Ауыл шаруашылығы

Балымыз барлық балаға да жетеді, шетелге де кетеді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің омарта шаруашылығы орталығында болып, осында іске қосылғалы отырған ара балын арнайы ыдыстарға құйып өндіру цехының жұмысымен танысты.

Балымыз барлық балаға да жетеді, шетелге де кетедіОмарта шаруашылығы орталығына орнатылған автоматтандырылған желі өндірістік цехта өндірілген балды үлкенді-кішілі ыдыстарға құйып, бекітіп, тұтынушыға тікелей жөнелтуге жол ашатын болды. Польшадан әкелінген бұл жаңа қондырғы әбден тазартылған сапалы бал алуға қол жеткізіп қана қоймай, оны сауда нарығына қолайлы етіп, шағын ыдыстарға құйып шығаруға мүмкіндік бермек.

10 грамнан бастап бір литрге дейінгі көлемдегі пакеттер мен шағын құтыларға құйылып шығарылатын бал ең алдымен облыс мектептерінің оқушыларына, одан соң шетелге шығаруға бағытталып отыр.

Облыс Әкімін бал өндіруге, өнімді ыдыстарға құюға арналған құрал-жабдықтардың жұмыс істеу жүйесімен таныстырған серіктестік директоры Александр Томашенко алдағы уақытта аталған өндірісте биологиялық белсенді қоспалар, балауыз, бал кремі тәрізді қосалқы өнімдердің де көптеп өндірілетінін жеткізді.

10, 20 грамдық пакеттерге салынған бал асханаға келген мектеп оқушыларының әрқайсысына таратып бергенге ыңғайлы-ақ. Олар қаптау аппараты арқылы арнайы полиэтилен пакеттерге құйылып, бекітілген. Бал ысырап болмай, мөлшерімен беріліп, қай мектепке, қанша балаға, қандай көлемде бөлінгені де белгілі болып отырады. Омарта шаруашылығы орталығының өндірісінде бал шырыны да арнайы ыдысқа құйылып шығарылмақ екен. Суға ерітілген бал қоспасының шырыны да шағын пакеттерге салынған күйінде үлестірілмек.

Алайда, облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ бал шырынының да, бал құйылған пакеттердің де мектеп оқушыларының пайдалануы үшін үлкен қолайсыздық тудыратынын, төртбұрыш пакетке салынып бекітілген балды қасықпен алып жеу, сондай-ақ, осындай пакетке құйылған сұйық шырынды ішу әркімді әжептәуір әуреге түсіретінін айтып, оларды түтікше арқылы ішетіндей немесе арнайы құтыға құйылған қалпында ыңғайлы етіп шығару қажеттігін айтты. Облыс Әкімі сонымен қатар, шаруашылық басшыларына түтікшелі бал шырындарды болашақта ұшақтарда пайдалануға шығару керектігін де ескертті.

– Мектеп оқушыларын қамтудан кейін балды шетелдерге шығаруға баса көңіл бөлу керек. Оларды салатын, құятын құтылар мен ыдыстарды да өзіміздің облыста шығару қажет, – деді облыс Әкімі серіктестік басшыларына келешекте өндіріс саласын кешенді түрде дамытуды ұсынып.

Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының айтуынша, бал өндіру көлемін көбейтуге мүмкіндік жетеді. Институт құрамында екі асыл тұқымды омарта шаруашылығы бар. Таяу арада тағы бір асыл тұқымды шаруашылық құрылмақ. Шаруашылықта асыл тұқымды аралар ұясын арттырып, олардың қоректенетін өсімдіктерінің түрін молайтуға, ара ауруларының алдын алуға, араларды қолдан ұрықтандыруға орай жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аймақта омарта шаруашылығын дамыту – ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басты мақсаты. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алынып, құрылып отырған бал өндіру, өнімді ыдыстарға құю өндірісі цехының құрал-жабдықтары арқылы енді өңірдегі омарта шаруашылығының иелері де тәжірибе жинақтап, олардың кәсіптерін өркендетуге осы орталықтан қолдау көрсетілмек. Осында жасалып отырған «Жаңа омарташылық құру» ғылыми өндірістік орталығы» қанатқақты жобасы бойынша қазір мұнда Глубокое ауданындағы 20 адам омарта шаруашылығын құру үшін шеберлік класынан өтіп, омарташылықтың қыр-сырымен танысып жатыр. Оларға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие беріліп, кәсіптерін бастауға өзге де көмек, қолдаулар көрсетілмек.

Серіктестік директорының орынбасары Нұрлан Тоқтаров институт ішінен ара балының өндірісін зерттеуге арналып, заманауи зертхана ашылғалы отырғанын айтты.

Бұл институтта құрылғалы отырған «Омарта шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығын құру және дамыту» атты 2013-2020 жылдарға арналған жоба аясында атқарылғалы отырған алғашқы шаруаның бірі болмақ. Алтайдың балын шетелге, әлемдік нарыққа шығару үшін алдымен өнімнің әлемдік стандартқа сай екенін айғақтайтын, қазіргі заманға сай зертхана қажет. Зертхана облыстағы омарта шаруашылықтарын аккредитациядан өткізуге де пайдаланылмақ. Оған 45 млн. теңге көлемінде қаржы керек.

Еліміздің «Агробизнес – 2020» бағдарламасында Қазақстан ауыл шаруашылығының айрықша саласы ретінде омарта шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып отыр. Саланы өркендетуге байланысты алға қойылып отырған міндеттер мен мақсаттар, қажетті қаржы көлемі Ауыл шаруашылығы министрі облысқа келген кезде де айтылып, баяндалған болатын. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігіне зертхана жабдықтарын сатып алуға, атқарылатын басқа да шараларға қажетті қаржыға тапсырыс беріліп отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button