«Дидардың» қонағы

Бисара МӘКЕНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші: – Парижде әуелете ән салып, Әміре атамыздың ізін жалғастырып жүрміз

Бисара МӘКЕНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші:   - Парижде әуелете ән салып, Әміре атамыздың ізін жалғастырып жүрміз  Мен үшін театрдың да орны ерекше

– Соңғы кезде туған жерге ауданның шақыртуымен жиі келіп жүргеніңізді көріп жүрміз…

– Қазақта «Шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» деген аталы сөз бар. Халық үлкен құрметпен шақырып, әнімізді сүйіп тыңдап, өнерімізді бағалап жатса, неге келмеске? Гастрольдік сапарлар, концерттер, кездесулер және басқа да жұмыстарым өте көп болса да, туған елге келіп-кетуге уақыт табуға тырысамын. Өткенде Көкпекті ауданының 80 жылдық мерейтойына келгенде желтоқсан айы болатын, үскірік аяз бен қарлы боранда қалып қою қаупіне қарамастан, ұшып жеттім. Өйткені, өсіп-өнген туған жеріме деген сағынышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Облыста жүзеге асып жатқан «Туған жерге – тағзым», «Туған ел – алтын бесігім» акцияларынан жақсы хабардармыз. Халық игілігі үшін жасалған құптарлық шара. Барлық жерде жәрмеңке өтеді, бірақ, сіздердікіндей ауқымды емес. Жәрмеңкемен қоса қайырымдылық шаралары, ұлттық-салт дәстүрлер насихатталып, көркемөнерпаздар концерті де өтіп жатыр. Ауданымыз да көркейген, мектептер салынған, көшелер мен жолдар жөндеуден өткен. Осының барлығы – өңір болашағын ойлайтын басшылар еңбегінің арқасы.
– Ал қазір елден жырақ қайда жүрсіз?

– Мен Көкжартас ауылында дүниеге келіп, Биғаш ауылындағы мектепте оқыдым. Өнерге бала кезімнен құштар болып өстім. Бұл әке-шешемнен де, нағашыларымнан да дарыған қасиет болар. Төрт ағайындының бірі – әкем Мәкен керемет күйші болған. Тойларда Тәттімбеттің «Былқылдағын» төгілте орындап, суырыпсалма өнерін де көрсетіп жіберетін. Шешем Рахима мен нағашым Рақымжан да өнерден кенде болған жоқ. Отбасындағы алты баланың бәрі де әнші, күйшіміз. Еңбек жолымды Көкпекті аудандық мәдениет бөлімінде үгіт клубының меңгерушісі болып бастадым. Үгіт пойызымен алыс жайлауларға барып, малшыларға өнер көрсететінбіз.

Бір күні Семейден құрамында Есмұхан Обаев бастаған адамдар келіп, ел арасынан өнерге бейімі бар жастарды жинастырып жүргендерін айтты. Менің 18-19-дағы кезім. Байқау шарты бойынша домбырамен ән салумен қатар, бір қойылымнан үзінді көрсету керек. Сөйтіп, «Шұғаның белгісіндегі» Шұғаны, «Қанжар мен домбырадағы» Ажардың бейнесін сомдадым. Ал кейіннен Ақмола облыстық филармониясында қызмет істеп жүргенімде «Қыз Жібек» қойылымындағы Қамқаның ариясын, басқа рольдерді беріле орындаппын, көрерменнің пікірі бойынша. Жалпы, актерлік мамандықты таңдау мүмкіндігі де болды, бірақ тағдырдың жазуы болар, дәстүрлі әнді таңдадым.

– Конкурстан өткен соң Семейден Алматыға барғандағы тірлігіңіз қалай басталып еді?

– Алдымен Алматыдағы ұйғыр театрында сынға түскендер арасында Майра Ілиясовамен таныстым. Ол қазір жан құрбыма айналды. Майра ол кезде бас киім тігу фабрикасында еңбек ететін. Содан 1977 жылы Б.Жылысбаев, Б.Төлегенова, М.Абдуллин, Г.Ғалиева, Қ.Байбосынов сынды марқасқалар алдында өнер көрсетіп, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына оқуға түстім.
– Білуімізше, сіз Қайрат Байбосыновтан тәлім алдыңыз ғой?

– Нақ солай. Сол кісіден Арқа әндері класы бойынша тәлім алдым. Студияны бітірген соң жолдамамен Көкшетау облыстық филармониясына орналасқанмын, күні бүгінге дейін сонда жұмыс істеп келе жатырмын. Көкшетауға жалғыз бардым, ол кезде облыс тұрғындарының 70 пайызын басқа ұлт өкілдері құрайтын-ды. Облыстық атқару комитетін Б.Жұмағалиев деген өнерді бағалайтын, өте сұңғыла адам басқарады екен. Бірден үй берді, көп өтпей облыстық филармонияға вокал әншісі болып қызметке тұрдым. Шүкір, содан бері, ширек ғасырдан астам уақыт Көкше жерінде тұрып келемін. Менің кәсіби жағынан өсуіме сол ұжымдағы шығармашылық ахуал, осы қасиетті өлке және әріптестерім демеу болды дей аламын. Қазір Ақмола облыстық филармониясында «Айнамкөз» фольклорлық ансамблі, «Гәкку» бишілер тобы, қазақ ұлт-аспаптар, камералық, симфониялық оркестрлері, сондай-ақ, қуыршақ театры табысты еңбек етуде. Биылғы мамырда «Айнамкөздің» 40 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Менің бағымды ашқан – Мәдидің «Үшқарасы»

– Дәстүрлі әннің өркендеуіне қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз?

