Тікелей байланыс

Барлық мектептерде білім мен тәрбие ұштастырыла жүргізілуі тиіс

«Дидар» газетінің редакциясында ұйымдастырылған тікелей байланысқа облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова қатысып, оқырмандар сауалына жауап берді.

Барлық мектептерде білім мен тәрбие ұштастырыла жүргізілуі тиісБерік СЕЙФУЛЛИН, Үржар ауданы:
– Университет немесе педагогикалық институт бітіргендер мектептерге мұғалімдік қызметке бірден қабылданып жатады. Ал колледж дипломын алғандар жұмысқа сирек қабылданады. Колледж тәмамдаған балаларымыздың ертеңі не болмақ?

– Кез келген білім мекемесінің басшысына бірі жоғары, екіншісі орта білім алған, айталық, информатика пәнінің екі мұғалімі жұмыс сұрап келер болса, көбінесе жоғары оқу орнын бітірген маманға сұраныс түседі. Алайда, бұл жерде маманның жоғары немесе орта білімдік дәрежедегі дипломы емес, алған білімінің дәрежесі маңызды болуы тиіс. Егер мектеп басшысы қол астына білікті кадр қабылдаймын десе, жұмыс сұрап келген бірнеше мұғалімді біліктіліктеріне қарап, конкурстық негізде қабылдауына болады.

ӘДІЛ, Айғыз ауылы Аягөз ауданы:
– Біздің Айғыз ауылындағы мектепте соңғы екі жылдан бері математик мұғалімдер жетіспейді. Осы мәселенің шешімін қалай табуға болады?

– Білім басқармасы қай мектепке қандай пәннің мұғалімдері қажеттігі жайлы анықтамалар алып, жоғары оқу орындары мен колледждерге тапсырыс береді. Жалпы, жыл сайын облыс орталығында оқу орнын бітіруші түлектерге арналған «Мамандық жәрмеңкесі» өткізіліп тұрады. Бұл жәрмеңкелердің қашан, қай жерде өтетіндігі жайлы ақпарат алдын ала аудандық, қалалық білім бөлімдеріне жіберіледі. Ал мектеп директорлары болса, осы мәлімет бойынша «Мамандық жәрмеңкесіне» қатысып, өздеріне қажетті пән мұғалімдерімен келісімшартқа отырады. Әрине, бұл жерде «әлеуметтік пакет» деген болады. Яғни, ауылға келетін маманды баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар, басқа да жағдайлар жасау мәселесі жергілікті әкімдіктерге тиесілі.

Талғат БЕЙСЕНОВ, Көкпекті ауданы:
– Пантелеймоновка ауылының мектебі көп жылдардан бері апатты жағдайда. Биыл ауылда жаңа мектеп құрылысы бастала ма?

– Негізінен бұл сұрақ жергілікті атқарушы билікке қатысты. Олай дейтінім, аудандардағы барлық мектептер сол ауданның әкімдігіне қарайтындықтан, мектептерге байланысты барлық құрылыс, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, жылу мен су мәселелерін солар шешулері тиіс. Пантелеймоновка мектебінің мәселесімен таныспын. Әрине, бұл жағдайдың осы күнге дейін шешім таппағаны өкінішті. Болашақта бұл мәселеге байланысты сауалдар Көкпекті аудандық әкімдігіне жолданатын болады.

Берік СЕЙФУЛЛИН, Үржар ауданы:
– Биыл мектеп бітіруші түлектер мемлекеттік тест-сынақты екі мәрте тапсырады дейді. Бұл жасөспірімдерге ауыр тимей ме?

– Екі кезеңнен тұратын ҰБТ тек 2015 жылдан бастап қана жүзеге асырылатын болады. Қазір ол республика бойынша бар болғаны 32 мектепте тәжірибе ретінде қолданыла бастады. Ол мектептердің қатарына біздің облыс мектептері енбегендіктен, ҰБТ өңіріміздің барлық мектептерінде бұрынғы тәртіппен, яғни, бір кезеңде өтетін болады.

