Сұхбат

– ШЫҒЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫНДАҒЫ КҮРЕСІ ЖАЙЛЫ КІТАП ШЫҒАДЫ :

Зиза Мұхтарханқызы, Пушкин атындағы облыстық кітапхананың өлкетанушы-библиографы:

Кітапхана саласында 48 жыл қалтқысыз қызмет еткен, Мәдениет саласының үздігі атанған Зиза Мұхтарханқызының жылы жүзі кітапхана есігінен енгендердің бәріне таныс. Мерейлі зейнет жасына жетсе де, сырға толы туған жеріміздің тарихын, тағдырлы, танымал тұлғаларымыздың өмірін танып-біліп, бүгінгі ұрпаққа жеткізуді парыз санап келе жатқан Зиза Сіләмованың кітапахана оқырмандарына, газет  оқырмандарына  айтары көп.

 АҒАМ «КІТАБЫ КӨП ЖЕРГЕ АПАРАЙЫН» ДЕДІ

Рухани байлықтың ордасында талай жыл тер төгіпсіз. Мамандық таңдауда қателесіп жататындар жетерлік. Сіздің еңбек жолыңыздан өз мамандығыңызды адаспай тапқаныңыз аңғарылады.

– Анам жарықтық «кітапта басың қалсын!» деп ұрысатын. Мектепте оқып жүрген кезден бастап әдебиетке өте жақын болдым. Біздің бала кезімізде тек радио, кітап, газет-журналдар болды. Кітап көрсем, соны бітірмей тыныш таппайтынмын. Таңдау жоқ, қолыма не түссе оқи беретінмін. Ауыл кітапханасының кітаптарын түгел оқыдым десем өтірік емес. Үйге кітапты ағаларым әкеледі, «Жалын», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», т.б. журналдарға жазылады.  Газет-журнал келген күні мені орнымнан қозғалту қиынға түсетін.

Әкем Мұхтархан – Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір бойы Қалғұты совхозында жылқышы, шопан болып істеді, анам үй шаруасында. Дәрия әжем ерекше есімімді  кіндік шешеме қойғызыпты. Менің кіндік шешем Бәдижамал Азнабайқызы Күршім өңіріне танымал емші, он саусағынан өнер тамған шебер, аққол адам болды. Текемет,  сырмақтың  оюын ойып, бөріктің неше түрін, тіпті тон да тігетін. Ұзақ жылдар көрші болдық, арабша жазылған кітаптар оқып отыратын. Бес уақыт намазын оқып, отыз күн оразасын ұстайтын. Есімімді де Құраннан алып қойыпты.

48 жыл жұмыс істеген осы сүйікті мамандығымды таңдауыма үлкен ағам Бөкейханның ықпалы болды. Ұмытпасам, мен мектеп бітірер жылы «Қазақстан әйелдері» журналының мұқабасына шыққан бір әдемі қыздың суретін көрсетті. ЖенПИ-дің кітапхана факультетінің студенті екен. «Қыздар үшін өте жақсы мамандық. Арнайы жоғары оқуы бар, сен осыған барсаң, дұрыс болар еді», – деп ақыл қосты.

Маралды орта мектебін бітіре салысымен өз қалауыммен Семейдегі пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне құжат тапсырып, екі жыл қатарынан конкурстан өте алмадым. Ауылға қайтқым келмеді. Бөкейхан ағам: «Жүр, сені кітабы көп жерге апарайын, сонда оқысаң, қалада қаласың, болмаса үйге қайтамыз», – деді. Сөйтіп, Семейдің Абай атындағы кітапхана техникумына оқуға түстім. Сабақ таза орыс тілінде жүргендіктен оқу қиынға соқты. Қазақ мұғалімдер жоқ болатын. Дегенмен техникумды жақсы бітіріп шықтым, тіпті сол кездегі талап бойынша «үш жыл еңбек өтілінсіз жоғары оқуға түсуіне болады» деген қосымша куәлік берді. Орыс әдебиеті, шетел әдебиетімен жақын таныстым. Техникум маған көп нәрсені үйретті. Техникумнан кейін Алматыға күндізгі оқу бөліміне түсу үшін ЖенПИ-ге жол тарттым. Бірақ құжаттарымды қабылдамады, қосымша куәлігімді керек те етпеді.  Қабылдау комиссиясының төрағасына жолыға алмай (жастығым шығар) бірнеше күн сандалған соң, үйге телефон шалып жөнімді айтып едім, «үйге қайт, аудандық кітапханада библиографтың орны бос тұр екен» дегенді айтты. Сөйтіп, еңбек жолымды Күршім аудандық кітапханасында библиографтан бастағам. Әдебиетке үйір болғандықтан шығар, кітапханашы мамандығына тез икемделіп кеттім.

