Кәсіби мерекеСұхбатТОП

Кәсіподақ: рөлі, маңызы және мүмкіндіктері

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек» деген болатын. Ал еңбек адамына түсетін қиындықты жеңілдетуде, қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғауда кәсіподақтың атқарар жүгі ауыр. Еліміз еркіндік алып, іргесі бекігелі қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түскендей. Тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде, еңбек адамдарының қасында өз міндетін атқарып, тек кәсіподақ қалған болатын.

Кәсіподақтар федерациясы – қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғаумен кәсіби айналысатын, өндіріс шарттарын жақсартып, еңбек дауларын реттеуге бағытталған еліміздегі жалғыз ұйым.

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай «ШҚО кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Темірбек Қасымжановпен сұхбаттасқан едік.

– Темірбек Жұмақұлұлы, сұхбатымызды кәсіподақтың қазіргі қоғамдағы рөлінен бастасақ. Кәсіподақ ұйымдарының маңызы мен міндеттерін тарқатып айтып берсеңіз. Жалпы, кәсіподақ ұйымы қандай мәселелерді көтеріп жүр?

– Кәсіптік одақтар жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға арналған маңызды қоғамдық институт болып саналады. Әлеуметтік бағдарланған мемлекетті одан әрі нығайтуды қолдайды, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының органдарымен, жұмыс берушілер бірлестіктерімен тұрақты диалог жүргізеді. Кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі – барлық салада еңбекақының уақытында әрі әр адамның істеп жүрген еңбегіне қарай төленуін қадағалау. Біздегі еңбекақы халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сай келмейді. Кәсіподақ федерациясының кейінгі кездері көтеріп жүрген мәселесі – еңбекақыны сол халықаралық ұйымдардың стандартына келтіру. Елдің көбі білмейді, бірақ ең төменгі жалақыны 42,5 мыңнан 70 мыңға, жаңа жылдан бастап 85 мыңға дейін өсіру – осы кәсіподақтың бастамасымен істеліп отырған шаралар. Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау қажет. Бұл конвенция қызметкерлерді негізсіз төмен жалақыдан қорғау жүйесін бекітеді. Ратификация жасалса, конвенция бойынша орташа еңбекақының 50%-ы ең төменгі жалақы болады. Мысалы, орташа еңбекақы – 260 мың, демек ең төменгі жалақы 130 мың болуы керек, ал бізде 85 мың ғана. Кәсіподақтың қазіргі басты бағыттарының бірі – біртіндеп осыған жету.

– Кәсіподақ қанша ұйымды біріктіреді? Адамдар кәсіподаққа не үшін кіреді, ол қарапайым еңбек адамына не береді?

–  Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы – екі миллионнан астам кәсіподақ мүшесін біріктіретін еліміздегі ең қуатты және көпмүшелі қоғамдық ұйым. Шығыс Қазақстанда 85 мың кәсіподақ мүшесі, 14 салалық кәсіптік одақ бар. Қазақстандағы кәсіподақ ұйымының құрылғанына 118 жыл толды. Ал біздің кәсіподақтың құрылғанына – 103 жыл. Бұл ең тұрақты әрі қызметкерлердің құқығын қорғаумен кәсіби айналысатын, өндіріс шарттарын жақсартып, еңбек дауларын реттеуге бағытталған еліміздегі жалғыз қоғамдық бірлестік. Барлық аудандар мен қалаларда ұйымдарымыз бар. Сондай-ақ кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен тәуелсіз. Бізде заңды клиника бар. Ол жерде барлық мәселе бойынша тегін кеңес беріледі. Сотта жұмысшыларды тегін қорғаймыз. Соңғы сегіз айдың ішінде бізге жаңадан 3578 мүше қосылып отыр. Жыл сайын қатарымыз артып келеді. Өйткені жұмысшылардың мүддесі мен құқығын қорғайтынымызды ел біледі. Бұрын кәсіподақты шипажайға жолдама беретін ұйым ретінде қабылдайтын. Қазір кәсіподақ түбегейлі өзгерді. Ол жұмысшыларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесімен айналысады.

– Әлеуметтік мәселелерді шешуде кәсіподақтың қандай мүмкіндіктері бар?

 Кәсіподақ мәселелерді әлеуметтік әріптестік арқылы шешеді. Әлеуметтік әріптестік жүйесіне қатысу –  кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Өңірімізде әлеуметтік әріптестіктің бұрыннан қалыптасқан дәстүрі бар. Ол мемлекеттік орган, кәсіподақ және жұмыс берушілер арасындағы үшжақты келісім арқылы жүзеге асырылуда. Мысалы, бізде 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімшарт бар. Біздің кәсіподақтың барлық көтерген мәселелері осы келісімшартқа енгізіліп, оған әлеуметтік әріптестеріміз қол қойып, қазір іске асырылып жатыр. Биыл аяқталады. Енді біз 2024-2026 жылдарға жаңа келісімшарт дайындап жатырмыз. Өңірлік үшжақты келісімнің орындалуын қадағалайтын комиссия бар. Комиссия ай сайын отырыс өткізіп, еңбекақының уақтылы төленуін, әлеуметтік әріптестік арқылы алған міндеттердің орындалу барысын, еңбек қауіпсіздігінің орындалуы мәселесін қарап отырады.