– Қазақтың даму деңгейін ұлттық музыкаға қарап байқауға болады. Дәстүрлі музыканы тыңдаудың өзі ғанибет және әр қазақтың жүрегінде оған деген сүйіспеншілік болуы қажет. Дәстүрлі ән үшін өлшеусіз еңбек етіп, тер төгіп жүргендердің бірімін десем, артық айтқандық болмас. Марқұм Келденбай Өлмесеков, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов сынды арыстармен қатар жүрдік. Бақыт Үдербаева, Тұрсынғазы Рахимовпен қоян-қолтық араласып тұрамыз. Менің ойымша, әсіресе, мектептерде дәстүрлі ән өкілдерімен жиі кездесулер өткізіп, жастармен жұмыс істеу қажет. Талаптанып жүрген дарындарға дұрыс бағыт беру керек. Алла талап берсе, олардың өздері-ақ дәстүрлі әннің бағын жағады. «Әншінің бағын ән ашады» демекші, Мәдидің «Үшқарасы» мен Исаның «Желдірмесі» менің бағымды ашқан. Біржан салдың «Жоныпалдысы» мен «Адасқағын», Ақан серінің «Әудемжерін», «Мақпалын», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» мен «Көкшесін» сүйіп орындаймын. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, эстрадалық әндерді де репертуарға қосып жүрміз. 2010 жылдан 2013 жылға дейін үш мәрте Францияда өткен халықаралық фольклорлық фестивальда өнер көрсеттік. Міне, солайша бір кездері Парижде әуелете ән салған Әміре атамыздың ізін жалғастырып жүрміз. Бүгінде Көкшетаудағы музыка мектебінде сабақ бере жүріп, үлкен табыстарға қол жеткізген Саян Мұхамедияров, Гүлден Тілеубердина, Жанар Сақтағанова сынды шәкірттеріммен қуанамын.

– Жалғыз ұлыңыз Арман да өнер жолын таңдаған екен…

– Өнерге берілгенім соншалықты, ел қатарлы тұрмыс та құрған жоқпын. Алланың бергені, 40 жасымда Арман атты баламды дүниеге әкелдім. Өмірімнің жалғасы қазір Астанадағы өнер академиясының домбыра сыныбында білім алып жатыр. Негізінен, өзі жақсы күйші. Күй өнер атаулының киелісі ғой. Көне аспаптар үні данагөй ата-бабаларымыздың үні емес пе?!

– Елге оралу ойыңызда бар ма?

– Туған жерімді қатты аңсап, сағынамын, оралғым келеді… Бірақ, жалғыз балам Арқа жақта болғандықтан, осында аялдауыма тура келіп тұр. Келесі жылы 60-қа толатын торқалы тойым мен есеп беру концертімді туған жерде өткізсем бе деп ойластырып жүрген жайым бар. Елмен қауышып, ауылдарға концерт қойсам. Өйткені, халықтың қазіргі көзқарасы бұрынғы кезге қарағанда өте керемет. Дәстүрлі әндерді, халық композиторларының әндерін қалайтындар өте көп. Жалпы, бізде өнер көшінің ауыл-ауылды аралайтын дәстүрі кенжелеп барады, оны жаңғыртуды билікпен бірлесе қолға алу қажет. Маған өнерімді бағалайтындар, жерлестерім қолдау көрсететін болар деп үміттенемін.

– Сынға қалай қарайсыз?

– Айтылған сынның барлығын дұрыс қабылдаймын, салиқалы сынға толық илігемін. Бәріміз де пендеміз, қателеспейтін адам жоқ. Себебі, мақтау жүрген жерде жамандау да жүреді. Тек біржақты пікір айтылуы мүмкін емес.
– Жалпы өмірде қандай адамсыз?

– Үнемі өз-өзіме сын көзбен қараймын. Халық концертіме келіп, өнерімді тамашалаған соң бағасын өзі береді. Мінезім әкеме тартқан, біртоға. Бес күндік жалғанда ешкімнің көңілін қалдырғым жоқ. Осы филармонияда 30 жылға таяу уақыт Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Мара Есмұханова және Ғазиза Жұмекеновамен тату-тәтті ғұмыр кешіп, әдемі, бабымен қартайып келе жатқан жайымыз бар. Әрине, ешкім де қартайғысы келмейді ғой, дегенмен, әр пенденің осы бір шау тартқан шағы байсалды болса деймін. Еңбегінің зейнетін көріп, немере-шөбере бағып дегендей. Өткен жылы мына полигонның зардабынан болар, отбасымыздағы бес қыздың ішіндегі жалғыз ініміздің келіншегі жаман аурудан дүниеден қайтты. Содан бері інімнің отбасын да өзім қамқорлыққа алып келемін. Сол себепті қартаятын да, оны ойлайтын да уақыт жоқ бізде. (Күлді).
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Эльмира Тайырқызы

Керек дерек

Бисара Мәкенова 1954 жылы 20 қаңтарда Семей облысы, Ақсуат ауданының Көкжартас ауылында туған. Ақмола облыстық филармониясының вокал әншісі. 1979 жылы республикалық эстрадалық-цирк студиясын домбырамен ән айту, эстрада өнерінің әртісі бөлімін, 1992 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «Музыка және ән айту» факультетін бітірген. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатының, Ақпарат және мәдениет министрлігінің ІІ дәрежелі дипломының және Құрмет дипломының иегері, халық әндерін орындаушылардың Ә.Қашаубаев атындағы І республикалық байқауының лауреаты, Көкпекті ауданының Кұрметті азаматы.

Осы айдарда

Back to top button