Қоғам

Біздің автокөліктер шетелдікінен кем емес

Біздің автокөліктер шетелдікінен кем емес


Депутаттар жылдағыдай ел ішіне шығып, кәсіпорындардың ұжымдарымен, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізіп, мемлекеттік бағдарламаларды, жаңадан қабылданған заңнамалық актілерді, Мемлекет басшысының ұстанған саясатын жете түсіндіріп жүр. Кеше «Ақжол» партиясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсембинов аймақтағы алғашқы кездесуін «Азия Авто» АҚ-да өткізді.

Депутат алдымен отандық «Азия Автоның» конвейерден шығарып жатқан көліктерінің соңғы үлгілерімен, шығарылу процесімен танысты. Оған кәсіпорынның соңғы жаңалықтарын зауыт президенті Ерік Сағымбаев айтып берді.

Оның айтуынша, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көлік саны былтырғыдан әлдеқайда артық. Сонымен бірге, Қазақстандағы әрбір төртінші темір тұлпар – осы Өскемендегі «Азия Автоның» конвейерінен шыққан көліктер.

– Біздің зауыт шығарып жатқан көліктерге тұрақты сұраныс бар. Қазақстанның аймақтарына, сонымен қатар, көршілес мемлекеттер – Ресейге, Қытайға, Моңғолияға көліктерімізді сатуға жұмыс істеп жатырмыз. Жеңіл көліктердің, оның ішінде «Ниваның» алғашқы легін Қытай Халық Республикасына сәтті жөнелтіп жатырмыз. Себебі, оларда дәл осы сегментте жеңіл көлік жоқ. Әрі олар жол талғамайтын жүрімділігі жоғары, алды-арты бірдей тартатын «Ниваға» сонау кеңес заманынан қызығушылық танытқан. Енді сол армандарына қол жеткізіп жатқан жайы бар, – дейді Ерік Сағымбаев.

Зауыт серіктестері арасында «Volkswagen Group», «General Motors», «Renault-Nissan-АвтоВАЗ» және «KIA Motors» секілді әлемдік жетекші концерндер бар. Сондай-ақ, «АЗИЯ АВТО» АҚ шығарылатын өнім көлемі жөнінен Қазақстанның ірі машина құрастырушы зауыттарының үштігіне кіреді.

Берік Сәлімжанұлы зауытта Skoda (Fabia, Octavia, Rapid, Superb, Yeti), Chevrolet (Aveo, Captiva, Cruze, Orlando), Lada 4×4, KIA (Ceed, Sorento, Mohave, Cerato, Sportage, Soul, Cadenza, Optima, Picanto, Quoris), тағы да басқа жеңіл машиналардың қалай құрастырылатынын аралап көрді.

Мұнан соң депутат кәсіпорын ұжымымен кездесу өткізіп, Парламент Мәжілісіндегі «Ақжол» демократиялық партиясының алтыншы шақырылымның екінші сессиясы кезеңінде атқарған жұмысының есебін берді. Оның айтуынша, есепті кезеңде Мәжілістің 107 депутаты 280 депутаттық сауал жолдаса, оның 63-ін түрлі тақырыптарда ақжолдық депутаттар көтерген. Бұл әр төртінші сауалды аталмыш партия өкілдерінің жолдағанын аңғартады. Олардың ішінде кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй мәселесі, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығын субсидиялау, жалған кәсіпкерлікпен күрес секілді өзекті мәселелер қамтылған. Өз кезегінде депутат қауырт жұмыс уағында кездесуге уақыт бөлгені және өзара тығыз әріптестігі үшін зауыт басшылығы мен жұмысшыларына ризашылығын білдірді.

– Мен отандық жеңіл көлік шығаратын «Азия Авто» АҚ қызметін бастаған 2005 жылдан бері білемін. Содан бері қолдау танытып келеміз. Фракция отандық авкөлік өндірушілерді лайықты қолдау мәселесін бірнеше мәрте көтерді. Мәселен, мемлекеттік органдар мен шенеуніктер мемлекеттік ақшаға өзіміздікінен 3-4 есе қымбат шетелдік көліктерді сатып алады. Ал отандық көліктер олардан артық болмаса, еш кем түспейді. Өзім де соңғы он жылдан бері отандық Skoda теуіп келемін. Мысалы, жыл басынан бері мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу арқылы 400-ден аса қымбат шетелдік көлік сатып алған. Оның 40 данасы «Ланд Крузер 200», 100-ден астамы «Тойота Камри» көліктері. Бұлай ету салық төлеушілердің ақшасын ысыраптау және мақсатсыз жұмсау деп санаймыз. Шенеуніктер отандық құрастырма тиімсіз әрі сенімсіз деп сылтауратады. Ал шын мәнінде мүлдем олай емес екенін сеніммен айта аламын. Егер қымбат көлік мінгісі келсе, өз ақшасына сатып алсын. Сондықтан бұл мәселе партия арқылы тұрақты бақылауға алынған, – деді депутат.

Бұдан бөлек депутат отандық көліктерді шетел нарығына шығару кәсіпорын жұмысын жаңа белеске көтеретінін атап өтті.

Кездесу барысында Берік Дүйсембинов жұмысшылар сауалдарына да жауап берді. Олардың дені медициналық міндетті сақтандыруға, зейнетақы қорындағы шетел асқан жинақ жарналардың тағдырына қатысты болды. Жиын соңында зауыт президенті Ерік Сағымбаев отандық көлік өндірушілерді, кәсіпкерлерді қолдаудағы белсенді ұстанымы үшін «Ақжол» партиясына ұжым атынан алғыс білдірді.

Берік Сәлімжанұлы облыста 1 тамызға дейін болып, басқа да ірі зауыттардың, кәсіпорындардың жұмысымен, Өскемендегі индустриялық құрылыстардың, «Нұрлы жер» бойынша салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысып, жергілікті полиция қызметінің, әділет департаментінің ұжымдарымен, Шемонайха ауданының тұрғындарымен кездесу өткізбек.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button