкері сойыл соғарлардан емес екен. Күйреуік заманда кәрі ағашқа біткен жемістей әр жерде шашылып қалған жылаулылардан болып шықты. Оның соңынан не шықты, ол әуелі пенделіктің, одан соң тағдырдың ісі дейміз де қоямыз.

Талай жыл өткен соң, шыққан биігінен құлдырап келіп туған жеріне табан тіреген Хасен Интиннің үйіне бас сұғып, кіріп-шыққан жұртты қайран қалдыратын бір жағдаят бар еді. Бұл үйде түгі түсіп, әр жері ойдым-ойдым болған ескі күрең кілем, римше цифрларының әрқайсысы кереқарыс, шынжырына өзінің «туа біткен» кіріне қосымша түрлі-түрлі темір-терсекті артып қойғанына қарамай, жүруден қалып, әбден тұралаған, тегінде меншік үйдің қабырғасынан гөрі әлдебір биік мәртебелі мәжіліс залының төріне лайық, үлкендігі кішігірім жүк сандыққа таяу қақпақты сағаттан және екі кісілік жалпақ темір төсектен өзге көзге түсер ештеңе болмайтын.

Сонымен, күні кеше ел аузында ертегі болған, бұл күнде «жә» деген сауда мекемесін басқарып, кешегінің дүмпуімен ауданның ақсүйектерінен, реті келсе, бірінші басшының өзінен асыра сөйлейтін бұл жұмбақ адамның дабыра-дақпырты мен жадау демей-ақ қояйық, қоңырқай тірлігінің арасынан үйлестік таба алмай, біреулер «Ен дүниенің ортасында жүріп еншісінен құр қалған бұл неғылған адам?» деп бас қатырып жатса, енді біреулер баяғы үйреншікті әдетпен «Адал ғой. Алла адалға береді ғой» дейтін де қоятын.

Әлбетте, оның құр қалған еншісі жалғыз бұл ғана емес екенін екінің бірі біле берген жоқ. Аз ба, көп пе, біраз жыл үкіметтің кезіндегі ақ ордасында, әр облыс, ауданның әртүрлі мәртебелі орындарында қызмет еткен өзі де, мәдениет мекемесінде Сара Есовамен қызметтес болды делінетін бәйбішесі Нүрзипа да баяғыда ауылдан әліпті таяқ екен деп білмей аттанған қалпында қайта оралыпты. Мұны біз енжарлықтан емес шығар деп топшылаймыз. Білімге қабілеттің тапшылығынан да болмас. Ежелгі /әлі де қала қоймаған/ білім кітапта емес, жүректе, санаңа Алла жаққан шырақта деп ұғатын қазақы түсініктен болуы ғажап емес.

Әйткенмен, бұл кісі жөніндегі ел аузындағы дақпырт құр дабыра емес екенін дәлелдеудің «сәті» өзінен-өзі келе кетті. Бір жылы, үлкендердің айтуынша, ауданның тоғыз колхозының бастығы, бәлкім, одан да көп ірілі-уақты мекеме басшылары жауапқа тартылып, қойдай қосақталып, бәлен жылды арқалап кете бергенде, біздің кейіпкер ол тәлкекке көне қоймаған. Тұп-тура Мәскеудің өзінен бірақ шығып, естуімізше, Демичев деген мықтының араласуымен ат мойнына кетіп ауып бара жатқан ерін түзетіп алған.

Әрине, бұдан соң қызметке біражола «хош» деді. Бірақ өзгелердей тар есікке кірген жоқ, тар жердің ащы дәмін татқан жоқ. Жол көргеннің тағы бір пайдасы сол – ретін тауып құжаттағы жасына бірер жас қостырып, зейнетақы мәселесін жөніне келтірді.

Кейіпкеріміздің кісілік бейнесін аша түсуге жарайтын енді не қалды? Бастағы бақ бір күнде «хош» деп қол бұлғап өте шыққан соң кеше тәж киіп, таққа мінбесем де, елдің аузында жүрген атағым дардай адам едім ғой деп бәлденген жоқ. Ауылға барып қой бақты. Күрек алып, бақша салды. Ақыры, ауданның «ақ үйінің» есігінде күзетші /вахтер/ болды. Арасында, жоқ, арасында емес, үнемі келелі жиын, ресми мәжілістерде ескі әдетпен сөз алып, мінберге шығып, кейінгілерге «үстірік» /инструкция/ бере жүруді ұмытқан жоқ.

