Журналистік зерттеу

Бұғы шаруашылығынан бақ тайды ма?

Бұғы шаруашылығынан бақ тайды ма?

Төр Алтайда бұғы басы күн санап азаюда. Бұлай жалғаса берсе, тұтас шаруашылық құрдымға кетуі мүмкін.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, Алтайдың аяулы төліне де ауыр күн туған сияқты. Соңғы жылдары өңірдегі бұғы саны 10 мыңнан 6500 басқа азайыпты. Осы мәселені облыстық мәслихаттың сессиясында депутат Лұқбек Тұмашинов көтерген-ді.

-Бұғы шаруашылығының жерұйығы саналатын Катонқарағайдың өзінде, бұрынғы есеппен айтқанда, бір ғана бөлімшенің бұғысы қалған. Бұлай жалғаса берсе, шаруашылықты сақтап қалудың өзі қиынға соғады, – дейді депутат.

Шығыны шаш етектен, табысы тұрақсыз

Расымен де, осыған дейін бұғы шаруашылығын қалай дамытамыз деген сауал тұрса, бүгін қалай сақтап қаламыз деген мәселе туындап отыр. Оның себебін санамаласақ, бүгуге саусақ жетпей қалуы мүмкін. Сонда да негізгілерін осы жайтқа жан ауыртып жүрген жандардан сұрап білген едік.

Катонқарағай аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереев материалдық-техникалық базаның ескіруі қожалықтарға ес жиғызбай тұрғанын айтады. Бұғыны бесінші түлік десек те, мал емес. Қораға қамап, қолдан ғана жемдеп ұстауға мүлде келмейді. Ол мүйізіндегі нәрді Алтайдың сирек шөптерінен ғана жинайды. Сондықтан текті түлікті тау бөктерінен жүздеген гектар аумақты қоршап, сонда ұстайды. Мұндай қоршауды бұғышылар саты деседі. Сол сатының көбі сонау кеңшарлар кезінен келе жатыр. Жыл сайын жаңалап, аю мен қасқыр енбес үшін жылмақтай қылып ұстау қажет. Ал оны кез келген қожалықтың қалтасы көтере бермейді. Өткенде сатысын салғырт қоршаған екі қожалық бір күнде 300 бас бұғыдан айырылып қалыпты. Босқан бұғының қоршауға енді қайтып енбесі бесенеден белгілі. Осыған ұқсас көптеген шығындар шаруашылықтың адымын шырмауықтай шандып тұр. Қазір бұл салада өзге табыс көзінен қаржы құюға мүмкіндігі барлар мен нағыз фанаттар ғана қалған деуге болады.

Бұғы мүйізінен алатын панты өнімінің бағасы да бұрынғыдай емес. Оны бізге бұғышылар қауымдастығының президенті Нұрлан Тоқтаров айтып берді. Пантының әр келісі 1000 АҚШ долларына бағаланған дәуір келмеске кеткен. Қазір оның бағасы 350-400 доллар шамасында ғана. Өйткені, әлемдік панты нарығында кореялық компаниялардың дегені жүріп тұр. Өнім мен шикізат арасындағы баға айырмашылығының мейлінше елеулі болғаны соларға тиімді. Тіпті, өз брендтерін қалыптастырып үлгерген жаңазеландиялықтар да кәріс компанияларымен санасуға мәжбүр. Елең-алаң шақтарда Алтайдың ен байлығын мүйіз күйінде сатып, дәндеткен өзімізде де кінә жоқ емес.

– Бізге де өз брендімізді қалыптастырып, әлемдік нарыққа өз өнімімізбен енуге болады. Ол үшін халықаралық сертификаттар алып, жарнамалауға қыруар қаржы шығындау қажет. Ондай қаржыны қалт-құлт етіп отырған бұғы шаруашылықтары таба алмайды. Алтай пантысын брендке айналдыруға бағытталған стратегиялық ынта жоқ, – дейді Н.Тоқтаров.

Текті түліктің қаны сұйылып барады

Қолдағы бұғының тұқымы азып бара жатқаны және рас. Соңғы 30 жыл көлемінде бұғы шаруашылықтары қан жаңарту жұмыстарын жүргізбеген. Санының күрт төмендеп, мүйізінің солуына қан тазалығы тікелей әсер етіп тұр. Депутат Лұқбек Тұмашинов саладағы ең өзекті мәселе де осы екенін айтады.

-Менің қолымдағы сенімді дерек бойынша, облыста 5600 бас бұғы қалған. Бұл статистикалық мәлімет емес. Нақты дерек. Осы 5600 бұғының денсаулығы қандай деңгейде екенін ешкім білмейді. Сырттан аталық бұғы әкеліп, қан жаңартпаған соң, түліктің саны да, сапасы да құлдырап келеді. Төл еру көрсеткішінің нашарлауы, маралдардың аналық жасының қысқарып кетуі сынды мәселелер де осы қан тазалығына байланысты, – дейді Л.Тұмашинов.
Кеңшарларда кезінде бұғының қыстамасына деп арнайы азық әзірленетін. Қазір ол жүйе де жойылды. Қожалықтар қыс айларында бұғыны кәдімгі малға беретін азықпен асырауға мәжбүр. Бұл жағдай да бұғының мүйізіндегі нәрге әсер ететін көрінеді.