ЕЛ КОМПЬЮТЕРДІ БІЗДІҢ КІТАПХАНАДАН  ҮЙРЕНГЕН ЕДІ

Заманауи технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып бара жатқан уақыты, адамдардың бұрын кітаптан іздейтіндерінің бәрін интернеттен таба алатыны кітапхананы назардан тыс қалдырған жоқ па? Жалпы, қазіргі қоғамда кітапханашы мәртебесі қандай?

– Кітапхана жұмысы сырт көзге көрінбейді. Көпшілік арасында кітапханашы әншейін кітап алып, кітап беріп, кітап оқып отыратын жұмыс деген пікір қалыптасқан. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Кітапханашының жұмысы жаңалыққа құмарлықтан басталады. Өмір бойы кітапханада қызмет істеп келе жатқандағы түйгенім – бұл жерден күніне бір жаңалық, бір пайдалы дүние үйренген екем  десем артық болмас.

Қазіргі кітапханада өзгеріс көп. Әртүрлі үйірмелер, заманауи технологияны меңгеруге арналған оқулар өткізу жолға қойылған. Күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет- журналдар, жаңа кітаптар, күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды.

Бүгінгі елдің кітапханашысы заман талабына сай білімді, технологияны меңгерген, ерекше ынталы болу керек. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда барлық кітапханалардағы кітаптарды сандық жүйеге көшіру – заман талабы. Сонда оқырман кітапханаға келіп, уақыт жоғалтпай, үйінде отырып-ақ кітапхананың қызметін пайдалана алады. Кітапханашылардың қоғамдағы беделі жоғары болуы үшін кітапханашының білімді, өнерге құштар болуымен қатар еңбекақысы да жоғары болуы керек. Еңбекақы төмен болғандықтан жастар бұл мамандыққа жолағысы келмейді. Қазіргі жас оқырмандардың талғамы жоғары. Сондықтан эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, жан-жақты, білімді кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек.

Соңғы 25 жыл бойы  Пушкин атындағы облыстық кітапханада қызмет істеп келемін. Менің әріптестерім әр жылдың мерейтой иелерінің ішінен  оқырман көңілінен шыққан жауһар туындыларын таңдап, мәтінін дайындап, жазушы мен баспа арасындағы алтын көпір қызметін атқаруда.

Өткен жылы 25 қазан республика бойынша Кітапхана қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Мемлекетімізде кітапханашылар күні аталуының өзі осы мамандық иелеріне деген сый-құрметтің нышаны болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында кітапханашының имиджі өзгеріп, қоғамдағы рөлі арта түсті. Әртүрлі марапаттар беріліп, біздің мамандық та елене бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Өмір бойғы кітапхана саласындағы еңбегім еленбей қалған жоқ. «Кітапхана ісінің ардагері», «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгілерімен, Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2018 жылы облыс кітапханашылары ішінен алғашқылардың бірі болып мемлекеттік марапат – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алдым. 2022 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Қазақстанның көрнекті кітапханашылары» атты анықтамалыққа есімім кірді. Азды-көпті еңбегімді бағалап жатқан кітапхана әкімшілігіне, облыстық мәдениет басқармасына, әріптестеріме алғысым шексіз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әріптестеріммен бірге талай қиындықты артқа тастап, жаңа технологияны меңгеруге көштік.   Өңірімізде ең алғаш интернет қызметін пайдалануды үйретіп, компьютермен жұмыс істеу курстарын ұйымдастырған осы біздің кітапхана еді. Мектеп оқушысынан еңкейген кәріге дейін аймақта алғашқылардың басы болып арнайы компьютерлік курстарды тегін ұйымдастырып, оқырмандармен бірге өзіміз де компьютерлік сауаттылықтан өткен болатынбыз. Сол кездегі кітапхана директоры Х.Ақжігітованың басшылығымен жаңа технологияны меңгеру, интернет қызметін пайдалану жұмыстары қарқынды жүргізілді. Заманауи кітапханашыларды даярлауда, басқа озық елдер кітапханасымен тереземіз тең түсуіне көп ықпал жасады. Көптеген халықаралық семинардың куәсі болдым. Алға қойған басты мақсат – ескіліктен шығып, кітапхана жұмысын жаңа деңгейге көтеру, кітапханашының жаңа имиджін қалыптастыру еді. Ізденістің нәтижесінде Пушкин кітапханасы ТМД елдері арасындағы заманауи кітапханаға айналды. Жаңа технологияның дамуымен қатар кітаптың да назардан тыс қалмауына көңіл бөлінеді.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАПТАР СҰРАНЫСҚА ИЕ?