Бұтабай шерткен «Кеңес» күйі

Осы жерде бұл кісі жөніндегі аздап ұзаңқырап кеткен хикаямызды үзе тұрайық. Өйткені, қаламымыздың ұшына кезек күтіп тұрған енді бір құдамыз бар ғой.

Аты-жөні – Босқынбай Тастағанов. Амал жоқ, бұл кісі жөнінде көсілтіп ештеңе айта алмаймыз. Ана құдамыздай өзінің мифтік, поэтикалық портретін жасауға ұмтылмаған. Сондықтан соңынан еріп жүрген қызықты хикая, қым-қуыт алыпқашты әңгіме де жоқ. Мал баққан. Оза шауып бәйге алмағанмен, шаң қауып артта да қалмаған. Жалпыға ортақ, жаппай илеген терінің бір пұшпағын өз әлінше, бірақ иін қандыра, уқалай білген.

Арғы атасы Тайтүгел Сауыр таудың жылға-жылғасынан құралып келіп, Кішітауды қақ жара құлап аққан Үйденеден жырып, көсіліп жатқан кең далаға тоғам тартқан. Егін салып, ақ патшаның сол кезде жаңа келіп орныққан шекара әскерінің мініс атына жем, өзіне астық берген. Сол қызметі үшін ақ патшадан «алтын тон» деп әсірелеген зерлі шапан киген, түңліктей мақтау қағаз алған.

Уақыт өте тон, «алтын» да болса, тозды. Мақтау қағаз, қазақ үшін құны белгілі, әлдеқайда қалды. Бірақ олардың дақпырты жоғалған жоқ. Кеше рулы елдің мерейін өсіріп, даңқын асырған осы дақпырт «Қызыл үкімет» келіп таққа отырғанда, Тайтүгел ұрпағына қатер болып жабысты. Бас сауғалап Қытай өткеннен басқа амал қалған жоқ. Келесі ұрпақ ол жақта өсіп-жетіп, араға отыз жыл салып қайта бері толқып, аталары Тайтүгел су жүргізіп, жайқалтып егін еккен жерге шаңырақ көтерген.
… Біздің аздап домбыра ұстайтынымызды көріп, Босқынбай құда:

– Бұтабай шерткен «Кеңес» күйін білесіз бе? – деп қалды. Бұрын да әлденеше естіген сұрақ. Бірақ даңқты бабаңның атын, былайша айтқанда, іргелес болса да жат жерде атасы басқа біреудің аузынан естудің жөні бөлек. Ішіміз жылып қалды.

– Бүтекең ол күйді әлдеқалай қиын мәселенің шешуін іздеп толғанғанда шертеді екен, – деді құдамыз. Онан соң бұл кісіге қатысты бұрын біздің құлаққа тие қоймаған бір хикаяны жеңіл әзілмен тігісін жатқыза айтып берді.

Не дегенмен, мінезі кішік, сырты сыпайы, тіпті биязы дерлік болып көрінгенмен, ішті-тысты, жиған-тергенін тереңінде сақтаған адам. Бұл кісінің әдеби бейнесіне әзір бұдан басқа алып-қосарымыз жоқ.

«Кімсің? Уәкілмін»

Құрметті оқушым, сіз білесіз ғой, қазақтан /әлбетте, біз де соның біріміз/ әкесінің атын сұрасаң, жеті атасынан бері қозғайтын әдет бар. Осыған сәйкес, манадан бері айтылып жатқанның бәрі біздің қағазға түсірмек әңгімеміздің әлқиссасы ғана екенін ескертеміз. Енді оның негізгі желісіне көшу үшін Кішкенетау Жеменейден өркеш-өркеш Тарбағатайға қайта ораламыз және біраз жылға, атап айтқанда, кеңес үкіметі орныққан, кәмпеске, ұжымдастыру дүрбелеңдері күшіне әзір кіре қоймаған, халыққа біраз тыныс берген жаңа экономикалық саясат /НЭП/ тозығы жетіп, тігісінен бой-бой болып сөгіліп, Хасен Интин енді ғана «бидібижен» атанып іске кірісе бастаған кезге шегінеміз.

