Әдебиет

ТІКЕНГҮЛ

«Адамның жаратылу мақсаты – гүл ашу». Сүлеймен патша

Дүние дүрлігіп, бір дүдәмал дәуір басталған. Атпал азаматтар «үйелменімізді қалай асыраймыз?» деп сенделіп қалған. Маған жаңа жұмыс алпауыт кәсіпорыннан табылды. Қозы көш жерден көзге түсетін, бұйралана өрілген түтінінің өзі-ақ оның тіршілік иесіне тигізер залалын аңдатқандай. Ал цехтарын көрсеңіз…

Қырсығайын десе – қымыран іриді, қызмет бөлмесі де сол цехтардың бірінен бұйырды. Терезесін ыс басқан, ол аз болғандай (ызғырықтан қорғану үшін) бергі бетінеүлдір шаптаған кабинетім тым жұпыны болатын. Кірген бетте-ақ салым суға кетіп, бәсім басылып қалды. Маңдайшасында «Жөндеу-механикалық цехы» деген жазуы бар көрші ғимараттың ырылы да жүйкені шабақтайды. Қабырғасындағы терліктің көлеміндей темір желдеткіш ығыр қоспақтай ыңыранып, ар жағындағыкөк түтінді бері қарай айдайды. Алғашында кеңсірігім ашығандай болған, үйренбей қайтсін.

Арқалығы сатал-сатал ескі орындыққа сақтана бөксе басып, қырық құрау еденді, тұтқасы жұлынған көнетоз шкафты сүлесоқ сүзіп өттім. Жарық та жылы, жиһазы сызылмаған, тұсқағазы сырылмаған кабинетке үйренген басым… «Басқа қайда барам, жер-жердің бәрі қысқарып жатқанда…» деп өзімді-өзім жұбатып қойдым. Көрші-қолаңды байқастырмақ болып, дәлізге шықтым. Ұзын коридордың басы мен аяғында ғана шам бар. Ал орта тұсы – алакөлеңке. Қос қапталдағы қаз-қатар есіктерге шегеленген тақтайшаларға мен түсіне бермейтін техникалық атаулар жазылыпты. Қағаберіс қалқадан бірдеңе қарауытқандай болды. Еңкейіп қарасам, ернеуі кетілген қыш құмыра. Ішіндегі қарайған кәдімгі кактус екен. Үсік шалған болу керек, тікендері сынып, тіні солған. Арса-арса топырағынан қаңсық иіс шығады. Біртүрлі аяп кеттім. Бөлмеме әкеліп, өрмекшінің торынан арылттым, түбіне су құйдым. Ішімнен «тезірек тірілсе екен» деп тіледім. Керішін қопсытпақ болып едім, қолымды «тістеп» алды. «Баяғыдан бері қайда жүрсің?» дегені шығар…

Иә, менің Тікенгүлмен достастығым осылай басталған.

Қазір ол – біздің үйдің бұласы. Тым кінәмшіл. Бүрлегені де қызық. Төрт немесе алты жылда бір гүлдейді. Мен баққалы бір рет – қырмызы, бір рет – күлгін гүл атты. Шөптің  тілін білетіндердің өзі аң-таң, ілуде бір болатын жағдай көрінеді! Түп мекені де бұл жақ емес, Солтүстік Америка деседі…

***

Жарайды, басынан айтайыншы…

Сөйтіп, Тікенгүл кір бөлмеге екінші рет кірген. Негізі ес білгеннен бері сонда тұрған. Өзінің тиесілі орны да бар – терезеалды тақтайының сол жақ шеті. Қазір ол тақтайды бір кезде еменнен жасалып, лакталған жарақ болған десең, ешкім сенбейді. Самаладай кең бөлмеге өзінше сән беріп тұрған ыдысы қандай еді! Асыл тастармен әшекейленгеніне қарағанда әлдебір ақсүйектің қастерлі құтысы болғандығы көрініп тұр. Топырағының өзі түбіне қиыршықтас салынған шым тезек пен қарашіріктің қоспасы болған. Үй сыпырушы келіншек қана күн сайын сүртіп, қайтадан үйреншікті орнына қоятын. Қысқасы, сырты сүйкімсіздеу демесеңіз, бұл гүлдің әзізі болған!..

Әлі есінде, мұндаалғаш әкелінгенде ол қылауына қыл түспеген, лақтың бүйрегіндей ғана үрпекбастұғын. Жылдар өте толысып, бой тартып, тікендері де қабындап, түбірі қатая түсті.Әйнектің арғы жағындағы тіршілікке де басқаша қараған. Ол жақта – бірдей киінген, әрі-бері ағылған адамдар легі, бірдеңе тиелген автокөліктер. Ал іште ондай емес. Таң ағарып атқанда бөлмеге біреулер кіреді. Сықырлауық орындықтарға жайғасып алып, күні бойы қағаз шимайлайды. Әңгіме соғады, жырқылдап күледі, күн еңкейе шай ішеді. Ақшам жамырамастан төбедегі жарықты жалп еткізіп өшіріп, есікті кілттеп, апыл-ғұпыл жоқ болады. Бұл болса қарайып жалғыз қалады. Онда ұйықтау деген болмайды. Түнімен елегізіп, алаңдап шығады. Әйнектің екі жағы да тым-тырыс. Үні өшпейтін жалғыз жалмауыз – қарсы беттегі желдеткіш қана. Жағы сембейді-ау шіркіннің!

