Батыр жайлы інілері не дейді..?
Жаңабай Әшімов – Қасым ағамыздың ізіне ерген, елге келгенде, қасында жүріп қызғылықты әңгімелерін тыңдаған батырдың жерлес-інілерінің бірі. Ұзақ жылдар Ұлан ауданында совхоз директоры, аталмыш ауданның әкімі қызметін атқарған жергілікті азамат. Бүгінгі таңда зейнет демалысындағы ағамыз – ортасына абыройлы, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Бір фляг балдың жыры
– Қасым ағамыздың есімі, ол кісінің ерлігі жайында бала күнімізден естіп, кітаптардан оқып өстік қой. Ең алғаш ол кісіні жүзбе-жүз көруім 1986 жылдың жазы. Ұлан совхозына директор боп келгеніме көп бола қоймаған. Ағамызға ел азаматтары бір жигули машинасын сыйға тартыпты да, сол кездегі аудан басшылары Алматыға шығарып салып барады екен.
Жолдарынан күтіп алып, «Ауылға жүріп, дәм ауыз тиіңіздер» деп, үйге шақырдым. Асығыс екен, дегенмен «дәмнен үлкен емеспіз ғой» деп, далаға жайылған дастарқанға тізе бүкті. Орындықтары целлофан қағазбен қапталған су жаңа мәшинені көрейін деп есігін ашып қалсам, орындығында пистолет жатыр. Кәдімгі пистолет, сыртында қорабы бар. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген, сасқалақтап қалдым. Сөйтсем, ол ағамыздың өз атына берілген жеке, яғни, имменной пистолеті екен. Содан мәшинеңіздің көрімдігі деп жүк салғышына бір фляг Алтайдың балын салып бердім. Ағамыз рахметін айтып, аттанып кетті.
Таңертең ертелетіп жұмысқа келсем, БХСС-тің инспекторы келіп тұр.
– Не боп қалды? – дедім ештеңе түсінбей.
– Сіздің асханадағы балды санауым керек – дейді әлгі.
– Қайдағы бал, оны санаудың не қажеттігі туып тұр? – дедім әлі де болса әңгіменің байыбына бармай.
Сөйтсем, бір түннің ішінде «Әшімовтің асханасында бір фляг бал кем» деп арыз түсіріп үлгірген ғой.
– Кімдер?
– Ой, кімдер дерің бар ма? Түсірем дегендер түсіреді ғой, қай кезде болмасын.
– Содан не болды, тексерді ме?
– Не болушы еді, әрі тексеріп, бері тексеріп, қайта-қайта санақ жүргізді ме, асхананың меңгерушісін қыспаққа алды ма керек, біраз шұқшиды әлгі инспектор. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, сол азамат әлі бар. Қазір зейнетте, Қайсенов ауылында тұрады.
Кабинетіме ертіп барып: – Әй, жігітім! Сен немене бір фляг бал үшін атағы жер жарған Қасым Қайсеновті масқаралағалы тұрсың ба, болмаса менде кеткен есең бар ма? Иә, «жерлес ағамыздың мәшинесіне көрімдік болсын, елдің дәмін татсын, Алматыдағы дос-жарандарына мақтанып барсын» деп бір фляг бал бергенім рас. Сол үшін осыншама шу көтеріп, дүрлігетіндей не көрінді? – дедім мен де ашу шақырып.
Балдың қалай, неге берілгенінен бейхабар екен:
– Ойбай-ау, ағасы, мен оны білген жоқпын ғой. Әншейін, «Бар да, тексер!» деген соң келіп қалған едім – деп, шыр-пыры шықты.
Сонымен бұл әңгімені де, тексерісті де тоқтатып, бәрі тынышталған секілді болатын. Бір күні поштадан менің атыма ақша аударылғаны жөнінде квитанция келіп тұр. Әжептәуір ақша.
