Ауыл шаруашылығы

Бұл техника 10 трактордың жұмысын атқарады

Көкпекті ауданының маңдайалды шаруашылықтарының бірі – «Елім-ай – Көкпекті» ЖШС жаңа технологиямен жұмыс істеу бағытына түбегейлі бет бұрғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, жуықта жол түсіп, Болат Бекбердинов басқаратын осынау серіктестіктің жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған едік. Ең алдымен назарымызды егіс алқабында жүрген алып тракторлар аударған-ды.

Бұл техника 10 трактордың жұмысын атқарадыЖалпы, жаңаның аты жаңа ғой, мұндай дүниенің тұрпатынан кінәрат табу мүмкін еместей. Расында бұл тракторлардың жөні тіптен бөлек. АҚШ-та құрастырылған «John Deere» аты бар, сырттай қарағанда кәдімгі өзіміздің «К-700»-ден еш кем түспейтіндей заты бар аталмыш техника ауыл шаруашылығы саласынан хабардар кез келген адамды тәнті етері хақ.

Біз егіс алқабында жүрген тракторлардың бірінің тізгінін ұстаған Вячеслав Гетченконы сөзге тартқан едік. Ол бұл жаңа тракторды бұған дейін қолданылған техникалармен салыстыруға еш келмейтінін айтты.

– Жұмысымыз көп жеңілдеді, бәрі де осы «John Deere»-дің арқасы. Сенесіз бе, мұндай трактордың біреуі ғана бұрын мінген «Белорус», «ДТ» сынды он трактордың орнын басуға қауқарлы. Бұл техникамен жер жыртуға да, егін егуге де, топырақты қопсытуға да болады. Ал оның біз әлі қолданып көрмеген қызметі қаншама. Бір мысал келтірейін, «ДТ-75» тракторы бір ауысымда 7 гектар жерді жыртса, «John Deere» тура осы уақытта 100 гектар жердегі жұмысты тындырады. Бұл әрине, бірінші кезекте американдық техниканың ені 12,5 метрді құрайтын тұқымсепкішпен жабдықталуының арқасы. Яғни, кәдімгі тракторлардікінен екі есеге үлкен, – дейді В.Гетченко.

Расымен де, «John Deere» 9410R маркалы трактордың дүлей күшке ие екенін ол жұмысқа кіріскен бетте-ақ аңғардық. Ана басы мен мына басының аралығы ат шаптырым ауқымдағы бір күндік жұмысты «Джонымыз» біздің көз алдымызда, әп-сәтте-ақ тындырды. Жаңа трактордың 410 ат күшіне пара-пар қуатқа ие екендігі бекер емес екен.

Егіс алқабына барғанымызда «Елім-ай – Көкпекті» ЖШС-ні басқарып отырған Болат Бекбердиновті жолықтырдық. Ол біздің жаңа техника туралы түсінігімізді жаңа мәліметтермен байыта түсті.

– «John Deere» тракторларымен анау бір жылы Америкаға арнайы барғанымызда танысқан болатынбыз. Содан не керек, «Қолдан келсе, қонышынан бас» демекші, көргеніміз көңілден шыққан соң, оны өзімізге де алуды ұйғардық. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, барлық асай-мүсейімен қосқанда 500 миллион теңгеге шыққан үш жаңа тракторымыз бар. Күзге қарай осы тәрізді тағы бір астық жинайтын техника алуды жоспарлап отырмыз, – деген Болат Бекбердинов «John Deere» тракторларына көңілі ерекше толатынын жасырмады. – Қазірге дейін 4,5 мың гектар жерге егіс егіп тастадық, енді төрт-бес күнде қалған жұмысты да тындырамыз деген ойдамыз. Ол сонымен қатар, аталмыш техника жердің ылғалдылығын сақтауға өте тиімді екенін де тілге тиек етті.

Егіс алқабында болғанымызда тұқым себуге арналған итальяндық «Gaspardo» техникасының артықшылықтарымен де таныстық. Жалпы, қазіргі уақытта «Елім-ай – Көкпекті» ЖШС-не қарасты алқаптарда 25 техника жұмыс істеп жатқан көрінеді. Әрине, ондағы негізгі жұмысты сол «John Deere» тракторлары атқаратыны екі бастан белгілі. Біз жаңа тракторлардың тізгінін ұстаған Вячеслав, Андрей сияқты жас жігіттерге қарап, «Мұндай жұмыс өзіміздің қандастарымыздың қолынан келмей ме?» деген сұраққа жауап іздей бастадық. Неге десеңіз, «Джонды» басқарудың еш қиыншылығы жоқ екен. Барлық қызметі компьютерлендірілген. Тіпті, мәшиненің тізгіні өздігінен басқарылып, жылдамдығы да автоматты түрде реттеліп отырылады. Ішінде адам отыр дегені болмаса, трактор толықтай өз бетімен жұмыс істейді.

– Шынымды айтсам, бұл мәселе мені де мазалайды. Өзге ұлттың жап-жас жігіттері трактор басқарып, жанталасып еңбек етуде. Ішінде тіптен қаладан арнайы келгені де бар. Ал біздің қаракөз бауырларымыз керісінше, ауылдан қалаға безіп, базарда «арба» итеріп, одан қалса екі қолға бір күрек таба алмай, сандалып жүр. Сондықтан бізге қазақ жігіттері келіп, осы жаңа тракторлардың тізгінін ұстаса, құба-құп болар еді, – дейді бұл тұрғыда Б.Бекбердинов.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button