Бүгінгі күні қандай кітаптар сұраныста? Көркем әдебиетті оқымағаны көрініп тұратын, жалпы, көркем сөздің өзін ұқпай жататын жастарды, студенттерді көргенде көңілім қатты құлазиды. Бұл күнде кітапханаға кімдер келеді?

– Әрине, көпшілік болған соң арасында кітап оқымайтын, көркем сөзді ұқпайтындар болуы әбден мүмкін. Жас балалар комикс, фэнтези жанрына құмар. Бүгінгі күні тарихи, қазақтың ұлттық тұлғалары туралы кітаптар сұранысқа ие. Психология, өзін-өзі дамыту, кәсіпкерлік, мотивация, заманауи кәсіп, мамандықтар жайлы қазақ тіліндегі кітаптар көптеп сұралады. Алайда қазақ тілінде мұндай кітаптар жоқтың қасы.  Жастар кітап оқымайды дейміз. Кітап оқитын, поэзияны сүйетін жастар баршылық. Кітапханаға бес жастағы баладан бастап зейнеткерге дейін келіп кітап оқиды, әртүрлі үйірмелерге, клуб жұмыстарына қатысады.

Оқырман тарту, олардың кітапқа деген  ынтасын арттыру бағытында облыстық кітапханада қандай жаңашылдықтар бар?  

– Кітапханаға келетін аға ұрпақ өкілдерінің,  жас балалардың қарасы көп. Біздің кітапханада әртүрлі тегін үйірмелер, тіл үйрету курстары жұмыс істейді. Сол үйірмелерге келген әр бала, әр оқырман  кітапханадан кітап ала кететіндей жағдай жасалған. Сөйтіп, өнер, тіл үйренем деген оқырманның қызығушылығын кітапқа аударуға көп көңіл бөлінеді. Балаларға, жасөспірімдерге арналған компьютерлік сауаттылық, роботты техника негіздері, бейнежазбаны монтаждау, графикалық дизайн жасау, т.б. тақырыптардағы тернингтер тегін өткізіледі. Оқырмандар үшін электронды үкімет порталында онлайн қызметтерді пайдалана білуге үйрететін «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» жұмыс істейді.

Шығыстың рухани шаңырағы, ордасы қандай өзгеріске мұқтаж? Әлде бас кітапханада бәрі жақсы ма? 

– Облыстың бас кітапханасы өзінің статусына сай болу үшін күрделі жөндеуді қажет етеді. Оқырмандармен шығармашылық байланыста болатындай кітапхана кеңістігін ұйымдастыруға қажетті алаңдар, жиһаздар, интерьер жетіспейді. Әлемнің заманауи кітапханалары өз жұмыстарына виртуалды және толықтырылған нақты технологияларын енгізуде, бұл біздегі материалдық базаның әлсіз болуына байланысты мүмкін емес. Ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға кітапханалық қызмет көрсетуді толық көлемде жүзеге асыратын автокөлік жоқ. IT мамандар тапшы. Себебі – жалақы деңгейінің төмендігі, IT мамандардың штат кестесінде кітапханашыларға қарағанда жалақысы төмен, оған себеп – олардың техникалық қызметкерлерге теңестірілуі. Қазіргі уақытта бағдарламашылардың қызметі кітапхананың кітапханалық-библиографиялық қызметімен тығыз байланысты. Кітапхана қорын, өлкетану топтамасын, әсіресе мерзімді басылымдарды цифрландыру үшін цифрланған басылымдарды редакциялауға арналған бағдарламасы бар заманауи сканерлер қажет. Кітапханашылардың біліктілігін арттыруға, шетелдермен тәжірибе алмасуға жағдай жасау –бүгінгі заман талабы.

Өмір мен өнер егіз, осы жолда «әттегенайыңыз» болды ма?

– Жалпы, өмірге өкпем жоқ. Ата-анам, аға-бауырларыммен балалық шақтың бал шырынын басымнан кешірдім. 1978 жылы өз ауылымның азаматы Мұратбек Қожаұлына тұрмысқа шықтым. Отбасы жағдайына байланысты қоныс аударып,  қызыл отауда кітапханашы болдым, мектеп кітапханасында қызмет еттім. Тұрмыстық жағдайым жақсы, отбасым аман болғанына тәубе деймін. Екі балам бар, қызым Динара, ұлым Дархан – мемлекеттік қызметте. Айназ, Әмір, Әділ, Жанерке есімді немерелерім өсіп келеді. Өмір болған соң қызығы мен қиындығы қатар жүреді ғой. Былтырдан бері жолдасым қатты сырқаттанып қалды. Қазір жақсы, әйтеуір, басын көтеріп, табанымен жер басып, ақырындап жүріп жүр. Екі ағам – Бөкейхан мен Абайхан өмірден ертерек кетіп қалғаны өкінішті.