Айтмұхамбет БЕСПАЕВ, Күршім ауылы:
– Бүгінде Күршім ауданында 32 жетім бала 28 отбасында патронаттық тәрбиеге алынып отыр. Тағы да 7-8 отбасы осындай балаларды алып, тәрбиелеуге ниет білдіруде. Бірақ, заңның патронат ата-ананың міндетті түрде педагогтық білімі болуы тиіс деген тармағы олардың бала алуына кедергі болып отыр. Осынау тармақты өзгертуге немесе басқадай біліммен бала тәрбиелеуге болмай ма?

– Үкіметтің осы қаулысына байланысты жақында ғана министрлікке облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолы қойылған сауал жолдадық. Олардың берген жауабы бойынша тек қана педагогтық білім емес, жалпы кәсіптік білімі бар кез келген ата-ананың патронаттық тәрбиеге бала алуларына рұқсат бар.

Төлеубек САҒЫНБЕКҰЛЫ, Өскемен қаласы:
– Еліміз Тәуелсіздік алған 22 жылда шет елдердегі қандастарымыз өз ата жұрттарына көптеп оралуда. Олардың барлығы қазақстандықтардың қолданысындағы кирилл әрпімен сауат ашпағандықтары белгілі. Өзге әліпбимен сауат ашқан оралман оқушыларға облыстық білім басқармасы тарапынан жеңілдіктер немесе қосымша сабақтар қарастырылған ба?

– Білім беру ұйымдары тарапынан оларға ерекше назар аударылады. Облыстағы барлық оралман отбасылардың балалары оқумен қамтылған және сабаққа қатысуы ұдайы қадағаланады. Мұғалімдер сыныпқа келген әрбір оқушымен жеке жұмыстар жүргізіп, мектеп әкімшіліктері олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатқан. Мұғалімдерге оралман оқушылардың қазақ тілінен сауаттылықтарын көбіне әліппеден бастауына тура келеді. Сондықтан оларға сыныптастарын қуып жету, білімдерін теңестіру үшін мұғалімдердің көп ізденуі қажет. Жақын шетелдерде қазақ балаларының жазу сауаты араб әліпбиімен ашылғандықтан, оралман оқушыларға қазіргі қазақ әліпбиін, орыс, ағылшын тілін оқытуды мұғалімдер арнайы үйірме, факультативтер арқылы жүзеге асырады.

Марғуа НҰРЖАНОВА, ардагер ұстаз, Күршім ауылы:
– Облыс орталығындағы мұғалімдердің біліктілігін арттыратын үш айлық курста біздің ауданнан 29 мұғалім оқып қайтты. Осы курстарға мектеп басшылары (директорлар, олардың орынбасарлары) неге жіберілмейді? Мектеп басшылары өздері білімдерін жетілдірмесе, біліктілігін арттырып қайтқан мұғалімдерге қалай жөн айтып, талап қоя алады?

– Өте орынды сұрақ. Не нәрсені болмасын басшылар өздерінен бастаулары керек. Басшылықтың ескі көзқарасы заман талабына сай жаңарып, өзгермейінше, ол өз қарамағындағы мамандардға ешқандай талап қоя алмайды. «Өрлеу» мұғалімдердің білімін жетілдіру орталығында өткен жылы 131, ал биыл 420 мұғалім үш кезеңнен тұратын білім жетілдіру курстарында болды. Бұл курстардың негізгі мақсаты – оқыту әдістемесі мен технологиясынан бастап, мұғалімдердің психологиялық, педагогикалық көзқарастары мен жалпы біздегі білім беру саласын заманауи талаптарға сай өзгерту. Бұл жайында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов та, сондай-ақ, жақында ғана Абай ауданына іссапармен келген вице-министр М.Әбенов те болашақта мектеп басшылары мен олардың орынбасарларының үш кезеңдік білім жетілдіру курстарында оқитындықтарын айтып өтті.