«Бұл неғылған ақша, кім аударып жүр?» деп қарасам, Алматыдан, Қасым ағамыздан келіпті.
Салып ұрып асхананың меңгерушісіне бардым.
– Әй, шырағым, мынау не, мен айттым емес пе, бәрін өзім реттеймін деп, – десем, өзі орысша сөйлейтін келіншек болатын: – Иә, ағасы, мен сол жолы инспектор қайта-қайта қыспаққа ала бергесін, не істерімді білмей, қорқып, ол кісіге болған жағдайды баяндап хат жазып жіберген едім, – дейді жыларман болып.
Енді болар іс болып, бояуы сіңіп қойғасын не дейсің оған. Қойдық сол бетімен.
Содан, бір жолы Мұсабек Қапанов деген палуан досым бар, екеуіміз бір шаруалармен Алматыға бара қалдық. Ойымызда ештеңе жоқ, көше бойлап келе жатсақ, анадай жерде гүж-гүж еткен таныс адамның дауысы естіледі. Байқасақ, қасында бір-екі адаммен әңгімелесіп Қасым ағамыз тұр екен. Соңынан қуғандай болмайық деп, алдыңғы жағын орап келіп сәлем бердік.
Сонда айтқаны ғой жарықтықтың: – Әй, дорогой! Сен өткен жолы адресті алдың ғой, ағаңа хат жазғанды білесің, үйге неге келмейсің? Мен анау балыңды мәшинемнің көрімдігі екен десем, сен, оказывается, оны маған сатқан екенсің ғой. Ақшаңды салып жібергем, алдың ба? – демесі бар ма.
Өмірімде бұрын-соңды мұншама жер болып ұялып көрмеппін. Әлгі жерде кірерге тесік таба алмадым ғой, сенсең.
– Мынау бір қызық оқиға болған екен. Сонан кейін де талай мәрте кездескен боларсыздар?
– Әрине, кездестік қой. Қасында бірге де жүрдік қаншама рет. 1993 жылдың жазында Ұлан ауданында әкім болып тұрғанымда ағамыздың 75 жылдық тойын өткізіп бердік. Сондағы балаша қуанғанын көрсең жарықтықтың.
Қасында бәйбішесі мен немересі бар, жерлес жазушылардан Қалихан Ысқақ пен Әсет Әукебаевты, тағы да біраз адамды ертіп келді. Шыбындыкөлге үйін тігіп, ат жарысын өткізіп, палуандар күресін де ұйымдастырдық.
Той барысында палуандар күресі басталып, жеңіл салмақтағылар күресіп жатқан. Сонда әлгілердің күресін тамашалап отырып-отырып:
– Әй, Жаңабай! – дейді күркіреген дауысымен.
Бірдеңе боп қалған екен деп:
– Иә, аға, – деп қасына барсам:
– Слушай, дорогой, мына палуандарыңның бәрі неғып ұсақталып кеткен ей, а? Сен өзі аудан әкімі болып қайда қарап жүрсің, мынаның бәрін ұсақтап? – деп отырған жұртты бір күлдіргені бар.
«Газет оқу керек, жолдас сержант…»
Мына бір әңгімесі де қызық. Бірде Жамбыл облысында ат шаптырып, ас берген үлкен той болатын болып, ағамыз сол жаққа жолға шығады. Астында жап-жаңа мәшине, рөлде өзі. Таяуда ғана алса керек, әлгі көлігіне әлі мемлекеттік нөмір алып та үлгермепті. Жол-жөнекей жол инспекторы тоқтатады.
Жап-жас сержант екен дейді. Құжаттарын ары қарап, бері қарап, машинаның алдына бір шығып, арт жағынан бір қарап, жүріп-жүріп келіп, бір кезде:
– Жолдас Қасымов! Нөмірі жоқ машинамен жүруге болмайтынын білмеуші ме едіңіз? Қай бағытқа жол тартып барасыз, көлігіңіздің нөмірі қайда? – деп сұрақтың астына ала бастапты.