Тікенгүлдің бір қасиеті – адамдардың көңіл-күйін саралап, өзіне сіңіре білетіндігінде еді. Кімнің қай күні қандай райда келгенін іштей бағып отыратын. Бөлме ішінде күлкі көбейсе, бұған да рақат! Ал қыз-қырқынның арасында ұрыс-керіс шықса, тікендері тікірейіп, сотасы тырсылдап, масаты бұзылатын. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ мұнда.

Әлде селтиіп жалғыз тұрғандықтан ба, көзге түскіш өзі. Бөлмеге бөгде біреу кірсе (әсіресе әйел заты), әуелі соған қарайтын. Содан соң жақындап кеп «Ой, мынау – кактустың ерекше түрі ғой, қайдан алғансыңдар?! Бұл гүл атса тіпті әдеміленіп кетеді!» дейтін таңғалып. Ол сөзге Тікенгүл елең ете түсетін. Өзінің қандай екенін адамдардан естіп, марқайып қалатын. Өңі бұрынғыдан да жасылданып, бүршіктері бүрленіп сала беретін ондайда. Бара-бара мақтау сөз көп айтылмайтын болды. Тек «мынаған қашан өскін шығады, кесіп алып, өсіру керек еді» десіп қояды. Тұқымдастарының таптырмайтын түрі болғандықтан ба, қанша жыл өтсе де ол бірде-бір рет гүлдеп көрген емес. Бүйірлеп өскін де шықпайды, түйін де тастамайды. Мүмкін жалғыздықты қалаған болар…

Ол өмірінде көп рет қалғып та көрді. Өз қалауымен емес, қаңырығы түтеген кездерде. Шатырды мұз құрсаулап, қыс түскенде суарылмай қалса, өңі сұрқай тартып, әлсізденіп, еріксіз мызғып кететін. Ал бөлме ішін тымырсық басып, әйнектен жалын ұрғанда қараусыз қалса, тынысы тарылып, діңі босап, сұлқ түсетін. Кейде «осы күйі оянбай қаларма екенмін?» деп те қауіптенетін. Бірақ сіңірі сірі екен, оған да көндігіп алды.

Әлі есінде, бірде апталап аңқасы кепкен. Өлара өтіп, ай ауысқанда әлсірегенін сезді. Сыртта – шілде, іште – қапырық. «Тіпті кірген-шыққан біреу болсашы, қырғын келген бе бұларға?! Қалай болғанда да шыдау керек, әйтпесе лақтырып тастайды! Мені ересен тұқым деді емес пе? Адамдар бірдеңе біледі. Тағы біраз күн… Біреу болмаса, біреу кірер. Кіре сала мен жаққа қарар, өлімші күйімді көрер. Сол үшін сәл тынығып алған дұрыс…».

Қанша ұйықтағанын өзі де білмейді, «Ой, қандай әдемі гүл мынау!» деген дауыстан оянып кетті. Ер адамның қоңыр дауысы. «Осындай керемет экзотиканы қараусыз қалдыра ма екен?!». Әлеуетті қол жасығы тікендерінен аялай сипалады. Одан шыққан жылудан бойына лап етіп қан тарады. Сола бастаған тіндеріне, тарамыстанған тамырларына нәр жүгірді. «Бұрын осында отырғандар тастап кеткен ғой, Мейірім Мереевич» деді екінші дауыс. Тікенгүл бұл есімді бірден қағып алды. «Ұмытпау керек, Мейірім!» деді іштей. «Менің құтқарушым осы адам болар, сірә…».

Бақытына қарай бөлменің жаңа қожайыны гүл атаулыны жақсы көретін адам болып шықты. Ескі қышкөзеден шығарып алып, қарашірік толтырылған кәрлен сауытқа отырғызды. Судан да тарықтырмайды. Бұрынғы жәннат бағы қайта оралғандай. Бұл енді оның әр қадамын қалт етпей қадағалап отыратын болды. Есік тықыр ете түссе, елеңдеп тұрады. Ол қуанса, бұл да жайдары. Ол мұңайған күні Тікенгүлде маза жоқ. Бұрынғыдай емес, бойын тіктеп алды. Сабағы жасылданып, сояуларының түбірі қызғылт тартып, ұзара түсті.

***

Өмір кейде ойламаған жерде қиыс кетеді.