Сонымен, «бидібижен» атанды. Тұрақты қызмет орны жоқ. Барып кел, көріп кел, біліп кел. Помещик Крешкеден мұның айырмасы сол, онда аз да болса келісімді еңбекақы болушы еді, мұнда ол жоқ. Әйтеуір үкімет астына ат берді. Меншігің болмағанмен аяқалғау, ол да аз олжа емес. Кім біледі арғы жағы қалай боларын.

Бір күні мұны бастық шақырды. Ең үлкен бастық емес. Бұған «сатроднік» атанып қазынадан еңбек алғандардың бәрі бастық. Солардың бірі. Атын атамай-ақ қояйық. Негізгі кейіпкер емес қой.

Мына іргеде Мойын деген жерде өзінің күзеулігінде отырған Бабақанның ауылына жұмсады. Онда не істеймін? Ештеңе істемейсің. Кімсің десе, уәкілмін дейсің. Екі-үш күн сонда боласың. Бабақан, сәбәкі, Қызылқайыңдағы тоғастармен астасып Қытай аспақ деген сөз бар. Сол есіңде болсын. Біз бірер күнде хабарласамыз.

Келді айтқан жерге. Кімсің? Уәкілмін. Уәкілді дәулетті ауылдың салтымен жеке тігілген қонақ үйге түсірді. Күтті. Азанда сол жеке үйде жылытып әкелген кештен қалған ет пен шай. Түстікке, ол да сонда – жас қуырдақ. Кешкілікке қонақасына үлкен үйге шақырады. Күнде осы. Күндіз зеріккенде, атқа мініп біруақ серуендеп келеді. Билік өзінде. Былай қарасаң, мұның өз басына ғана емес, мына ақсүйек дәулетті ауылға да көрінер-көрінбес билігі бар сияқты. Сыртқа шығармағанмен, мұның іште жатқан аз-кем буы жоқ емес.

Осы жерде сәл-пәл аял жасап, санамызға әбден сіңіп қалыптасып қалған бір мәселені әл-шамамызға қарай елеп-екшеп алсақ. Кешегі тап жауы делініп тамырына балта шабылған, оған дейін мыңғыртып мал ұстап, жалғанды жалпағынан басқан қазақтың байларының бейнесі біздің көзімізге бүгін қандай болып елестейді?

Қытайға қараған арғы бетте бес ұлы, жалғыз қызы, бес мың жылқысы, есепсіз ұсағы бар байдың қызын алып, күйеу болған кісінің әңгімесін естіп едік. Ол кісінің сөзіне қарағанда, осынша дәулет біткен қайын атасының көргені таза бейнет. Далада ақ қар, көк мұзда туып қалған, шаранасы кеппеген, әлі аяқтанбаған қозы-лаққа лықа толы бір қоржынды өңгеріп, енді бірін бөктеріп, бір-екеуін қолтыққа қысып, малшы-жалшыларынан қалыспай ертеден кешке дейін тасып кеп жүргені. Өзге уақытта да бейнетке себеп жетерлік.

Ол ол ма, екі мың түйесін түстеп таныған, әрбірінің атын /кличкасын/ жаңылмай есте ұстады десетін атақты Бабыр мал ішінде ауырғанын, мертіккенін патша басымен өзі емдепті. Бұдан шығатын қорытынды: мал мен дәулет әркімге біте бермейді. Мұны пұл деп қана емес, тағдырдың саған аманат етіп тапсырған, тілсіз де болса жан иесі деп ұстаған, құны мен қадірін білген адамға ғана бітеді екен.

Үлкендерден естіген енді бір сөз: маңына ұйыған елін мал мен дәулеттен, тақ пен тәжден артық санап, ет жақын туғанындай бір қалыпты ұстай алған кісіге ғана байлық пен билік түпкілікті баянды болмақ /Байысам, би болсам дегендердің құлағына алтын сырға/.