Көптен бері мұндай тергеу-тексеруді көрмеген ағамыз алғашқы бетте не дерін білмей, сасыңқырап қалған секілді. Сосын, ойына әлдене сап ете қалса керек, мәшиненің арт жақ салонында ілініп тұрған, омырауы орден-медальға толы әскери кителін алып шығыпты да:
– Әй, жігітім! Газет-журналдардан оқып, көріп жүрген боларсың. Мен Қасым Қайсенов деген партизан әрі жазушы ағаң болам. Мына Қордайда Шопандардың сабантойы болады» – деп арнайы шақырғасын, сонда бара жатқан бетім, – дейді формасын көрсетіп әрі қазақ жігітін өзімсініп.
Анау да бір «айналайын» болса керек. Батырды шынымен де танымаған ба, әлде жорта танымағансыған ба, кім білсін:
– Жоқ ағасы, мен газет-журнал оқымаймын, сондықтан Қасым Қайсенов деген партизанды да, ондай жазушыны да танымаймын, – депті беті бүлк етпей.
Бұған дейін анда-санда тоқтатып жүретін Алматы көшелеріндегі жол инспекторлары Қасекеңді көрген жерде ағалап, сәлем беріп, құжаттарын тексермей-ақ қоя бере сап, ағамызды әбден еркелетіп жіберген ғой. Соған үйреніп қалған батыр:
– Апыр-ай, ә! – деп бір сәт тығырыққа тірелгендей болады. Содан ойына қайдан келе қалғанын кім білсін: – Әй, слушай, дорогой! Сен кешелі-бері шығып жатқан газеттерді оқып, радиодан соңғы жаңалықтарды тыңдадың ба? – депті, қайтер екен дегендей. Сержант та сіресіп қалған бәле екен:
– Жоқ ағасы, мен газет оқымаймын дедім ғой сізге, сосын радио тыңдап отыратын уақытым да жоқ, – дейді қалам-қағазын алып, протокол толтыруға ыңғайланып. Сонда ағамыз қос қолымен санын соғып қап:
– Ой-бу, шырағым, сен өзі айналаңда болып жатқан жаңалық атаулыдан мүлдем мақұрым қалыпсың ғой. Совет милициясына бұл жарамайды, жарамайды, – деп басын шайқай беріпті.
Білімі шамалы адамның арты қуыс келеді ғой. Инспектор да абыржып қалса керек:
– Не боп қалды, айтып тұрғаныңыз қандай жаңалық, ағасы? – дейді елең ете қалып.
Сонда осы бір сәтті күтіп тұрған Қасекең де қапы қалмай:
– Әй, бала, білмесең біліп қой. Осыдан екі күн бұрын ішкі істер министрінің «Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен ардагерлеріне Қазақ ССР-і аумағында жекеменшік көліктеріне мемлекеттік нөмір тақпай жүруіне рұқсат берілсін – деген бұйрығы шықты ғой, – дейді, түсін салып тұрып, сұқ саусағымен жоғарғы жақты нұсқап.
Бұрын-соңды естіп көрмеген мұндай тосын бұйрықтың шықпан-шықпағанына сенер-сенбесін білмей, сасқалақтап қалған әлгі сержант таңданысын жасыра алмай:
– А-а, солай ма еді? Мен ондай бұйрықтың шыққандығын естімеппін, ағасы. Газет сатып алып, оқитын екен. Ондай болса кешіріңіз, жолыңыз болсын! – деп шекесіне қолын қойып, құжаттарын қайтарып берген екен. Қасекең де сыр бермеген қалпы:
– Нешауа, нешауа, ондай-ондай болып тұрады. Бірақ анда-санда болса да газет оқу керек, жолдас сержант, газет оқу керек, – депті де жүріп кетіпті.
Серік Құсанбаев