Сұхбат

– Бала тілін қадағалау – басты міндетіміз

Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Манарбек Мұхамеджанов:

 Қазақ үшін қазақ тілінің тағдыры жиі талқылайтын тақырыптардың біріне айналды. Тіпті, бұл тақырыпқа ел Президенті де назар аударып, өзінің сайлауалды бағдарламасына арқау етті. Қасым-Жомарт Тоқаев өз бағдарламасында: «Мемлекеттік тілдің одан әрі дамуын және күнделікті өмірдегі қолданысын ынталандыратын боламыз. Тілдік негіздегі кемсітушіліктің кез келген түріне қатаң түрде қарсы тұрамыз», – деген болатын. Осыған орай көп жылдар бойы тілдерді дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарған облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхамеджановпен  сұхбаттасып, тіл тағдырын талқыға салған едік. 

– Егемен ел болғанымызға 30 жыл. Осы аралықта қазақ тілін дамытуда қандай жетістікке қол жеткіздік?

– Жеткен жетістігіміз де, жіберген қателігіміз де көп. Жерін, елін, ұлтын шын сүйетін азаматтар мен азаматшалардың арқасында Тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілін дамытуға, оның қолданылу аясын кеңейтуде атқарылған шаруа өте көп. Бір ғана мысал айтайын, 2005 жылы Шығыс Қазақстанның мемлекеттік басқару органдары іс қағаздарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 7 пайыз болғанын біреу біледі, көпшілігі біле бермейді. Ол не деген сөз. Яғни, басқару органдарындағы, жалпақ тілмен айтқанда әкімдіктердегі құжаттардың осынша пайызы ғана мемлекеттік тілге аударылатын еді. Қазақша құжат мүлде дайындалмайтын деуге болады. Егер сен қазақша жазсаң, онда міндетті түрде орысша нұсқасын қоса ұсынуың керек болатын. Ал бүгін ше? Барлық құжат қазақ тіліне аударылған, аударма нұсқада болсын қазақ тілді құжат бар деген сөз. Осының барлығы аз да болсын нәтижелі еңбектің жемісі шығар деп ойлаймын. Әрине, бұдан да жоғары жетістікке жетіп, қазақ тілінде сайрап кетуге мүмкіндігіміз болды. Бірақ енді уақыттың бізге бергені осы болды.

– Өз елімізде құжаттың қазақ тіліне аударылғанына қуанатын қалге жеттік. Осының себебі неде?

– Жалпы, біз – ұлттық құндылықтарымыздан мәжбүрлі түрде айрылып, дінінен, ділінен, тілінен көз жазып қалардай күйге жеткен халықпыз. Біраз жыл көз жазып та қалдық. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, халқымыздың жартысынан астамы өзінің ана тіліне оралған жоқ. Қазақ бола тұра қазақ тілін білмеуі, онысына еш намыстанбауы бәрімізді де қынжылтады. Түріміз бір болғанмен, діліміз, тіліміз, ойымыз бір болмай тұр. Сөйтіп, ұлтымыз қазақтілді қазақ, басқа тілді қазақ болып, екі түрлі ойлау жүйесінде отырмыз. Көңілге келмесін, жалпы біздегі қалыптасқан ең нашар мінездің біреуі – басқаға сілтеушілік. Қазір бізге өткенді айтып, аһ ұрғанды қою керек. Оның бәрі меніңше, анау Шыңғыс хан заманынан бастап енгізілген «құлдық сананың» кесірі. Ол қазір ғылымдағы айналыста «Стокгольм синдромы» деп аталады. Яғни өзін қорлаушыға, өзіне зәбір көрсетушіге берілу, оны мойындау және кейін оған махаббатпен қарау.

– Әу баста қандай қателік жібердік

  • Біздің әуел баста жіберген қателігіміз – халықты отарсыздандыру деген саясат жүргізе алмадық. Онсыз санада тоң болып қалған «кесірлі психологияны» жою қиын болады. Сол қателіктің зардабын әлі қанша тартатынымыз беймәлім. Ауруды дәрімен емдеп жазады ғой, сол сияқты біздегі отарлық саясатпен сіңген мінез-құлықты, әдетті, енжарлықты, рухсыздықты емдейтін арнайы бағдарлама болуы керек еді. Сонда ғана біз өзімізге- өзіміз құрметпен қарауды үйренер едік.

– Сонда бізге не кедергі немесе кім кедергі болды?