Бұл айтылғандардың әңгімемізге өз еркінен тыс көлденеңнен келіп қосылған Бабақанға тікелей қатысы жоқ. Себебі, бұл адам жөнінде біз көп ештеңе білмейміз. Жалғыз-ақ білеріміз, Абай айтқан «түсі суық сұрғылт бұлт» түксиіп: «қыстауың дайын ба, үй жылы, қораң сай ма?» деп жанды жағадан алып тұрған қараша мен желтоқсан арасындағы іргеден ызғырық соққан осы қарбалас шақта бұл кісі үйінен таңда аттанып кетеді. Қас қарая, кейде одан да кеш келеді. Сонда ғана жүрісі күдікті, ниеті беймәлім қонағымен бір дастарқан басында тоғысады.

Жөн сұраспайды, тіл қатыспайды. Ортақ әңгіме жоқ. Болуы мүмкін де емес еді. Жалғыз ауыз сөз: «қонақты күтіп жатырмысыңдар?» – дейді бәйбішесіне. «Шаруа көп, қонаққа қарай алмай да «жатырмыз, кемшілік кетіп жатыр», дейді ол кісі сыпайылап. Жоқ, жоқ! Бәрі жақсы, рақмет», дейді бұл. Осымен сөз тәмам. Күнде осы.

Үшінші күні жеті түн ел қалың ұйқыда жатқанда, жіті басқан ат тұяғының дүбірі құлақты тесе үй іргесіне таяп келіп:
– Хасен, бармысың? Шығып кет! – деді бір дауыс.

Біз, әрине, ат дүбірін, келген кісінің дабыстаған сөзін естіп оянған, айтса-айтпаса да өздерінің үкіметтің қырына ілініп жүргенінен хабардар ауыл иелерінің не күйде болғанын білмейміз. Бірақ ауылға уәкіл келіп орныққаннан бері іштей күтіп жүрген бір қатердің төніп келгенін сезгені сөзсіз. Сақтай гөр, Алла! Пәледен қақ!
Келген кісі уәкілді жекелеп алып шығып:

– Ертең түнде келеміз. Дайын бол. Атың белдеуде болсын. Ұйықтап қалма, – деді де қайтып кетті. Енді осыған дейін бейғамдау жүрген біздің бас кейіпкеріміздің көңіліне қауіп кірді. Бұл не? Арты қалай болады?

Ертеңінде кешке киімшең жатқан. Ұйқы жеңіп, қатып қалыпты. Екі адамның айғайласқан дауысынан оянды, жедел сыртқа шықты. Келгендер үшеу. Оның бірі – Бабақанға ат үстінен түлкі алатын бүркітше төнген үлкен бастық:
– Мінгес атқа! Мін қазір! Бізбен бірге жүресің!

Анау үшін бұл талап дәлелсіз. Жеті түнде қайда, неге жүрмек? Үкіметке қылмысы жоқ. Салықты уақтылы төлеп отыр. Қағазы сақтаулы, ертең күндіз әкеліп көрсетеді. «Жоқ, қазір жүресің! Мінгес!». «Жаяу қайтам ба, өз атыма мінейін. Міне ғана тұр», – деп тал қармайды тағдыры қыл үстінде, қылыштың жүзінде тұрғанын сезе бастаған бейбақ. «Жоқ! Мінгес!». Заман, билік, күш, қару – бәрі ананың қолында. Түбінде ат көтіне мініп, бұрын басқа түспеген, түсер деп ойға да алмаған бұл қорлыққа көнбеске шара қалмады.

– Әкесін мінгестіріп әкетіп бара жатқанда бір қыз бала қараңғы түнді қақ айырып, жан дауысы шығып, «көкелеп» шырқырап жылады. Төбе құйқам шымырлады, – депті Интин Хасен осыдан елу жыл өткенде. Түсі суық бөтен адамдар түнделетіп текке жүрмегенін сәби жүрек сезген ғой.
Осы түнгі оқиғаның басы-қасында болған екі адамның екі жеке, бірақ бір-бірімен келісіп алғандай, айтуынша, үлкен бастық ауылдан шығар-шықпас ер үстінде бір жамбастап отырып ап, тұтқынының бетіне аузын төсей төне түсіп, содан жол ортасында көлденең жатқан қыратқа шыққанға дейін қанды қайнататын, еттен өтетін, сүйекке жететін, өтті жаратын, ер жігітті ұрысуға емес, өлісуге апаратын сөздермен сыбап тілдеген де отырған.
Тұтқын болса, тістеніп, тәуір-ақ шыдап баққан. Тек бір кезекте тіл қатып:

