Білім

«Білім жолында» балалар барын салды

«Білім жолында» балалар барын салды

Өскеменде «Білім жолы» республикалық зияткерлік марафонының облыстық кезеңі өтті. Еліміздің білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және білім саласындағы бірнеше қауымдастық ұйымдастырған марафонға өңірдің мектепке дейінгі мекемелері мен бастауыш сынып оқушылары қатысты.

«Білім жолы» марафоны биыл осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық және ізденіс сипатындағы қабілет-қарымын дамыту мақсатында өткізілген бұл жолғы марафонға Өскемен қаласы мен Ұлан, Глубокое, Шемонайха аудандарынан барлығы 150-ге тарта бала қатысты. Қаладағы №1 «Балапан» бала-бақшасы базасында өткізілген марафонның ашылу рәсімінде облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова сөз алып, бұл шараның баланың қабілет-қарымын дамытуға ерекше ықпал ететінін ерекше атап айтып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысу әр оқушыға өзін көрсету, қатысудан рахат алу, өз мүмкіндігін сезіну және мектептегі оқудың қызықты екендігін, қуаныш әкелетіндігін, ең бастысы, пайдалы екендігін сезіну мүмкіндігін береді екен. Бір атап айтарлығы, биыл «Білім жолынан» мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер де сырт қалған жоқ. Олар да басқалармен өзін тең санап, зияткерлік қабілеттерін көрсетуге тамаша мүмкіндік алды.

«Білім жолында» балалар барын салды


Ең алдымен, марафонға қатысушы командалардың жетекшілеріне «Білім жолына» жасалатын саяхат барысында кездесетін бекеттердің аттары жазылған жолнұсқа берілді. Қатысушы командалардың барлығы «Спорт», «Полиглот», «Мирас», «Логика», «Discovery», «Театр», «Квест», «Табиғаттану», «Математика», «Шығармашылық», «Өзін-өзі тану», «Қазақ тілі мен әдебиеті» секілді бекеттерге он минуттан аялдап, берілген тапсырмаларды орындауы тиіс. Тапсырма кезінде 4-5, 5-6, 6-7 жастағы балалардың жас ерекшелігі де ескерілген.

– Негізінен, тапсырмалардың дені баланың логикалық ойлау қабілетін дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдауға арналған. Көпшілігі қызықты ойын түрінде. Мұндағы біздің мақсат – баланы ойнату арқылы ойлануға, өздігінен шешім қабылдауға үйрету, – дейді өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының әдіскері Гүлден Есімханова.

– Марафон бізге өте ұнады. Сондай қызықты. Көп нәрсені біліп, үйреніп жатырмыз. Жаңа достар да тауып жатырмыз. Осы марафонға қатысуымызға ықпал етіп, арнайы автобус бөліп, жағдайымызды жасаған мектеп директоры Сәуле Досқалиеваға алғысымыз шексіз, – дейді Глубокое ауданындағы О. Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің 1-сынып оқушыларын бастап әкелген бастауыш сынып мұғалімі Қымбат Нұрахметова.

Марафонға қатысқан жеңімпаз командаларды өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы мен «UCMAS Kazakhstan» халықаралық ментальді арифметика орталығының, жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған қазылар алқасы анықтады. Жарысқа қатысушы барлық команда әртүрлі аталымдар бойынша жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай марафон Семей қаласында да ұйымдастырылып, оған 100-ге таяу бүлдіршін қатысқан екен.
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button