«Дидардың» қонағы

Бақыт ШАҒАТАЕВА, әнші: – Әрхам атам мені «Қараторғайым» деп еркелететін

Өткен жылдың соңында кеңінен аталып өткен Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне орай облысымыздан екі адам «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленген еді. Соның бірі ұлылар еліндегі «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің байырғы әншісі Бақыт Шағатаева болатын. Елдегі ерке де ерекше әншімен тілдесіп, сұхбаттасқан едік.

Бақыт ШАҒАТАЕВА, әнші: – Әрхам атам мені «Қараторғайым» деп еркелететін– Ең алдымен дәстүрлі сұрақ, өнерге қалай келдіңіз? Яғни, кімнің әсері болды?

– Мен хакім Абайдың алғашқы жыр жинағын шығаруға бірден-бір мұрындық болған Кәкітайдың шөбересімін. Ал Кәкітай ақын атамыздың інісі Ысқақтың баласы болғанмен, Абайдың баласы іспеттес, қолында өсіп, тәрбиесін көрген адам. Кәкітайдың баласы Әрхам атам да солай. Данышпан ақын өмірден өткенде Әрхам атам он жеті жаста екен. Әрхам атам бертінде, нақтылап айтсам, 1963 жылы өмірден озды. Абай тәрбиесін көрген Әрхам атам өте сыпайы адам болатын. Әдемі қоңыр дауысымен әнді де жақсы айтатын. Екеуміз бірігіп халық әні «Қараторғайды» шырқайтын едік. Сондықтан да болар, атам мені «Қараторғайым» деп еркелететін. Сондықтан да Әрхам атамды өнердегі алғашқы ұстазым деп есептеймін.

– Одан кейінгі ұстаздарыңыз, ата-анаңыз туралы айта кетсеңіз…

– Әкем Шағатай өнерге жуық болмағанмен, шешем Сарқыттың жап-жақсы дауысы бар еді. Кейінгі кездің өзінде ардагерлер ансамблінде ән салып жүрді. Ал ұстаздарға келетін болсам, мектепте бізге ән-күйден бүгінде есімі елге мәлім шежіреші-жазушы Молдабек Жанболатов ағамыз сабақ берді. Кейінде осы кісі аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Абайлық өнерпаздардың алғаш рет Мәскеудің төрінде өнер көрсетіп, атақтары шығатыны сол кез.

Ұстаз дегенде, абайлық түлектердің бәрі, өзімізді жергілікті жазушы-ұстаз Кәмен Оразалиннің шәкірттеріміз деп білеміз. Кешегі Жәнібек Кәрменов замандас дос болса, әке-шешеміз араласып, құраласқан Роллан Сейсенбаев өзімнің туыстас ағайым. Мерғали Ибраев, Төлеген Жанғалиев, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мұратбек Оспанов сынды ақындар да Кәмен ағаның шәкірттері. Осындай ортада өскен біздің де өнер жолын қумасқа қақымыз жоқ еді.

Алматының мен үшін жөні бөлек


– Содан мектептегі оқуыңызды бітірдіңіз…

– Мектептегі оқуды бітірген соң Алматыға бардық. Мақсатым – бойымдағы әншілік өнерді ұштау болғандықтан, сондағы қыздар институтының жалпы музыка факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Сәті түсіп аталған факультеттің фортепиано бөліміне оқуға қабылдандым. Бұған дейін музыка мектебінде оқымаған мен үшін сабақ оңайға түскен жоқ. Оның үстіне ол кезде ұстаздар тарапынан талап өте жоғары болатын. Кейінде соның пайдасы болмаса, зияны болмады. Факультет деканы, белгілі композитор Дүнгенбай Ботбаев болса, қатардағы оқытушалар Өмірбек Байділдаев, Бақытжан Байқадамов, Ескендір Хасанғалиевтің атақ-даңқтары кімнен кем дегендей. Осындай ұлағатты ұстаздардан дәріс алғанымыздың өзі алыстағы ауылдан келген біздерге үлкен олжа емес пе!

Сонсоң бұрынғы Алматы әсірелеп айтсақ, жұмақтай еді ғой. Сол жұмақтың сәнін келтіріп жататын өнер адамдары десек, тағы қателесе қоймаспыз. Ол кезде өнер жолын қуған біз ғана емес, жалпы студенттер қауымы бірде тоқ, бірде аш жүрсе де театр, концерттерден қалмайтын. Оған амалдап билетті де табатынбыз, сабаққа да үлгеретінбіз. Сондықтан мұндай тартымды кештерді өз басым екінші университет деп білемін.