Мәңгілік ештеңе жоқ бұл фәниде, бәрі өткінші! Гүл екеш гүлге де…

Күндердің күнінде қожасының көңілінен бір беймазалық сезген. Аққұба жүзін мұң кіреукелеп, жағын таянып, ойға батып отырғаны. Елдің соңынан қалып, терезе алдына келеді. Гүл отырғызылған гәрденді өзіне қарай жылжытып алады да күбірлеп бірдеңе айтады. Бір күні оның сөздерін анық естіді. «Білесің бе, достым, сендер өте ұқсассыңдар», – деді ол кактустың сояудай инелерін аялай сипап тұрып. – «Ол да сен сияқты сүйкімді, еркін және өзгелерге мүлде ұқсамайтын дегдар жан. Тіпті мінездерің де бірдей. Мынау сенің тікендеріңдей кірпіктерінің ар жағында көп адам елеп-ескере бермейтін өзгеше бір сиқыр бар! Жұмбақ сыр бар! Бірақ ол мені көзіне де ілмейді! Бар көңілі – көрші цехтағы мастерде. Ол деген нағыз сужұқпас алаяқтың өзі емес пе, алдап кетеді ғой! Алданады ғой! Өкінеді ғой!..».

Төбесіндегі орайға ап-ащы, ып-ыстық жас тамып кетті. Екеуі де селк етті. Сол жалғыз тамшы Тікенгүлдің тұла бойын күйдіріп кеткендей болды. Жүрегі атқалақтап, жоны ысыды. Ол өсімдік атаулыда жүрек қайдан болсын деп ойлайтын, қателесіпті. Қожайыны көзін сүртіп, теріс айналды. Иіні босаған күйі шығып кетті.

Сол күннен бастап Мейірімнің бұл бөлмеге келуі сиреді. Сағыныштан Тікенгүлдің собығы саржағал тартты. Анда-санда әлдебіреу құйып кететін суды да тұшынып сіңірмейді. Әсіресе бөлмедегі қыз-келіншектердің ол туралы өсегі өлтіріп барады. «Махаббатқа осал» дейді. «Одан басқа қыз құрып қап па? Бір сүйсе ақыл-есінен айырылып қалатын дәндәку екен» дейді. Ал Тікенгүл болса, соның бәрін естіп отырады. Дауласарға дәрмен жоқ, зығырданы қайнайды.

… Бүгін оның жұмысқа келмегеніне тұп-тура екі апта. Мұндағылардың сөзінен ұққаны – кетіп қалыпты. Америка асып кетіпті! Қашан қайтатынын ешкім білмейді. Төбесінен жай түскендей болды. Енді ешкім күн сайын аймалай өбектеп, мейірімін төкпейді. Әуелі тікендерін шаң басты. Бара-бара діңіде ыстанып кетті. Түсі оңып, сотасын бойлай тарам-тарам әжім пайда болды.

Бірақ ол ондай ұсақ-түйек өзгерісті елеген де жоқ. Бүкіл есіл-дерті тереңнен қабындап келе жатқан басқа бір құпия өзгеріске, ұлы өзгеріске ауған. Ол оны тілі болса да тіс жарып ешкімге айтпас еді…

Сенесіз бе, жас тамған жерде алдымен көбелектің көзіндей дақ пайда болған. Сосын маржандайтүйнек күндіз-түні мазасын алып, милығын керіп, ұлғая берді. Бір күні таң алдында торғайдың тіліндей қоңырқай зат жұп-жұқа балауса қабығын тесіп шықты. Әу баста есеңгіреп қалған. Есін жиса – тас төбесіндебір шөкім гүл жайнап тұр! Түксиген қалыңтікен ортасындағы сұлулықты көргеніңіз бар ма? Әдемілігін айтып жеткізу мүмкін емес! Құдай-ау, тұп-тура үрлеген шоқтай!

Жұмысқа келген қыздар күрең қызыл күлтелердібірден байқады. «О, қараңдар, біздің кактус гүл жарыпты! Өмірінде бірінші рет!» деп таңдай қағысып жатты.

Ал Тікенгүл болса, мынау жарық дүниедегі арзу арманының орындалғанын түйсінді. Күндердің күнінде осы қауашақтан басқа тұқымның пайда болатынын, өзінен аумайтын айрықша дәнектің бүршік атып, қауыз ашатынын түсінді. «Олар да менің көргенімді көріп, Махаббат, Мейірім деген мұғжиза сезімдердің құдіретін басынан кешер! Елеусіз, ескерусіз қалмас» деп түйді. Бойы балбырап, тамырлары тарамдалып, ғажайбат күйге бөленді. Жарқыраған қымбат ваза ішінде жалғыз қалмай, өмірінің жалғас табарын ойлағанда күңгірт бөлме нұрланып сала берген!..

***

… Жер атты алып планетаның басқа қиырында шырт ұйқыда жатқан Мейірімнің түсіне кактус кірген. Түн ортасында оянып алды. «Тікенгүл!.. Қараусыз қалды-ау, ә! Мен барғанша өлмесе екен!».

Таң ағарып атқанда апыл-ғұпыл жиналып, әуежайға тартты…

Жұмағазы ИГІСІН,

журналист

 

 

Осы айдарда

Back to top button