Аймақтар аухалы

Бір шақырым жол қаншаға жөнделеді

Бір шақырым жол қаншаға жөнделеді

Мереке күндеріне қарамастан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семейге жұмыс сапары барысында жол жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын назарға алды. Қала басшылығы жол жөнделеді деп сендіргенмен, облыс әкімі бір шақырым жерді жөндеуге қанша қаражат кететіндігін естіп, таңданысын жасырмады.

-Мен сіздерге бірден айтайын, керемет сарапшы болып қажеті жоқ,-деді Даниал АХМЕТОВ, – СНиП құжатымен танысып, Қазақстан Республикасында жолды орташа деңгейде жөндеу құны қанша тұратынын біліп алу керек. Бір шақырым жолдың құнын қанша есеге көбейткендеріңізді білмедім, бірақ, Семей қаласында ені 8 метр жолдың бір шақырымына 80 млн. теңге керек деген бұл тым артық дүние. Өткен жылы Өскеменде дәл осындай жол жөнделді. Облыстық деңгейдегі жолға қанша қаражат жұмсалды, оның барлығы менің қолымда тұр. Сондықтан да бұл мәселені дұрыстап қараңыздар.
Бұл кездесуге қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар да қатысты. Жол жөндеу мекемесіндегілерге облыс басшысы бір шақырым жолдың қанша тұратындығын нақты есептеуді тапсырды.

-Барлығы да шынайы әрі таза болсын,-деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ,-әйтпесе, ертеңгі күні семейліктер «жолды тағы да жөндеді, жарты жыл өтті, жолдың быт-шыты шықты» деп жүрмесін, Осы мәселені анықтап қараңыздар. Әрине, қаражатты керегінше бөлеміз, бірақ қоғамдық бақылау болмаса, бұның құнын ешкім анықтамаса, бұл дұрыс болмайды. Соңында жолдар да дұрыс жөнделмейтін болады.

Бұдан соң облыс әкімі автобус тасымалымен айналысатындарға тоқтады. Оларға екі мәселені ұсынды: жолдарды сапалы жөндеуге атсалысулары және жол қозғалысы кестесін қалыпқа келтіру қажет. Қазіргі уақытта Еуропалық даму және қайта құру банкімен әкімішілік келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Себебі, Семейдің автобус парктеріне 100-ден аса жаңа көлік алу қажет. Сондықтан да жаңа автобустар тек қана жұмыстарын жақсы жағынан көрсеткен тасымал компанияларына берілетін болады.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей

Осы айдарда

Back to top button