Ал осы жоғары оқу орнында бірге оқыған абайлық жерлесім Нағия Бұланбаева екеумізге елге оралып, ел мәдениеті мен өнерін өркендету бақыты бұйырды. Оған да тәубе дейміз. Өз басым бойында шын талабы мен таланты бар адам жерде қалмайды деп есептеймін. Айталық, Баян Сағымбаева сынды әріптес әншіміз елде, «Қаламқастың» құрамында жүріп-ақ Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды ғой. Ол сол кезде өте жоғары атақ болатын. Мұның алдында мұндай атаққа халқымыздың ақиық ақыны Олжекең, Олжас Сүлейменов қана ие болған-ды.

Солай дей отырып, күні кеше «Қаламқастың» бастауында болып, өз ортамыздан шыққан, дәстүрлі ән өнерінің көгіне жарық жұлдыз болып көтеріле білген Жәнібек досымыздың есімін тағы бір мәрте атай кетсек артық болмас. Мен осындай өз тұстастарымды мақтан тұтамын. Бұлар және бір Абай елінің ғана емес, халқымыздың мақтанышы.

«Қаламқаспен» бірге жасасып келемін


– Жетпісінші жылы қыздар институтын бітірдім дейсіз. Содан елге оралыпсыз. Бүгінде «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің ең байырғы әншісі сіз боларсыз, тегі?

– Менің әріптес құрбым Тамара Көзбаева ансамбль құрылғаннан, яғни, қырық жылдан бері осында өнер көрсетіп келеді. Ал мен болсам ансамбль құрамына одан екі жыл кейін келіп қосылдым. Оның алдында институт бітіріп келген соң орта мектепте ән-күй сабағынан бірер жыл мұғалім болдым. Одан соң Қарауылда музыка мектебін ашуға атсалысып, сонда қызмет еттік. Сол кездегі шәкірттерімнің бірі Гүлшат Тұрысбекова бүгінде Астанадағы өнер академиясында қызмет етіп жатыр. Жоғарыда бұған дейін арнайы музыкалық сауатымыз болмағандықтан институтта оқу бізге ауыр тиді дедім ғой. Сондықтан ауылда музыка мектебін ашуға ат салысып, сонда қызмет еткенімді де өз өмірімнің бір елеулі кезеңі деп білемін.

1974 жылы аудандық мәдениет үйінің директоры Төкен Сәкенов ансамбль құрамына шақырды. Бұл кезде «Қаламқастың» шетелдерге дейін шығып дүрілдеп тұрған кезі. Төкен мен ол кісінің жолдасы Роза екеуі де тамаша әнші, оның үстіне жақсы араласып кеткен дос-жаран еді. Енді шетелдерге бірге шығатын боламыз деп әбден үгіттеген соң әлгі ұсыныстан бас тартпадым. Бірақ музыка мектебіндегі жұмысымды да біраз жылға дейін қоса алып жүрдім. Оны тек сексенінші жылдардың аяғында аудандық мәдениет үйіне инспектор болған соң ғана доғардым. Бірақ ансамбль құрамында қала бердім.

– Менің білуімше, сіз осы аудандық мәдениет бөліміне басшы да болдыңыз емес пе? Өнер адамына өнер саласына басшы болған қалай екен?

– Иә, сонау тоқсаныншы жылдардың ортасындағы қиын кезде үш жыл ауданның мәдениет саласына басшылық жасауға тура келді. Меніңше, өнер адамына басшы болудың керегі жоқ па деймін. Өйткені, кешегі әріптестеріңе енді келіп ақыл айтқансып, болмаса жекіріп ұрсу жараспайды екен. Ал өзіміз талай басшыларды көрдік қой. Бірақ ешкімнің соңынан топырақ шашқым келмейді. Дегенмен, ауданның мәдениет саласына әр жылдары Мұрат Әлин, Әлібек Ақышев, Әлімқұл Ысқақов біліктілікпен басшылық жасағанын айтпасқа болмайды. Бүгінгі басшымыз Әсет Мырзақасым мен аудандық мәдениет үйінің директоры Сайлау Нұрпейісовке мен ғана емес, барлығымыз ризамыз.

– Ансамбль құрамында қандай шет мемлекеттерде болдыңыз?

