Әдебиет

БАРАМ, АПА, КӨКТЕМДЕ

Бір күншілік жол жүріп келіп кеденге тоқтаған жолаушыларды тасымалдайтын халықаралық қатынас көлігінің есігі ашыла сала адамдар сыртқа шығуға ыңғайлана бастаған. Автобустың кереуетінде шырт ұйқыда  жатқан ақсақалды қарт әжей  «Тұр, тұр, кеденге жеттік, қазір паспорттарымызды тексереді, даярлан», – деп оятты.  Жүзі  ақсары әжей оны-мұнысын реттеп,  ақсақалмен бірге  сыртқа шықты.

Адамдар әлденеден кешігетіндей, жүрістерін жылдамдата кеденнің ішіне қарай ағылды. Мұздай қаруланған солдаттардың тек кірпіктері ғана қимылдап тұрғандай, артық сөз, бөгде қимыл жоқ, қаққан қазықтай қаздиып тұр. Ақ қолғап киген қолдарымен әбжіл қимылдап  кіретін бағытты нұсқап, терезені көрсетуде. Жастар жағы үлкенге ізет танытып,  бірінші кезекті сол кісілерге беріп, өздері кейін шегінді.  Ақсақал азаматтардың мұнысына дән риза болып алғысын жаудырып-ақ  жатыр.

Паспорт тексеретін терезенің ар жағында отырған жас келіншек тексеруді тездетіп жасауға кірісіп, қолы алдындағы пернетақтаның үстінде жорғалай бастады. Келіншектің алдындағы көк жәшікте қарттың жасы 75-ті көрсетіп тұр. Қызыл  мөр басылған қағазды паспорттың арасына салып,  әлгі жас келіншек алдында жатқан төлқұжатты иелеріне ұсынды. «Жолдарыңыз болсын!», – деп жымиып қояды.

Ақсақал: «Мына мың болғыр, ұлты басқа болса да, қазақ тілінде жатық сөйлейді екен, қандай керемет адам өзі, үкіметте осындай жақсы адамдарды таңдап, жұмысқа орналастырады ғой», – деп қояды.

  • Адам мінезі көркемдігінің арқасында көп көңілінен орын табады екен ғой. Біздің қатын сондай мінезді болса, әй қайдам. Мүмкін емес, – деп жөткірініп қалды кезекте тұрған бір жігіт. Әлгі ақсақал ана жігітке көзінің қиығымен қарап бірдеңе айтқысы келді де, үндемей жүріп кетті. Қос иығынан дем алған көнетоз автобус күн батуға шақ қалғанда Сайран жолаушылар бекетіне келіп тоқтады. Туысқандарын күтіп тұрған кісілердің қарасының көптігі сонша, біреуді-біреу танымайды. Манағы жігіт біз айтқан ақсақалдың күйеубаласы екенін жерге түскенде ғана барып білдік. Бидай өңді, биязы келіншек келіп ата-анасының мойнына асылып аман-саулығын сұрап, күйеуіне қарап: «Дәл уақытын неге айтпайсың, күткенім сонша, жаурап қалдым», – деп жатыр еркелей сөйлеп.

Біз пақырды күтіп тұрған ешкім жоқ, салт атты сабау қамшылымыз. Ақсақал терең күрсінді, ішкі жан-дүниесінің тас-талқан болғанын сол ауыр күрсінісінен аңғарғандай болдық. Ата топырағына аман-есен табан тигізгеніне қуанды ма, кім білсін. Кеңкілдеп жылап жіберді. Ешкімге білдіргісі келмесе де, жүректің қыстығуы, көкірекке тығылған өксік алып денесін солқылдатып, кемсеңдетіп жіберді. Біз уәделескен такси белгілі себептермен кешіккендіктен, сол көріністің барлығына куә болдық. Содан ақсақал өмірдің мәні мен сәні туралы кеңесін қозғады. Бағып-қағып жеткізген ұрпақтың қартайып хал кеткенде қайырымсыз болмауы үшін не істеу керектігін айтты. Қазақ даласының әр шымшым топырағының, әр тал шөбінің өзі жанға дәру екенін айтқанда тебіренбей тыңдау мүмкін емес. «Өміріме дән ризамын. Құдайдың қуатында еліме жеттім. Енді өлсем арманым жоқ», – деп жан сарайын ақтарды.  Біз қаумалап ақсақалды дәмханаға апарғымыз келіп еді, күн кеш болғандықтан ыңғайсызданды ғой деймін, баруға келісім бермеді. Келіні шетел маркалы көлігіне отырғызып, қампайған қоржынын жүк салғышқа салып зыр ете қалды. Сол түні сол ақсақалды ойлап, қарадай тыншым кетіп, кірпік айқастыра алмадым.

«Бізде ата-анамыз алыстан ат арытып келсе, осылай қарсы ала аламыз ба», – деген мұздай суық сұрақ көкірегімді қарс айырды. Сол бір  қорқыныштардың кесірінен жасы жетпістен асқан өлмелі қарт әке-шешем Алтайдың арғы бетінде, ысқырған қызыл желдің өтінде қалды.   Тұрмыстан қорықпай сол кісілерді ертеректе көшіріп алғанымызда, бүгінгі дәрменсіз жағдай болмас еді ғой, әттең! Шіркін.

Таңнан оң  жақ кеуде тұсым тағы қысты, екі көзден мөлт етіп тамған ыстық жасты қасымдағыларға көрсеткім келмеді.  Алтайдың арғы бетінде бұғауда қалған қартайған әке-шешемнің халін ойладым. Анам сырқаттанып емханаға түсіпті,  созылмалы сырқатпен алысқанына 20 жыл болды.  Барам апа, көктемде, жазда, бәлкім, күзде… Дәрменсіз өз майыңа өзің шыжғырылып,  қуырылып,  қолқаңның күшәладай ашуын қайтару оңай ма?  Сол байқұс жүрегіңе жүк саласың,  ол да өз соғысын бұрынғыдай қаға беруден «жалыққан» секілді. Көктемде ғана жүрек дәрігері ескерту жасаған болатын.  Бірақ ешқандай ескерту,  санасы сау адамның сағынышын,  соның ішінде ата-анаға сағынышын баса алмайды екен. Екі балапаным  мен жұмысқа кетсем «әкелеп» ауланы басына көшіріп айғайлап жүреді. Ғасырлық сағынышымның емі солардың кіршіксіз қылықтары мен былдырлаған дауысы.

Көгедай Шәмерханұлы

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button