– Оның дөп басып диагнозын айтып беру қиын шығар. Өйткені оның себеп-салдары көп. Меніңше, тіл – халықтың жаны. Бір формула бар, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген. Өйткені ол тілдің бізден басқа ешкімге қажеті жоқ. Орыс халқының тарихына терең үңілсең, олар – басқа тілді ешқашан менсінбеген халық. Үйренгісі де келмейді, үйренбейді де. Мына басқа ұлттың өкілі неге қазақша сөйлемейді деп олармен таласып тартысудың да қажеті жоқ. Оған басымызды неге ауыртуымыз керек. Біздің бас ауыртар дүние басқаша деп ойлаймын. Біздің проблема – өз ағайындарымызды қазақша сөйлетіп алу. Жаңа айттым ғой, ұлтымыз қазақ тілді қазақ, басқа тілді қазақ болып, екі түрлі ойлау жүйесінде отырмыз. Оны жоймай, ештеңе де өзгере қоймайды. Сосын кедергі болып отырған бір принципті мәселе бар. Ел Президенті болып сайланатын адам мемлекеттің тілі – қазақ тілінен емтихан тапсырады. Солай ғой. Осы талапты Үкімет мүшелеріне, Парламент депутаттарына, облыс, қала, аудан әкімдеріне қатысты да  енгізудің уақыты келді. Билік қазақша сөйлемей, тілдің көсегесі көгереріне сенім аз. Осыдан жүз жыл бұрын, 1920 жылы Сәкен Сейфуллиннің айтқан сөзі бар еді: «Тіл кеңсе тіліне айналмай, мемлекеттік мәртебеге ие бола алмайды» деген. Осы сөз бүгін де өзекті.

– Қазақ тілінің екінші тілге айналуына аға буын өкілі, сіздердің замандастарыңыз кінәлі деп айтуға бола ма?

– Бәріміз кінәліміз. Аға буын да, орта буын да, жастар да. Қазір байқасаңыз, Тәуелсіздіктің алғашқы 15-20 жылындағы тілдік өрлеу қарқыны керісінше төмен кетіп бара жатқан сияқты. Бірақ, тіл, діл, дін сияқты ұлтты ұстап тұратын үштағаннан кінәліні іздегеннен еш пайда таппаймыз. Бұл ретте бізге парасатты прагматизм керек. Отарлық психология бізді «өзімнен басқаның бәрі кінәлі» деп ойлауға жаман үйретті. Сондықтан ол қамытты лақтырып тастап, өзіңді азат сезініп, ұлы істерге үндемей-ақ байыппен үлес қоса берген дұрыс. Бұл да сананың рухани жаңғыруының бір парасы деп ойлаймын. Біз кінәліні іздеп жүргенде батпандап кірген ауру одан ары асқына берері анық. Ал соны мысқалдап болсын шығара берсек, рухани кемістігімізді уақыт өзі емдеп жазады.

– Біз қашан толыққанды қазақ тілінде сөйлейміз деп ойлайсыз?

Ол күн де алыс емес шығар. Біздің жас күнімізде осы облыстағы барлық жиын тек орысша өтетін. Келсін, келмесін, тілімізді сындырып орысша сөйлеуге мәжбүр болатынбыз. Өйткені қазақша сөйлеуге тыйым салынған. Қазір кез келген қызметті кімнің болсын өз тіліңде алуыңа, сөйлеуіне, жазуыңа мүмкіндік туды ғой. Әрине, күрмеуін шешуді күткен дүниелер де баршылық. Десе де, уақыт бәрін жеңеді. Тәуелсіздігіміз тұғырда тұрса, тіліміз де төрге шығар күн келер деп ойлаймын. Ол күннің келуі де заңдылық.

– Болашақ жастардың қазақ тілінде шебер сөйлеп кететініне сенесіз бе?

 – Оған үміт те, күмән де жоқ емес. Жас ұрпақтың қазақ тілін ұмытып қалмасы анық, алайда бай тіліміздің құнарын бойына сіңіріп, көркем тілмен көсіліп сөйлеп кетеді дегенге күмәнім басым. Өйткені қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне барған балалардың өзі орысша шүлдірлейді. Мұны жолға қою мемлекет тарапынан кешенді шаралар қолдануды қажет етеді деп ойлаймын. Бала тілін қадағалау басты міндетіміз болуы керек. Сонда ғана қазақтілді ұрпақ тәрбиелей аламыз.

– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты қандай ұсыныс айтар едіңіз?

 – Барлық жиындарда ұлты қазақ басшылар қазақша сөйлеуі қажет. Және оларға талапты өткір қою керек.  Түрлі қызметтерді қазақ тілінде алуды талап ете білу керек. Дегенмен, қазақша білмейтін өзге ұлт өкілдерінің намысына тимей, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген принципті дендеп енгізе беру шарт. Ең бастысы, бізге халқының тарихына бас иіп, бүгіні мен болашағын ойлайтын басшы, ондай басшыны қолдайтын халық, өміршең жүйе керек. Алдымен экономика, сосын саясат деген бағыт өзін ақтамады. Өйткені руханият пен экономика қатар жүрмесе болмайды. Оны уақыт бізге дәлелдеп берді. Ал экономикалық дамудың алғышарты –  рухани жаңғыру. Менің айтып отырғаным, ол әлгі есеп үшін берілетін рухани жаңғырудың шаралары емес, ол сананың жаңғыруы. Онсыз тіл сияқты күрделі мәселенің күрмеуін шешу қиынға соғады.

– Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

 Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button