Айша ҚОНЫСБАЕВА, Саржал ауылы, Абай ауданы:
– Биыл Саржал ауылында жаңа мектеп салынады деп естідік. Ол мектепте шағын орталық, яғни, балабақша бола ма?

– Ертеректегі мектептер бірыңғай білім беру бағытына жоспарланып салынса, бүгінгі таңда кешен-мектептер салу, яғни, сол мектеп қабырғасында мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеп, оқуға дайындау қолға алынуда. Мұны заман талабы деп қабылдаған дұрыс. Саржалдағы мектеп те кешен-мектеп болады. Ал оның құрылысы биыл басталуы керек.

Гүлім ҚОҢЫРОВА, мектеп мұғалімі, Бесқарағай ауданы:
– Үлкен Владимировка орта мектебіндегі «Қазақстандық жол» білім және тәрбие орталығының жұмысы жайлы ел арасында жағымды пікір қалыптасуда. Ауыл мектептеріндегі осындай оңды үрдістер көп жағдайда насихатталмай қала беретін секілді. Осы жайлы, жалпы орталықтың мақсат-мүддесіне байланысты пікіріңіз қандай?

– Бұл орталықтар облыс әкімінің тікелей ұсынысымен қолға алынып, өткен жылдың бірінші желтоқсанында облысымыздың тоғыз ауданында ашылған болатын. Қалған аудандарда наурыздың біріне дейін ашылып, қазір толыққанды жұмыс істеп жатыр. «Қазақстандық жол» орталығының негізгі мақсаты – Елбасымыздың жалпы өмірін, алған тәлім-тәрбиесі мен қатардағы жұмысшыдан осындай дәрежеге дейін қалай өсіп-өнгендігін, мақсат-мүддесіне жету жолындағы табандылығы мен қажыр қайратын, саясаттағы, жалпы өмірдегі жан-жақты сауаттылығын жас ұрпаққа үлгі ету. Бұл орталықтар республика бойынша тұңғыш рет біздің өңірде ғана ашылып отырғандықтан, «Восток» ғылыми-эксперименттік орталығымен және Шығыс Қазақстан гуманитарлық университеті ғылыми қызметкерлерімен бірлесе отырып, оқу-тәрбие, жұмыс жоспарларын әзірлеп бердік. Қазір барлық аудандар сол бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Болашақта мұндай орталықтардың жұмысы мен жетістіктері халыққа кеңінен насихатталатын болады.

Қайрат МАНАРБЕКОВ, Көкпекті ауданы:
– Көптеген ауданда Қанипа Бітібаеваның зертханасы ашылуда. Ондай зертхананың негізгі мақсаты қандай?

– Атаулы зертхананың бөлімшелерін ашудағы негізгі мақсат – «Құрмет» орденінің, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Омарғалиқызының жаңашылдық тәжірибесін оқып-үйрену, сол арқылы мұғалімнің имиджін, педагогикалық шеберлігін көтеруге ықпал ету, сондай-ақ, мемлекеттік тілді меңгеру мен оның қолданыс аясын кеңейту мәселелерін шешу.

Әлима ТҰҢҒЫШБАЕВА, Күршім ауданы:
– Оқушылардың жазғы демалысына байланысты әр ауданның өз концепциясы болуы керек дегенді қалай түсінуге болады?

– Облыстық әкімдіктің оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы қаулысы облыстың барлық өңірлеріне бірдей. Балалардың демалысын, сауығуы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша ортақ ережелер, нормалар бекітілген жазғы демалыстың бір бағдарламасы, концепциясы бар. Мысалы, қайсыбір аудандар туристік бағытта, енді бірі спорттық, экологиялық жағынан жақсы дамыған. Кей аудандардың табиғаты әсем жерлері, сауықтыру демалыс базасы бар болса, қайсыбір аудандарда сауықтыру лагерьлері де жоқ. Осыған орай әр аудан мен қалада өздерінің жалпы талаптарын, нормаларын сақтай отырып, жазғы демалыс, сауықтыру, жұмыспен қамту ұйымдарының өз концепциясы болуы тиіс.

Тікелей байланысты жүргізген –
Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button