Білім

Болашаққа қадам бүгіннен басталады

 Болашаққа қадам бүгіннен басталады

Өскеменде «ІТ-білім – болашаққа қадам» 5-ші ІТ-фестивалі өтті. Осынау ауқымды шараға Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер арнайы қатысты.

Қазір жаңа технологиялар заманы. Әсіресе, IT саласы өте қарқынды жылдамдықпен дамуда. Осыдан он-он бес жыл бұрын ұялы телефонның мүмкіндігі мұншалықты ауқымды болатынын тіпті көзге елестете алмайтын едік. Ал бүгін оның бәрі шындыққа айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, IT фестивальды өткізудің мақсаты – білім саласындағы жаңа инновациялық технологияларды ұсыну және талқылау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану кезінде пән мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру, оқушыларды ғылыми-техникалық шығармашылыққа баулуда тәжірибемен алмасу және ақпараттық технологияларды қолдану кезінде озық педагогикалық тәжірибені кеңейту. Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрме барысында «Болашақ энергиясы», «Ғылыммен болашаққа»,«Жалпыға бірдей білім», «Мектеп-ЖОО», «Бағдарламалау», «Мэйкерлік» секілді алты сектор жұмыс істеді. Мысалы, «Ғылыммен болашаққа» секторында болашақта кеңінен пайдаланылатын құрылғылар мен жаңа технологиялар, депрессияға қарсы өсімдіктен бастап қолдың протезіне дейінгі оқушылардың жасаған өнімдері қойылса, «Мектеп -ЖОО» секторында мектеп оқушыларының жоғары оқу орындары мамандарымен бірлесе әзірлеген ғылыми жобалары ұсынылды. Ал «Мэйкерлік» деп аталатын секторда «ақылды» технологиялар жинақталыпты. Көрмеге өңірдегі 70-тен астам оқушының ғылыми жобалары қойылыпты. Фестивальға қатысушыларды Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер құттықтап, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Шығыс Қазақстанның әрқашан креативті ойлауды дамытудың орталығы болып келе жатқанын жеткізді.

– IT-фестиваль – бұл өте қажет және маңызды шара. Осындай шараларға қатысу арқылы біздің балаларымыздың шығармашылық әлеуеті артады. Біз болашағымызды сеніп тапсыратын зияткер ұрпақты қазірден бастап дайындауымыз қажет. Бұл – болашаққа жасалған қадам, – деген Шер фестивальға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, салтанатты шарада облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмаділова да сөз алып, фестиваль аясында ұйымдастырылған көрмені ЭКСПО-2017 көрмесінің бастамасы деп бағалады.

Сонымен қатар, фестивальға қатысушыларды онлайн режимінде қазақстандық ғарышкер, халық қаһарманы, әскери әуе күштерінің генерал-майоры Айдын Айымбетов та құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Бір атап айтарлығы, осынау шара аясында Өскеменде облыс оқушыларының арасында 3Д-үлгілеу, жобалау және мультимедиялық журналистикадан «3Д-Alem» чемпионаты да өткізілген болатын. Облыстағы мектеп оқушыларының шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау, дарынды және ынталы оқушыларды анықтау, олардың қабілеттерін ары қарай дамытуда қолдау көрсету, техникалық құрылғылармен жұмыс жасау дағдыларын дамыту мақсатында өткізілген чемпионатқа «10+» және «14+» жас ерекшеліктері бойынша өңірдің қалалары мен аудандарынан 20 команда қатысты. Фестиваль шеңберінде осынау чемпионаттың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жас ерекшелігі «10+» командалардың арасында Риддер қаласындағы №1 мектептің оқушылары үздік деп танылып, бірінші орынға ие болса, «14+» командалардың арасында бірінші орын Шемонайха ауданындағы Н.Островский атындағы мектептің ұландарына бұйырды.

Сонымен қатар, семейлік Жанар Арғымбаева облыс педагогтары арасында өткен «Болашаққа қадам» байқауының жеңімпазы атанса, облыстық Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектептің веб-сайты «Білім беру ұйымдары арасындағы үздік веб-сайт» байқауының жеңімпазы атанды.
Фестивальдың жұмысы аясында қатысушылар интерактивті дауыс терминалдарының көмегімен «Көрермендер көзайымы» мен «Үздік IT-жоба» аталымының жеңімпаздарын анықтады. Дауыс беру нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Владислав Лахноның «ақылды жылыжай» жобасы «Үздік IT-жоба» аталымына, ал Семей қаласындағы №47 мектептің 8-ші сынып оқушысы Ермек Садуақасов «Көрермендер көзайымы» аталымына ие болды.

Менің ойға алған жоспарларым өте көп. Алдағы уақытта көздері нашар көретін жандарға арналған арнайы бағдарлама жасасам деймін, – дейді Ермек Садуақасов.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button