– Әй! – деген ананың атын атамай, – Мен ақыры сенің қолыңа түстім ғой. Не істеймін десең – еркің. Былапыт сөзбен аузыңды былғап қайтесің!
Анау бұрынғыдан бетер өршіген. Ақырында, «көкелеп» шырқырап қалған кішкене қызын адам аузы бармайтын лас сөзбен ауызға алғанда, Бабақан барыстай атылып барып бастықтың жағасынан ала түскен. Екеуі жұлқысып, ат үстінен сыпырылып түсіп, ұмар-жұмар алыса түрегелгенде, бастық, күні бұрын дайын ұстап отырса керек, пистолетпен басып салған.

– Міне, көрдіңдер ме? – деген сонан соң ентігін әзер басып. – Көпе-көрнеу мені өлтірмек болды!..

Билік бар жерде бәрі бар

… – Қытайдың жаңа кәмөнестік үкіметі келгенде, мені кедей деп жұмысқа тартты, – деді ана құдамыз. – Алғашқы тапсырманың бірі – Таңғыттың аулына жұмсады.

Осы жерде екі нәрсені еске саламыз. Бірінші: Таңғыт Еңсеұлы – Тарбағатайдың арғы бетіндегі жұмық елін қытай үкіметі берген билікпен, мүмкін соның заңымен, көп жыл билеген басшысы. Екінші: бұл құдамыздың осыдан былайғы әңгімесі ана құдамыздан аз-кем өзгерістермен көшіріп алғандай.
– Қонақ үйге түстім, – дейді Босқынбай құда. – Күндіз сондамын. Кешкі қонақасыға Таңғыттың дастарқанына шақырады. Тіл қатып менімен сөйлеспейді. Тек келіндеріне қаратып:
– Қонақты күтіңдер! – дейді де қояды. Сонымен сөз тәмам. Бәйек болып жататын келіндері ғана:
– Алыңыз! Ішіңіз, жеңіз! – Жағдайдың бұдан былай қалай болары менің қолымда деп ойлайды.

Таңғыттың ұлы Мұқаштың менімен жұлдызы қарсы. Ауылда бола қалса, қағыта, тиісе сөйлейді. Қолына берсе түтіп жіберуге дайын. – Тиме оған, – деп тиып тастайды ондайда әкесі. – Ол да өз еркімен жүрген жоқ.

Үшінші күні ауылдың шетіне ескі, шарқ-шұрқ еткен жүк мәшине келіп тоқтай қалды. Одан бір топ әскер қарғып түсіп, екі жерде пүлемөт құрып, бір тізелеп отыра қалысты. Олармен қарсыласайын деп жатқан ешкім жоқ, әншейін абайқорқыт, күш көрсету, үрей туғызу.
Сонан соң Таңғытты киіз үй ішінде киіндіріп, мылтық кезенген екі әскер алдыға салып алып шықты. Кәрі атасы түсі суық біреулердің айдауында мәшинеге қарай беттегенде, бір қыз бала «аталап», шырқырап қатты жылады. Төбе құйқам шымырлады. Сол құлағымнан әлі кетпейді…
Босқынбай құданың айтуынша, бұдан кейін Таңғытты ауыл-ауылды аралатып, жан-жақтан ел жинап, өмір бойы барлық жасаған «қылмысын» ортаға салған. Оның бәрін жіпке тізгендей санап беретін күні бұрын дайындап қойған куәлер қай жерде болсын табылады ғой. Ең соңында:
– Мойындаймысың осы айтылғандарды? – дейді жауапкерге.

– Мен елу жыл ел биледім, – деп жауап береді Таңғыт. – Билік бар жерде әділетсіздік бар. Кім біледі, болса болған шығар. Қайсы бірі есте тұр.
Бір жерде біреулер ұлы Мұқашты қаралай сөйлегенде:

– Тимеңдер оған! – депті әкесі. – Ел билеген Мұқаш емес, мен! Бәріне мен жауап беремін! Мұқашты ауызға алмаңдар.
Енді бір егделеніп қалған көкайыл әйел тегінде әйел заты мен ер адамның арасында болатын белгілі мәселеге қатысты кезінде мына жауапкерден көрген қорлық-зорлығын жұлқынып айта бастағанда:

– Түу, бәтшағар, – деп тиып тастапты. – Осыны не бетіңмен сөз деп айтып тұрсың осынша елдің алдында!
Құдамызды тыңдап отырып тіліміздің үшіне оралған алғашқы сұрақ мынаған қатысты болды: әуелде қытай елінен оралған ағайындар Еңсе қажы баласы Таңғыт жөнінде: тоқсанға келіп, өзі де өлейін деп есін білмей алжып жатқан шалды екі әскери адам екі қолтығынан сүйеп тұрып атыпты десетін. Бұл қалай?
– Бекер сөз! – деді әншейінде сабырлы Бөсекең жұлып алғандай. Бейне кеше өзі «үкіметке ұстап берген» Таңғыт үшін намыстанып қалған сияқты. – Ел айта береді. Мен көргенде тоқсан жастағы адам буыны берік, кісі көмегінсіз өзі жүреді, өзі тұрады. Сөзі анық және дөп…

… Енді Тарбағатай тауының бергі бетіне өтіп, алғашқы сюжетімізге оралсақ: «үлкен бастық» өзінің құрбандығына не себепті соншама шүйлікті екен?
– Ол кезде ішкі жақтан келген басшылар жергілікті азаматтарды баса билеп алуға ұмтылатын. Бабақан кеудесін ешкімге бастырмайтын ер жігіт еді, – деді сол түнгі оқиғаның басы-қасында болған екі адаммен екі жеке әңгімелесіп, мәселенің анық-қанығына көзі жеткен аталас ағайынымыз. – «Үлкен бастықтың» тізеге салып «сындырып» аламын дегеніне, өзгелердей емес, көнбеген. Қарсыласқан. Содан арада араздық туып, ол ұстасқан кекке айналған. Сонымен жігіт жазым боп кетті.

Бұл сөзді әңгімеге өзек болған осы оқиғаның өткеніне елу жылдан асқанда, өзі де сол жиырмасыншы жылдары атқа мінген, көп жыл ел тізгінін ұстаған ағайынымыз аса бір сақтықпен екеуден-екеу жеке жерде, сыбырға таяу дауыспен құпиялай отырып айтты. Ойлап қарасаң, сонша үркетіндей де ештеңе жоқ. Оқиға, сол сияқты мыңдаған оқиғалар сияқты, уақыттың шаң басқан терең қабатына шөгіп, көзден де, көңілден де ғайып болған. Енді оны тергеп-тексерейін, қудалайын деп отырған ешкім жоқ. Бірақ бастан өткен үрейлі заман аталарымызды қызыл тілді кілттеп ұстауға үйреткен ғой.

Өз еркімен жүрген жоқ

Енді құдаларымыздың басынан өткен, осы жолдардың қағаз бетіне түсуіне себепші болған, бір-біріне екі тамшы судай ұқсас екі сюжетті түйіндеп көрсек.
Оның бірінен бір атаның аты ауызда жүрген кәрісі мына жарық дүниенің онсыз да таяу, бір-ақ қадам жерде тұрған шығар есігінен өз төтелей аттап шыға алмай, құрулы дарағашқа қадам басқанын көрдік.

Екіншісінен қайрат бойда, көрері алда, кемел шаққа енді жеткен азаматтың, әлде жігіт ағасының дауыл ұрған теректей қапелімде құлап түскенін көрдік.
Әлбетте, азды-көпті өмірінде бірде болмаса бірде шалыс басып, қиыс жүрмейтін пенде болмайды. Сөйтсе де, бірі қарт, бірі жас осы екі адамның өз бойындағы ең қымбаты – Жаратушы Алла берген аманат жанымен өтейтіндей кімге жасаған қиянаты, кімнің алдында қылмысы болды, ол бізге жұмбақ. Дүние жаппай қару кезеніп, айнала от шашқан сол алапат заманда құлап түсіп, тарыдай шашылып жатқан әр тағдырды кім таразыға тартып, ағы мен қарасын айырып жатты дейсің.

