Тарих

Белоруссия жерін азат етті

Белоруссия жерін азат етті

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі жақындаған сайын аяулы әкем туралы жиі ойлаймын. Әкем Мұқай Мүсәпіров бозбала шағында қолына қару алып, бүгінгі бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан жанның бірі. Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысып, одан кейін Абай ауданы Бірлік совхозында (қазіргі Көкбай ауылы) бас бухгалтер болып табан аудармай 38 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Жеңістің 50 жылдығын мерекелеген жылы өмірден өтті. Барлық саналы ғұмырында жарық күннің, тіршіліктің әрбір сәтінің қымбаттығын жанымен сезінген, соғыс салған мүгедектігін жігер-қайратымен жеңе білген аса қажырлы, білімді адам еді. Алған жарақаттардың салдарынан ұзақ уақыт зардап шекпегенде бәлкім оқуын жалғастырып ғалым болар ма еді?!.. Ол кісінің бізге қалдырып кеткен киелі мұра-шежіресін, күнделік дәптерін, мақалалары мен өлеңдерін оқығанда осындай пікірге келеміз. Әсіресе, халықтың басына түскен зобалаң жылдар жайында жазып қалдырған естелік күнделігін тебіренбей оқу мүмкін емес.Майдангер күнделігі шерткен сырларды оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім.
«Осы түні алғы шеп бекінісін қабылдадық. Бұл 1944 жылдың апрель айының 15-іне қараған түн еді. Бұрын бекіністе тұрған бөлімдер селдіреп өте аз қалып, кейінге шегерілді. Біздер бекіністі қабылдадық (оборона). Жазғытұрымғы лайсаң уақыт. Шабуыл сұрапылы от-жалынға оранған қалың орман, ысқыра азынап құлдилаған бомба, гүрсілдеп жарылып жатқан снаряд, “Катюша” снарядының ұшқаны, оның дауысы туғызатын үрей жауға осал тимесе керек. Қара жер қопарыла көтеріледі, алай-дүлей ұрыс даласы. Қап-қара жылжи қозғалып атқылаған танк, осы ойран-топырда бір жығылып, бір тұрып, тура жүгіріп, жата қалып жорғалаған сұр шинелді солдат. Жараланып та жатыр, өліп те жатыр, еш жағдайға қайрылмай ентелей ілгерілеп қаптап бара жатқаны. Бұли – 1944 жыл. Жау беті қайтып, қаша соғыс салған кез. Мына шабуыл командалық жоспарлаған “Багратион” операциясы екен. Сталиннің бұйрығында, кейін де, жауды қуудағы бесінші соққы деп аталды ғой. Осы соққымен бір айда Белоруссия жері азат етілді. Міне, осы соққының алғашқы шабуылын бастадық. Енді 22-і күні бірінші қатарға біз шығып жауды өкшелей қуа жөнелдік. Ерте азаннан скатка-шинелді, солдат қапшығындағы патронтаждан басқа, котелекке дейін лақтырып тастап кеттік».
Күнделікті парақтап отырсам, талай асыл армандарын соғыс тұншықтырғанмен алдағы күнге өршіл үмітпен қараған қайсар буынның парасатын пайымдаймыз.

1985 жыл, 7-май.

Осы өмірді жасауға қатыстық, үлес қостық. Ол жай үлес емес, қан төктік, тіпті денемізден бір, немесе бірнеше мүшемізді жоғалттық. Тіршіліктің арқасында өз Жеңісімізді жыл сайын мерекелеп келеміз. Кейінгі жылдары өте бір дүркіреген, елеулі мереке болып өтіп жүр. Жеңіс те, одан бергі жарқын жүзді, несібелі, ризықты жылдар да әлемді таңданта сүйсінткен табыстарымыз да, Отанымызда 40 жылдан бергі орнаған бейбітшілік те – Жасампаз еңбек нәтижесі.
Осы сұрапылда сол солдаттың талайы атой салып, қарсы шауып, қамал бұзды. Өзі құрбан болса да жауын жойып, мәңгі өшпес ерлік жасады. Сол солдаттар ғой – қаптаған жауға тайсалмай қарсы тұрып, омырауын оққа төсеп Отанды қорғап қалды.
Біздер “осы арада бұрын елді мекен болды” дегенге адам сенбестей жайпап кеткен деревнялардың орнын талай көрдік. Ондаған ғасыр тарихы бар сан қалалардың бүлінген сиқын көрдік. Фашистер уақытша басып алған осы жерлердің халқын атты, асты, азаптады, Германияға еріксіз еңбекке әкетті. Өлім фабрикалары – концлагерьлерді ашты. Құлақ естіп, көз көрмеген қырып-жоюдың неше түрлі сұмдық жолдарын қолданды.
Бұл соғыста болса, ел ішінде не болғанын тағы көрдік. Соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі мешеу шаруа кейпі. Ауыр еңбек, қасірет-қайғы, жасөспірім бала, шал-кемпір, көз жасы көл болған жесірлер. Осының үстіне күнде «қарақағаз» келіп шулап жылаған ауыл іші. Міне, осы ауыртпашылықты сезінбеу, оны ұмыту мүмкін бе? Сол бір кездегі тіршілікті бүгінгі өмірмен салыстырып ойға алсаң – адам нанғысыз өткелден қалай өткенімізге өзің таңғаласың!
Бір ұрыста бөлініп қалған біздің шағын тобымызға жаудың бөлімшелері артық күшпен қарсы атакаға шыққанда жараландым. Біз 30 шамалы ғана топ едік. Жау жағы 100-ден асады. Кейінгі батальон келіп жеткенше, біздің топ, әрине, қырылып қалды. Осы ұрыста әуел іқолдан, одан кейін аяқтан оқ тиді, тағы бірнеше жерден жарықшақтар тиіп жараландым. Ұрыс даласында қалдым. Ертеңінде сәскеде келіп санротаға алып келді.
Бұл 1944-жылдың 29 июнь күні еді. Содан бері 41 жыл өтті. Дәл осы сәт есіме түскенде күні бүгінге дейін денем түршігіп, суық тер жабады. Міне, осыны бастан кешкеннен кейін де соғысқұмарлар әрекетіне ашу-ызамен, кекті жүрекпен, аса күйзеліп-күйінеміз. Біздің ұрпақтарымыздың басына мұндай күй келмесе екен деп тілейміз.
Өз еңбегіміздің жемісін көріп келеміз. Ұл өсірдік, қыз ұзаттық, немере сүйдік, ақбасты ата болдық.
Мен жарты денеммен өмір сүріп жүрген адаммын. Қалшылдаған жас күнімде соғыста «Жауынгерлікерліг іүшін» медальімен наградтап еді. 40 жыл еңбек еттім. Мұнда да «Еңбектегі ерлігі үшін» медальімен наградтады. Біздер де азайып, шақталып қалып барамыз. Ол әрине өмір заңы. Елімізде «ешкім де ешнәрсе де ұмытылмайды» деген лебіз – мақал да ұран болып кетті.
Соғыстың аты өшсін! Аспанымыз ашық болсын!
Әрбір таңымыз тыныштықпен атсын!».

Әзірлеген – Алма Мұқайқызы

Осы айдарда

Back to top button