Білім

Біліммен қатар кәсіп ашуға да мүмкіндік беріп отыр

Біліммен қатар кәсіп ашуға да мүмкіндік беріп отыр

2014 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ұтымды бастамалардың біріне айналды. Қазір студенттердің жобаға деген қызығушылығы үлкен. Көпшілікті жобаға қатысу шарттары, оқу орындары мен мамандықтар, сондай-ақ, білім гранттары жөніндегі сұрақтар мазалайтыны да рас.
Осы ретте біз жұртты қызықтырған сұрақтарға жауап іздеп, тиісті сала өкілдерімен тілдескен едік. Мамандардың айтуынша, «Серпін-2050» жобасына енетін мамандықтар тізімі еңбек нарығындағы сұраныс пен экономикадағы ерекшеліктер ескеріле отырып ұсынылады. Сондықтан, аталмыш бағдарламамен білім алған студенттер дипломдарын қолға алған соң, еш қиналмастан жұмысқа орналасады.
Ресми статистикаға сүйенсек, «Серпін-2050» грантына ие болғандардың 85 пайызы көпбалалы және 83 пайызы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары. Бұл жобаға Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жастары ғана қатыса алады.
Негізі жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі, маман тапшылығын жою. Екіншісі, әлеуметтік проблемаларды жоюға мүмкіндік береді. Мысалы, еліміздің жоғарыда аталған бес облысында тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Демек аталған өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде грант арқылы оқуға түсуі қиынға соғып, оның үстіне диплом алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді деген сөз. Осы орайда оларға бұл тығырықтан шығуға «Серпін» септігін тигізеді.
Айтпақшы, «Серпін-2050» жобасы бойынша 2014-2015 оқу жылында ұсынылған мамандықтар мен биылғы мамандықтардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Мәселен, былтыр жеті жоғарғы оқу орнындағы 19 педагогикалық мамандыққа 1 050 грант бөлінсе, биыл 19 жоғары оқу орнының педагогикалық мамандықтарына 1 500 грант қарастырылыпты.
«Серпін-2050» жобасы бойынша оқитындар мен жалпы білім беру гранттарын иеленгендердің арасында да айырмашылықтар бар екенін айтқан абзал. Мәселен, «Серпінмен» оқуға түскен жағдайда студент жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Ал жалпы грантпен оқитындарға мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Бұған қоса, осы жоба аясында оқуға түскен студент жоғарғы оқу орнын тамамдаған соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі.
Осы орайда, Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ «Серпін-2050» жобасы бойынша алғашқы түлектерді қабылдаған университеттердің бірі екенін айта кеткен жөн. Аталмыш оқу орнындағы «Серпін-2015» штабының жетекшісі Берік Кәдірұлының айтуынша, өткен оқу жылында – 136, ағымдағы оқу жылында 175 студент қабылданған. Қазір серпіндіктер тарапынан «Үздік start up» жобаларды жүзеге асыру жөнінде түскен өтініштер негізінде жұмыс жүргізілуде екен.
– Тек қана ғылым-біліммен айналыспай, жеке кәсіпкерлікті дамытып, студенттің өз ісін ашуға мүмкіндік беріп отырмыз. Мысалы, «Алғашқы әскери дайындық» мамандығының студенті Айзада Мұзараптың жасаған бизнес жобасын Даму қорымен бірлесе жүзеге асыру жөнінде тиісті жұмыстар жүргізудеміз, – дейді Берік Кәдірұлы.
Бүгінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жатқан серпіндіктерге барлық жағдай жасалған екен. Атап айтқанда, студенттердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, жастардың ғылым-білім және қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына да мүмкіндік бар. Тіпті, олардың игілігіне кешкі уақытта денешынықтыру залдары мен спорт кешендері де берілген.
Аталған жоғары оқу орнының тарих, филология, халықаралық қатынастар факультетінің екінші курс студенті Әлібек Қысатай «Серпін-2050» жобасының жеңімпазы атанып, грант иегері болу «Болашақ» бағдарламасының жеңімпазы атанумен бірдей екенін айтып, қуанышын жасырмады.
– Мен бұл жобаның алғашқы қарлығашы болғанымды мақтан етемін. Былтыр осы бағдарлама бойынша 2 050 грант бөлінді. Сол жұлдызы жанған 2 050-дің ішінде мен де болдым. Қуанышымызда шек болмады, осындай жобаны әзірлеген ел ағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ендігі мақсатым – маған осындай мүмкіндік берген Елбасы мен ел үмітін ақтау, Абай атамыз айтпақшы, «кетігін тауып, кірпіш боп қалану», – дейді Әлібек Қысатай.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button