Аймақтар аухалы

Боранда адасқан азамат табылды

Берікхан ТАЙЖІГІТ, Үржар

Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранда жырақтағы қыстақтан мал алып келуге шығып, адасып кеткен азаматты араға бір тәулік салып ауылдастары іздеп тапты.

Үржар ауданы, Қарақол ауылының тұрғыны Жайық Сыдықов өзі тұрған елді мекеннен 20 шақырымдай жердегі қыстақтан бұзаулы сиырын алып келуге салт атпен шығып, ақ түтек боранда адасып қалады. Айнабұлақ қыстағына кеткен Жайықтың үйге оралмағанын естіген ауыл азаматтары жаппай атқа қонады. Ауыл әкімі Марат Мұсабаевтың ұйымдастыруымен бірнеше жігіт сол төңіректі шолуға шығады. Архат Өтепов, Нұржан Қажиахметов, Оралбек Әмірханов, Балқаш Қоңыратов, Данияр Кәрімтаев, Дулат Қасымжанов және басқа да жігіттер бірі «Буран» шанасымен, енді бірі жараулы аттарымен төңіректі шола жүріп адасқан жігітті ертеңінде Орысқазған қыстағынан тапты. Осылайша ауыл азаматтары өздерінің ұйымшылдығының арқасында жерлестерін қатал қыстың шеңгелінен аман алып қалды.

Осы айдарда

Back to top button