Қоғам

Бір ауылда 100- ден асқан қос әже тұрады

Аягөз ауданында 100 жастан асқан қарт адамдардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Солардың екеуі Нарын ауылдық округінде ғұмыр кешіп келеді дегенді естіп, Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында сол кісілермен жүздесіп қайттық.

Жігіттерге \”селт еткізер\” ұсынатынбыз

Бір ауылда 100- ден асқан қос әже тұрады

Күлсағат Жаппарова (жоғарыдағы суретте) 1914 жылы дүниеге келген, қазір жасы – 103-те. Кәрілік еңкейткенмен, жадын өшіре алмаған. Ал Күлжәмила Мұхаметжанова дүние есігін 1913 жылы ашыпты. Екеуінің де жағдайлары жақсы, балаларының қолында тұрып жатқан көрінеді. Біз келгенде Күлсағат кейуана жантайып жатыр екен. Келіні Гүлнар Жаппарова қарт әжені киіндіріп, қолына таяғын ұстатып жетектеп әкеліп, жанымызға отырғызды.
-Ии, айналайындар-ай! Сендерге менің жасымды берсін!-деп қолымыздан сүйді. – Наурыз мерекесімен құттықтап келгендеріңе көп рақмет, құлындарым. Осы Шыңғожа ауылында да Наурыз мерекесін көп болып, жұмылып өткізеді. Кейінгі жылдары кәрілік құрғырдың кесірінен бара алмайтын да болдым. Балалардың қолы босап жатса, әйтеуір, сүйрелеп алып барады. Жас кезімізде көктемнің алғашқы шуағымен келетін мейрамды асыға күтуші едік. Барлық үйлерде наурызкөже пісіріп, қырдағы ел мен ойдағы ел шұрқырасып табысып жататын. Е-е-е, шырағым, жүз жыл да өте шығады екен ғой…Ә-ә, иә, наурыз жайында айтып бер деген екенсің ғой. Онда қазіргідей ешкім де көшеге шығып наурыз-көже үлестірмейді. Әркім өз оты, ошағының басында көжесін пісіріп, көңілін көтеріп жатады. Қыздар жағы жігіттерге «селт еткізер» деген сый ұсынады. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурызкөже дайындалады. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, береке болсын деп ниет еткен. Наурызкөженің де негізі су ғой. Сосын ас дәмдерінің бірі – ет. Ежелден қазақ дастарқанының берекесін ет келтіреді ғой. Наурызкөжеге ет қосылады. «Ұзынсарыға» сақталған сүрі етті қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен тұтастай наурызкөжеге салып қайнатады. Көжеге үшінші – дәм арпаны қосады. Арпамен қоса, тары, күріш сияқты дәнді дақылдар қосылады. Жалпы, наурызкөжеге дәнді дақыл қосудың бір мағынасы – бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деген ниет қой. Сосын көжеге міндетті түрде айран немесе ақ құяды. Бұның да негізінде – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын деген ниет жатады ғой, балам…Қазақтың ұлттық тағамдарына кіретін құрт та көженің дәмін келтіріп, ерекшелендіреді. Кез келген тағамның дәмін тұз келтіреді. Наурызкөжеге де дәм беретін тұз жетінші тағам ретінде қосылады.
Е-е-е, шырағым-ай, ертеректе ауыл-үйдің қатындары өздерімен ыдыс ала жүретін. Сосын әр үйден көже құйып алып, өз үйінің қазанындағы көжеге қосқан. Мұның да арғы жағында дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген ниеттен туған. Шаршап қалдым, қарағым…
Күлсағат әже 17 құрсақ көтерген, бүгінде соның 12-сі тірі. Солардан 45 немере, 71 шөбере, 15 шөпшек көріп отырған бақытты жан.

Ақсақал Әріптен дәріс алған

Бір ауылда 100- ден асқан қос әже тұрады

Ал ауылдың бір жақ шетінде тұратын Күлжәмила Мұхаметжанова (төмендегі суретте) әженің де көзі мен құлағы сау, көкірегі ояу адам екен.
-Ешқандай молда мен мұғалімнің алдын көрген адам емеспін, шырағым,-деді ол бізбен әңгімесінде. -1962 жылы Қытай елінен келдік. Бес құрсақ көтердім, соның екеуі қайтыс болған. Құлатай деген ақсақалым әйгілі Әріп Тәңірбергеновтің алдынан дәріс алған адам болатын. Сол кісі үнемі Әріптің өлеңдерін жатқа айтып отыратын. Мына жолдар менің деесімде қалыпты,- деп әжеміз бірер шумақ өлеңді судырата жөнелді:
Қалдырды қай сарын қазынасын
Жоғалтты сан тату базынасын,
Әркімнің күні толса ажал тұтпақ,
Демейді шеңгелінен жазыласың,
Бозбастық, бозбалалық бәрі қалар,
Меһманы Уәжудің жаныңды алар.
Түсіріп жатқан мамық төсегіңнен
Оң жаққа жалаңаштап жалғыз салар.
Бетіңе шым қоршайды сыртын перде
Жатасың халің жоқ боп пәлен деуге.
Қабірін терең қаз деп кісі жұмсар,
Тағдырда топырағың ұшқан жерде.
Сол кісі айтпақшы, ажал шіркін бізге де жетер. Бізді қойшы, жастар аман болсын деп тілеп отырам үйде.
Менің ақсақалым орысшаны Әріптен, дінді хазіреттен оқыдым деп отыратын марқұм. Ол кісінің де руы Сыбан болатын. Менің арғы тегім Мұрын, одан Мырзас болады, шырағым… Қазір немерем Гауһар Өнебаева мен күйеубалам Қуаттың қолында тұрып жатқан жайым бар. Бірақ біз ол заманда қиыншылықтың қамытын көп кидік қой, қалқам… Оуфф! Әй, Амандық!-деп кенже ұлын шақырды.
Амандық Жаппаров осындағы Шыңғожа батыр атындағы орта мектептің ұстазы, жұбайы Гүлнар Жаппарова да осында математика сабағынан дәріс береді екен. Наурыз-бата деймісің, қарағым? Жай қолыңды!
Құтты болсын, әз-наурыз,
Қазанға толсын сары уыз!
Қайнасын Науырызкөже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Көппен бірге күлімде,
Көбейсін ақ пейілді достарың.
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл қоштығы,
Бекісін елдің достығы.
Шайылсын өкпе, наз, нала,
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін отауы.
Әспеттеп ата дәстүрін
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер
Барыңның дәмді нәрін бер! – деп кейуана бетін сипады.
Нарын ауылдық округінің әкімі Айдар Шайкенов жалпы ауылда Ұлыстың ұлы күні атаусыз өтпейтінін, қарттарға мұнда үнемі жылы қабақ көрсетілетінін айтты.
-Жалпы, ауылда қарттарға деген қамқорлық өте жақсы көрсетіледі. Мәселен, өткен жылы «Уба» санаторийіне 4 жолдама бөлінсе, биыл 6 адам өз денсаулықтарын түзеп қайтты. Үлкен жолдың бойында жатқан біздің ауылымызда Наурыз мерекесі жыл сайын өз деңгейінде өтіп келеді. Осындағы 9 көшенің барша тұрғындары бұл күні қыстан қалған сүр еттерін асып, наурызкөже пісіріп, бір-бірінің үйіне қатынайды. Арнайы комиссия құрылып, олардың дайындығына баға береді, -дейді ол.
Шынында да жыл сайын Ұлыстың ұлы күнін Аягөз ауданының барша халқы ұйымшылдықпен өткізеді.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button