Ауыл шаруашылығы

«БАЙЫСТЫҢ» БАҒЫ ЖАНА МА?

  «БАЙЫСТЫҢ» БАҒЫ ЖАНА МА?

Жарма жерінде биязы жүнді асыл тұқымды «Байыс» қойын өсіруді қолға алған шаруашылықтар Үшбиік ауылында орналасқан. 1972 жылдары Семейдің мал дәрігерлік институты қой шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Ғыдылшан Қыдырниязов пен сол кездегі «Первомайский» кеңшарының директоры Биахмет Жампозов бірлесіп, етті әрі биязы жүнді, жергілікті климатқа төзімді қой төлін өсіру ісін қолға алған. Мамандар жергілікті Еділбай қойын Сараджа және Дегерес қошқарларымен будандастырады. Нәтижесінде ақ және сұр түсті кілем тоқуға қолайлы жүні бар «Байыс» тұқымы дүниеге келеді.

Шаруашылыққа асыл тұқымды мәртебе берілген

Нәтижегесінде 1979 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен кеңшардың бірінші бөлімшесі асыл тұқымды қой өсіретін болып, 1984 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі беріледі. Ғалымдар мен мамандардың 16 жылғы еңбегі Мәскеуде жыл сайын өтетін ауыл шаруашылығы көрмесінде ақталып, 1989-1991 жылдар аралығында үш мәрте «Байыс» қойы чемпион атанып, «УАЗ» автокөлігінің иегері атанады. Жергілікті ауарайына төзімді түлік қыс мезгілінде де тебіндеп, жайылуға қауқарлылығымен ерекшеленеді. Саулық қойдың салмағы 68-80 келі тартса, қошқарлар 100-120 келіге дейін жетеді. Ал жүні биязы, түсі ақшыл сары болып келетіндіктен, кілем өндіру ісіне таптырмас шикізат болады.

«Первомайский» кеңшарының директоры Б.Жампозов бастаған істі аталмыш кеңшар басшылығына келген С. Каметов, Жарма кеңшарының директоры А.Мұсылманқұлов табысты жалғастырып, Ә.Рахымбаев, Л.Тұрсынбетов, М.Жандильдинов және Д.Рахымжанов сынды жергілікті мамандар асыл тұқымды төл басының авторлары атанады. Сондай-ақ, төл алып, шаруаның ыстығы мен суығына төзген еңбек адамдары да шыға бастайды.

1994 жылға дейін дамып келген шаруашылықты жекешелендіру салқыны айналып өтпеді. Осы тұста биязы жүнді асыл тұқымды «Байыс» қойын өсіруді қолға алған «Мүсілім асыл тұқымды мал зауыты» серіктестігінің басшысы Қ.Мұсағитов және «Қара-Адыр» серіктестігінің басшысы Б.Шайхов төл түлікті сақтап қалуда, оны дамытуда өзіндік сүбелі үлестерін қосты. Мал басын асылдандыру жұмыстарын жолға қойып, нәтижелі еңбектерімен танылғандарына біраз жылдың жүзі болды. Уақыт өте келе екі шаруашылық ісі ілгері басып, шағын ауылда екі бірдей асыл тұқымды қой өсіруші үлкен серіктестік қалыптасты. Аса күтімді қажет етпейтін, жүні мен еті ерекше төл басына сұраныс артып, еліміздің Алматы, Кереку, Қарағанды, Талдықорған облыстары мен облысымыздың бірқатар өңірлерінен қызығушылық тудырып отыр.

Осыған орай Жарма ауданының Үшбиік ауылында асыл тұқымды, ұяң жүнді төл түлігі «Байыс» қойының бәсін өсіру бағытында ғалымдар, облыстың мал шаруашылығы мен ауданның ауыл шаруашылығы мамандары, аудандардың шаруа қожалық басшылары және ауыл ақсақалдары қатысқан семинар-кеңес те өтті. Семинар-мәжілісте элиталық тұқымға жататын төл басын мамандар тарихқа жүгіне отырып, уақыт талабына сай қойдың мәртебесін асыру жөнінде бірқатар мәселе көтерді. Шәкәрім атындағы университеттің аграрлық факультетінің доценті Панарбек Габдуллин «Байыс» қойының қасиетіне тоқтала келе, жалпақ жұртқа малдың ерекшелігі жария болып, іс үйлесімін тапса, төлге сұраныс артарына сенім білдірді. «Байыс» қойының республикалық палатасының директоры Амангелді Мұсабаев палата құрамында 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 толық серіктестік және 17 шаруа қожалық тіркелгендігін жеткізді. Аталмыш шаруашылықтарда барлығы 41 мың бас «Байыс» қойы өсіріліп отырса, оның 22 мың басы саулықты құрайды екен. Бүгінгі таңда шаруашылық құрылымдары мал басын асылдандыру жұмысына ерекше мән беріп, қолдан ұрықтандыру жұмысы қолға алына бастаған.

Жүні мен терісі де таптырмас өнім

Еліміздегі алты асыл тұқымды қой шаруашылығының, екеуі осы Үшбиік ауылында орналасқан екен.
– «Байыс» Жармаға біткен бақ десем болады. Ет өндіру өз алдына, ескерусіз қалып жатқан жүн мен терісі жеңіл өнеркәсіпке таптырмас өнім. Биязы жүні кілем тоқуға қолайлы болса, терісі жеңіл әрі илеп қолдануға ыңғайлы. Сол себептен осы шикізатқа еліміздің жеңіл өнеркәсібінің көңілін бұрса, іс одан әрі де ілгері басар еді,-дейді асыл тұқымды мал өсіріп, шаруашылығын дөңгелетіп отырғандардың бірі, Үшбиік ауылының тұрғыны Мейірғали Қабайұлы.
– Күрделі будандастырудан шыққан «Байыс» бүгінгі таңда діттеген мақсатына жетіп отыр. Етті және қылшық жүнді бір ғана түліктен алуға болады. Ендігі кезекте осы малдың бүгінгі деңгейін барынша сақтап қалуға күш жұмсалуы керек. Бұл бағытта құрылып отырған палата, шаруашылықтар бас біріктіріп ортақ шешім қабылдап, істі одан әрі жаңғыртса екен,-дейді «Байыстың» бабын тауып, асылдандырған Әлихан Сафаұлы.

Әлихан Рахымбаев қолдан ұрықтандыру жұмысын осы бастан қолға алып, білікті мамандардың жіті қадағалауында болуы тиіс деген ұсыныс айтады.
Ал тоқсаныншы жылдардың бел ортасынан «Байыс» өсіріп келе жатқан Зайсан ауданындағы «Қара Ертіс» шаруа қожалығының басшысы Жеңіс Кәрібаев бүгінде мал басын 3,5 мыңға жеткізген. Малдың ерекше қасиетіне көзі жеткен ол саланы барынша дамыту мал шаруашылығы үшін аса қажет екендігіне сенімді.

– Бұл мал түрінің еттілігі өз алдына, жүн мен терісі ерекше. Биязы жүні, жеңіл терісі жеңіл өнеркәсіп үшін таптырмас шикізат. Бұл жерде тек қана жарнама жетпей тұрған сияқты. Ал ет экспортына жол ашылса, жұмысымыз дамитындығына сенімдімін,- дейді ол.
Қазір қой төліне деген сұраныс төмендеп, осының салдарынан қой малы басы кеміп кетті. Дегенмен, ет өнімін шетелге шығару мәселесі оңтайлы шешілсе, алдағы уақытта сұраныс көлемі артатынына сенім бар.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button