Мәдениет

Башқұрт елінен табысты оралды

Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы Башқұртстан Республикасының Уфа қаласынан тағы да табысты оралды. Бұл туралы театр директоры Руслан Қайырсынов бастаған әртістер БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.

Башқұрт елінен табысты оралдыҚазақ труппасының қайта-қайта әлемді тамсандырып жүрген қойылымы қандай дейсіздер ғой. Ол – арамыздан аққан жұлдыздай жарқырап өткен дарынды режиссер Рүстем Есдәулеттің «Атымды адам қойған соң» атты туындысы. Ешқандай боямасыз ағаш, су, топырақ сынды заттарды қолданатын бұл эксперименттік қойылым бүгінде біздің өнерпаздардың брендіне айналған.

Осы жолғы сайысқа түркі тілдес он төрт елдің өнер ұжымы қатысыпты. Құрылғанына небәрі он екі жыл ғана болған біздің театр жастығына қарамай «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» аталымын қанжығаларына байлап оралды.

– Бұл жеңісіміз жарыстарға баруымызға көмектесіп келе жатқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ және біздің әртістеріміздің арқасы, – деді театр директоры.

Олжалы сапардың ең үлкен жеңісі деп ауыз толтырып айтарлық тағы бір қуанышты іс – қойылым аяқталған соң қазылар мен көрермендер режиссердің шеберлігіне таңғалып, марқұм Рүстемге бір минут үнсіздік жасап, құрмет көрсетіпті. Бұл туралы жас әртіс Айдын Салбанов былай дейді:

– Шыны керек, ағамызға жасаған құрметтері еріксіз жанарыма жас алғызды. Бұрын гастрольмен басқа жаққа барғанымызда Өскемен театрын көпшілігі мойындағысы келмейтін. Қазір бізбен санасатын болды. Тіпті, амандасу мәнерлері де өзгерді, – дейді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, біздің өнерпаздардың қойылымын башқұрт елінің республикалық телеарнасы тікелей эфирден таратып, абыройымызды тағы бір мәрте аспандатыпты.

– Тоғызыншы қыркүйек күні үш спектакль қойылды. Соның ішінде біздің қойылымды ғана тікелей эфирден бүкіл Ресей еліне таратты. Жалпы, біздің әртістерге жасаған халықтың ыстық ықыласына қарап тұрып, қазақ елінен барғаныма мақтандым, – дейді Башқұртстан еліне қазақ труппасымен бірге арнайы барған журналист Айгүл Базарова.

Енді бұл қойылымды қазақ труппасы көрермендердің сұрауымен облыстың аудандары мен ауылдарына барып қоймақ.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button