– Өнер сапарымен ертеректе Венгрияға, ал егемен ел атанған бергі жерде Түркия, Қытай, Түркменияға бардық. Алдыңғы екеуінде концерт залдары өте үлкен, мың, мың жарым орындық болып келеді екен. Сонда да халық сыймай қалып жатты. Соның ішінде қандастарымыз көп болды, әрине. Бұл сан ондаған жылдар бойы бір-бірінен көз жазып қалған ағайындардың ыстық ықыласпен алғашқы кездесулері болатын.

– Сіздің дауысыңыз клоратуралық сопрано ғой. Мұндай үнді әншілер сирек қой. Атақты әнші апайымыз Бибігүл Төлегеновамен таныстығыңыз бар ма?

– Бибігүл Ахметқызының алдынан дәріс алмасам да, ол кісіні сырттай ұстаз тұтып, еліктеймін. Сексенінші жылдардың ортасында танысудың реті түсті. Сонда әнімді тыңдап, алтынды шыққан жерден қаз демекші, Семей жағынан тағы бір сапрано үнді әнші шыққан екен деп көтермелеп жатты. Соған қуанып, елге қанаттанып қайттым.

– Сүйіп айтатын әніңіз қайсы, сүйікті ақын-жазушыңыз ше, бос уақытта немен айналысасыз?

– Әрине, халық әні «Гауһар тас». Жәнібек марқұм бұл Сегіз серінің әні дейтін. Қалай болғанда да сұлу, келісті ән. Қол босап жатса, кітап оқығанды жақсы көремін. Ақындардан Абай атамның, Мұқағали, Тұманбай жырларын ұнатамын. Сүйікті жазушыларым – Әуезов пен Ахтанов. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу мақсатымен елге келгенде Әрхам атама соқпай кетпейтін. Сонда бала болсақ та ұлы жазушының нұрлы дидарын көріп қалғанымды бақыт санаймын.

– Өзіңіздің жолыңызды қуған балаңыз бар ма?

– Бір ұл, екі қыздың анасымын. Балаларымның бәрі аяқтанған. Төрт немерем бар. Өз жолымды қуған қызым Арай Әбенова «Қаламқастың» құрамында жеті жыл ән салды. Ол қазірде Шығыс өңірлік әскери округі ансамблінің белді әншісі.

Ұлылар еліне ұдайы қамқорлық жасалады


– Бәке, өткен жылы «Қаламқастың» қырық жылдығы кеңінен аталып өтілді ғой. Соған орай не айтқан болар едіңіз?

– Біз үшін, өнер жанашырлары үшін сол атаулы мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, ансамбль мүшелерінің концерттік киімдері тұтасымен жаңартылды. Мұның сыртында аудан орталығының рухани келбеті түбірімен өзгерді десе де болады. Соның бәрі облысымыздың басшысы Бердібек Мәшбекұлының ұлылар еліне ұдайы қамқорлығының нәтижесі деп білеміз. Ал сондай қамқорлықты аудан басшысы Тұрсынғазы Жантұяқұлы жеріне жеткізе білді. Мұның сыртында облыс Әкімі аудандық мәдениет үйіне жаңа автокөліктің кілтін салтанатты жағдайда табыстап кетті.

Осы жолы ансамблдің Косманавт Төлеухан, Нұргүл Демесінова, Әрия Айтбаева сынды үш мүшесі республика мәдениет саласының үздігі атанды. Одан сәл кейініректе менің қайраткер атанғанымды өзіңіз де біліп отырсыз. Соңғы үш жылда ансамбль мүшелеріне төрт үй берілді. Сол күндері Қарауылда «Қаламқастың» бастауында болған жан-жақты талант иесі Жәнібек Кәрменовтің ескерткіші бой көтерді. Сондықтан осындайда жақсының жақсылығын айт демекші, қалайша облыс, аудан басшыларына ақ алғысымызды білдірмеске!

– Былтыр қайраткер әнші атандыңыз. Ал оған дейін қол жеткізген жетістіктеріңіз қандай?

– Кезінде Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атандық. Абай ауданының құрметті азаматымын. Ана бір жылы Елбасының Алғыс хатымен, ал ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталдық. Ал алдыңғы жылы Астанада өткен Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезіне қатысып, Елбасының қабылдауында болғанымды мақтаныш тұтамын.

– Егер өзіңізге өмір жолын қайта бастауға мүмкіндік берілсе, қай жолды таңдаған болар едіңіз?

– Тек қана осы жолды, өнер жолын таңдар едім. Әркімнің маңдайына жазылған тағдыр талайы болады. Иншалла деп айтайын, мен бақытымды өнерден тапқан адаммын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Дәулет Сейсенұлы

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button