 – Еңбек қауіпсіздігі кәсіподақтың үнемі назарында болатын. Еңбек ету кезінде адамдардың жарақат алу, мертігу жағдайларының деңгейі өзгерді ме? Оларға сіздердің ұйымнан қандай көмек бар?

 – Еңбеккерлердің қауіпсіздігі кәсіподақ ұйымдарының басты міндеттерінің бірі екені айқын. Президентіміз еңбек қауіпсіздігі шараларын жетілдіруге ерекше назар аударып, әр бес жыл сайын кәсіпорындарды еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды ұсынып отыр. Кәсіподақ та бұл мәселені көп жылдан бері көтеріп келді. Таңертең жұмысқа кеткен адам кешке үйіне аман-есен оралуы керек. Алайда кейінгі кездері жыл сайын жүзден астам адам өндірісте қаза табады. Біздің мақсат – соны азайту. Ол үшін не істеу қажет? Бірінші кезекте, жұмыс орындарын аттестаттау. 2023 жыл – Қауіпсіз еңбек жылы деп жарияланып отыр. Өңірімізде биылғы тоғыз айда былтырғымен салыстырғанда қауіпті жағдайлар 30%-ға азайған. Әлеуметтік әріптестерімізбен бірге атқарған жұмыстың арқасында осылай азайтып отырмыз. Бұл өте үлкен жұмыс. Осы тұста «Халықтық бақылау» жобасы туралы да айта кеткен жөн. Бұл жоба кәсіпорында жарақат алған және соның салдарынан еңбекке жарамай қалған жұмысшыларды қайта жұмысқа орналастыруды көздейді. Яғни олар кәсіпорындарға жұмысқа тұрып, еңбек қауіпсіздігіне бақылау жүргізеді.

Соңғы кездері зиянды өндіріс ошақтарында жұмыс істейтіндер, яғни кеншілерді, металлургтерді 55 жаста зейнетке шығару мәселесі көп талқыланды. Бұл мәселені де біраз жыл бойы кәсіподақ көтеріп келген. Биыл Президентіміз халыққа Жолдауында оның басты шешімін тапты деп ойлаймын. Яғни, 55 жаста зейнетке шыққан соң әлеуметтік төлем алатыны айтылды.

– Біздің облыстық кәсіподақтың қандай жеке бастамалары бар?

– Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге әлеуметтік төлем төлеу мәселесі көп жылдар бойы шешілмей келді. Біздің кәсіподақтың бастамасымен 2021 жылы облыстық үшжақты келісімшартқа кіріп, жүзеге асырылған болатын. Тағы бір мысал, ауылдарда денсаулық, орман шаруашылығы, ветеринария саласында қызмет ететін жұмысшылардың еңбекақысын 25 пайызға көтеру. Бұл да біздің ауылға мамандарды тарту үшін қолға алған бастамамыз. Облыстық келісімшартқа мектептердегі қарапайым жұмысшыларға еңбек демалысы кезінде бір еңбекақы көлемінде төлем беру бойынша ұсынысты да кіргіздік. Сол төлемді қазір мыңдаған адам алып отыр.

– Жастарды кәсіподаққа тарту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Кәсіподақта жастар аз. Оларды тарту мәселесін алға қойып отырмыз. Жастардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Олардың кәсіподаққа деген қызығушылығына өзім таңғалдым. Осы мақсатта «Келешек» жастар орталығын құрмақпыз.

– Кезінде мықты кәсіподақ еңбектің өнімділігіне әсер етеді деген ұғым болған. Ал қазір бұл ұғым орынды ма?

– Жоқ, қазір жағдай басқа. Кеңес заманында бір ғана жұмыс беруші мемлекеттік орган болған. Ал бүгінде жұмыс берушілер көбейді. Кәсіподақ олардың барлығымен келісімге келіп, жұмыс істеуі керек. Бұл оңай шаруа емес.

– Осы жыл қандай оқиғалармен, атқарылған нақты істермен есте қалды? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

–Биыл облыстық үшжақты келісімшарт толық жүзеге асып, аяқталады. Осы шарттың орындалғанына біз ерекше қуанып отырмыз. Сол арқылы жұмысшылардың көптеген мәселесін шешіп бердік. Жоспарларға келетін болсақ, алдағы жылдарға арналған жоба әзірлеп жатырмыз. Бірінші кезекте, еңбекақы және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз.

Сөз соңында мерекелік лебізіңізді білдірсеңіз.

– «Кәсіподақ тұжырымдамасында айтылғандай, қоғамның басты құндылығы ол – Еңбек адамы. Еңбек адамы нағыз жоғары құрметке ие. Ал кәсіподақтың алдында тұрған басты мақсат – жұмысшыларға жайлы еңбек жағдайын туғызу. Барша еңбек адамдарына мықты денсаулық, отбасыларына бақыт-береке тілей отырып олардың еңбегі ұдайы сұранысқа ие болып, лайықты бағасын алсын деген тілектемін. Кәсіподақ қай кезде де жұмысшылардың еңбегін қорғауды бәрінен биік қояды.

Сұхбаттасқан – Мадина Амангелдіқызы

Осы айдарда

Back to top button