Маман тапшылығы бұғы шаруашылығында тіптен орасан. Алтайдың кербезін текті түлік деп қастерлей білетін кәнігі бұғышылар некен-саяқ. Шаруашылықтың өзі шатқаятап тұрғанда, білікті маман қайдан тоқтасын?! Ал жас мамандардың таудың түкпірін қойып, аудан орталығында тұрақтағысы жоқ.

– Осы салаға маманданған ветеринардың жоқтығы салдарынан бүгінде қолдағы бұғылардың бойында қандай жасырын дерттер жүргенін біле алмай отырған жайымыз бар. Шетелден турист тартып, пантымен емдеу орталықтарын көбейтеміз дейміз. Олар ертең бұлау мен моншаға түспес бұрын тиісті сертификат сұрайды. Сорпаның құрамы пайдалы екенін дәлелдеп беруіңді талап етеді. Арнайы мамандарсыз, ғылыми зерттеулерсіз ол талаптарды орындау мүмкін емес, – дейді депутат.

Бұғы басына субсидия төленсе…

Осындай қадау-қадау түйткілдер бұғы шаруашылығын күн өткен сайын құрдымға сүйреп барады. Сонда не істемек керек?
Л.Тұмашинов осынау бірегей шаруашылықты сақтап қалу үшін қысқа мерзімде жеміс беретін шараларды ұсынып отыр. Соның бірі – бұғының әр басын бағып-қағуға 20 мың теңгеден субсидия төлеу тәсілі. 5600 басқа шаққанда бұл 112 млн. теңге болмақ.

-АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасында асыл тұқымды бұғы шаруашылықтарына субсидия қарастырылғанымен, оған қол жеткізудің машақаты көп. Палатаға мүшелікке өтіп, асыл тұқымды қожалық екенін растайтын мәртебе ие болу шарт. Бұл субсидия таудағы қожалықтарға жеткенше шаруашылық түгелдей тұралап бітуі мүмкін. Сондықтан біз ұсынып отырған 20 мың теңгелік субсидия шөлдеген адамның аузына су тамызғанмен бірдей әсер беретін болады. Сатыны бүтін ұстау, азық рационын жетілдіру, бұғы тұқымын түрлендіру сияқты жұмыстарға кететін шығынның басым бөлігін осы субсидия жабар еді, – дейді ол.

Пантының косметикалық әлеуетін зерттеу қажет

Бұғы асыраушы кәсіпкерлердің өздері де Алтай пантысының сыртқа сатылуына қарсы. «Өзгеге арзанға бергенше, өзіміздің денсаулығымызды сауықтыруға жұмсау керек» деген түсінік қалыптасып келе жатқаны қуанатын-ақ жайт.

Бұғы шаруашылығынан бақ тайды ма?

-Қазір басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, дәріханаға жүгіреміз. Оның бәрі – шетелдің химиялық дәрілері. Бағасы да удай қымбат. Косметика нарығын түгелдей шетелдік өнімдер жаулап алған. Соның көбін пантыдан дайындалған табиғи өнімдер алмастыра алады. Мемлекет осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға көңіл бөлуі қажет. Ұлт саулығын қалыптастыруға панты өнімдерін пайдаланудың мемлекеттік жүйесі болғанда, Алтайдың пантысы өзімізден аспай қалар еді. Сұраныс деген осы. Шетелге арзан бағамен кеткен панты өңделген дәрі мен косметика ретінде өзімізге қымбатқа келіп жатыр. Мемлекет панты өндірісіне ғылымды жексе, мультипликативті нәтижесін бірден көрер еді, – дейді «Баян» ЖШС директоры Дариға Исабаева.

Сұраныстың жоқтығынан жалғыз «Ақсу-Дэн» кәсіпорнының өзі толық қуатына ене алмай келеді. Бұғышылар қауымдастығы панты өнімін зиянды өндірісте еңбек етушілерге беру тәжірибесін енгізсе деген ұсыныс көтеріп жүр. Алайда, сол ұсыныс сөз жүзінде қалып отыр. Өйткені, панты қаншалықты пайдалы болғанымен, оны кез келген адамның ағзасы сүт пен айран сияқты қабылдай бермейді. Осының барлығын ғылыми негізге салу қажет.

-Панты өнімдері қан қысымы бар адамдарға жақпауы мүмкін. Осы сияқты ерекшеліктері көп. Сондықтан бұл ұсыныстың ғылыми негізі болу керек сияқты. Әзірге біздің компанияға панты өнімдерін рационға енгізу туралы ешбір ұсыныс түскен жоқ, – дейді «Қазминералс» компаниясының корпоративтік байланыс жөніндегі департаментінің өңірлік мэнеджері Ермек Дүзкенев.

Дегенмен, Лұқбек Тұмашинов облыс әкімдігіне жолданған депутаттық сауалында осы мәселені де қамтығанын айтады. Ол сауалда Алматы мен Семей қаласының бірінде бұғыға маманданған ветеринар дайындау мәселесі де айтылған.

-Бұғы шаруашылығы – бірегей сала ғана емес. Оның орталығы үш бірдей мемлекетпен шектесіп жатыр. Бұрын Үлкен Нарын мен Катонқарағайда 56 мың халық болса, қазір 27 мың ғана адам қалған. Сондықтан, ол жақта әрбір жұмыс орнын сақтап қалу маңызды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ Катонқарағай ауылындағы аурухана базасында қазақ медицинасының орталығын құру бастамасы да біріншіден осы мақсатты көздейді. Дәл осы сияқты бұғы шаруашылығын сақтап қалу да – стратегиялық маңызға ие шаруа, – дейді Лұқбек Тұмашинов.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button