Айтарымыз бір-ақ сөз: кезенген оқтан сескенбей, еңсесі түсіп иілмей, Абай сөзімен айтсақ, жақсы өліпті-ау, япырмай!
Енді осы оқиғаның басы-қасында болып, оның анық-қанығын бізге жеткізген басты кейіпкерлеріміз жөнінде айтылуға тиісті бірер сөз бар. Бұл кісілер қос құрбандықтың соңғы демінде олардың оққағары болса жақсы еді. Бола алған жоқ. Қалқаны болуға да жарамады. Шынына келсек, дәп сол жерде бола алмас та еді. Жағдай оған жібермейтін. Қолдан келместі талап етіп, шектен шыққан жөн болмас.

Қайта, бірі ол жақта, бірі бұл жақта, жазалаушылардың санатында болмаса да, санында болыпты. Бұл үшін кінәлап, көзге түрткен қалай болады? «Адамды заман билейді, заманға адам күйлейді» делінген жоқ па еді? Ал ол болмаса, көңілде тұрған түйткілден арылып, біражола ақтап алатын қандай жол бар? Айтпақшы, бар ғой ондай жол! Кәрі өмірі найзаның ұшы, алмас қылыштың жүзінде тұрған Таңғыттың өзі іс мәнісін дана көңілмен дөп басып: – «Ол да өз еркімен жүрген жоқ!», – демеді ме?

Ойлап көрсек, шыны солай. Дәп солай! «Өз еркімен жүрген жоқ». Мысалы, көл бетінде мұз ойып, ау сүйреген балықшылар жоғарыдан келген талаппен «бидібижен» деп орталарынан бөліп шығарғанда, одан, ауылдағы шал-кемпірдің сөзімен айтсақ, «ақ киізге орап хан көтергенде», бұдан соң бірте-бірте құлдыратып әкеліп, баяғы бәз қалпына, таз қалпына десе де болады, қайта түсіріп құлата салғанда, Хасен Интиннен «өз еркін» ешкім сұрамапты. Тағдыр айдап, болмаса, жетелеп, қайда апарса, сонда жүрді.

Осы жерде бір жұмбақтың шешуінің ұшы көрініп тұрған сияқты. Өзінің өмір жолы туралы сөз қозғала қалса, оны ертегідегі тазша баланың қисынсыз қырық өтірігіне, Мюнхаузеннің бастан кешкендеріне айналдырып жіберетін партия мен үкіметтің осы құрметті ардагері Бабақанға қатысты әңгімесін ешбір қоспасыз, былайша айтқанда, Әзірет Әлі, айдаћарсыз, қаз-қалпында жеткізіпті. Бұрын ондайы жоқ сияқты еді ғой. Мұны қалай түсінеміз?

Әлде көп жылғы лауазымды қызметінде кездескен, дұрыс-бұрысына, себебі мен салдарына әлі күнге өзінің де көзі анық жетпеген әлгіндей әрекеттер мен оқиғаларды әзір іргесі кеңи қоймаған тар заманда жұрт алдына жайып сала алмай, айналып өту үшін жорта қиял-ғажайып, аңыз, ертегі тіліне көшті ме екен? Анығына енді біздің көзіміз жетпейді.

Осы жерде әлгі бір жоғарыда айтылған сөзді тағы бір тыңдап көрейікші: – Ол да өз еркімен жүрген жоқ. – «Ол да…». Демек, өз еркінен тыс, басқаша айтсақ, еріксіз әрекет жасап жүрген бұлардан басқа тағы біреулер бар болды ғой. Олар кім болды екен?

Бергі беттегі төтенше оқиғаның басы-қасында болған сатродніктер ме? Аржақта пүлемөт құрып, елді шошытқан әскерилер ме? Қанша жыл ел ағасы болған, кеше ғана өздері аузына қараған кәрінің бар «қылмысы» аяқ астынан естеріне түсіп, жарыса сөйлеп, жапырлай ортаға салған, сөйтіп, оны қазулы орға қарай итермелескен атасы бір, бүгінге дейін тағдыры ортақ болып келген көп «куәгер» ме? Әлде тіпті, ноқта өз басыңда болғанмен, шылбыр жаттың қолында, кіндігі бір өз жұрты, ағайын-туысы, өз елін шарасыздықтан бөтеннің сызып берген жол-жоралғысымен сонша жыл билеген Таңғыт Еңсе ұлының дәп өзі болмасын!

Шәкерхан Әзмұханбетов
Өскемен қаласы

Осы айдарда

Back to top button