«ТРУДОБОЙЛАР» ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ

Кітапханада еңбек ете жүріп, ел, жер тарихы туралы тың деректер жинап, әлеуметтік желіде, баспасөз бетінде бөлісіп, жарыққа  шығарып жатырсыз. Оқып жүрміз. Бұл еңбегіңіз де бір төбе.

– Соңғы жиырма жылдан бері өлкетанушы-библиограф болып істеймін. Жыл сайын жылдың айтулы күндеріне байланысты күнтізбе жасап, сол бойынша  мәдени шаралар межеленіп өткізіледі, өзің білесің. Өлкетанушы ретінде туған жердің табиғатын, тұлғаларын, аңыз-әбсаналарын жинаумен де айналысамыз. Біздің кітапханада бірнеше жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде «Ауыл тарихы», «Шығыс Қазақстанның әдеби орындары», «Алтай аңыздары», өлке тарихына байланысты басқа да ақпараттар кітапхана сайтына қойылып, оқырманға ұсынылып отыр.

Өз тәжірибемізбен бөлісіп, жерлес жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы  республикалық, өңірлік баспасөзде мақалалар жазып отыратынымыз тағы бар. Сондай-ақ республикалық «Мәдениет», «Мәдени мұра», «Ақиқат»  журналдарында, жергілікті баспасөз беттерінде мақалаларым жарық көрді.

Өскемен телеарнасындағы «Рауан» тікелей эфирінен  өлке тарихынан сыр шертетін  хабарларға қатысып, кітапхана басшылығынан «Мисс телегеничность» деп алғыс хат алған кездер де болды.

Өлкетанушы болғандықтан туған өлке – Шығыс Қазақстан туралы материалдарды жинақтап, каталогке енгізу – басты міндетім. Осы атқарып отырған қызметім маған жаңа, тың деректер іздеуге түрткі болды. Соның ішінде туған өлке тарихын зерделеу, ашылмаған ақтаңдақтарды анықтау – өлкетану жұмысының маңызды бөлігі.

Өлке тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек армиясына қатысқан шығысқазақстандықтар» туралы зерттеу жұмысын жүргіздік. Бұл жаңа жобамыз облыс жұртшылығы арасында үлкен резонанс туғызды. Тіпті Қазақстан аумағын қойып, Кеңес дәуірінде мүлдем қозғалмаған ащы шындықтың беті ашылды. Бұрын айтылмаған, еске алынбаған тарихты қозғап, әкелер ерлігін насихаттап жатқанымызға жұрт жан-жақтан алғыстарын жаудырды. Ұрпақтары да өз әкелері туралы естеліктерін, суреттерін жіберіп, үлкен қолдау көрсетті. Cол «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек армиясына қатысқан шығысқазақстандықтар» атты кітаптың құрастырушысымын. 12-14 сағаттық еңбекақы төленбейтін ауыр жұмыс, от жағылмайтын сыз барақтар, ескі-құсқы киім, өлшеулі құнарсыз тамақтан ашқұрсақ болып, ауру мен аштықтан көз жұмған талай адамның сүйегі соғысқа бармай-ақ жат жерде қалды.

Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері туралы айтылғанымен, «еңбек армиясы» деп ресмилендірілгендер немесе «трудобойлар» туралы  шындық айтылған жоқ, ол жақтан аман қайтқандар лайықты бағасын да алмады. Кітаптың электронды нұсқасы кітапхана сайтына  https://kray.pushkinlibrary.kz/kz/e-bek-armiyasy.html қойылды. «Арыс» баспасына тапсырыс беріп қойдық, бұйырса, жерлестеріміздің өмір мен өлім арасындағы күресі жайлы кітабымыз биыл жарық көрмек.

Пандемия кезінде де қарап жатпай оқырмандарға қашықтан қызмет көрсетуді қолға алдық. Алғашқы күндері біраз абыржып қалғанымыз рас. Өйткені кітапханаға оқырман келмейтін болды, ал бізге жұмыс істеу керек. Осы кезде жаңа технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқырмандарға қашықтан қызмет көрсете бастадық.  Анықтамалық сұраныстарға сканерленген деректерді жібере отырып, мерейтой иелеріне арнап онлайн кездесулер өткіздік. Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың 95, Халық жазушысы Ілияс  Есенберлиннің 105, зайсандық ақын марқұм Нұрлан Мәукенұлының 60 жылдығына арналған республикалық онлайн кездесулер оқырмандар көңілінен шықты. Ұлы Абайдың өмірі мен өскен ортасы туралы Өскемен телеарнасы түсірген «Абай жолы» тележобасына (https://altaitv.kz/kz/videos/3395) қатыстым, республикалық «Абай», облыстық «Алтай» телеарналарында көрсетілді.

Өскемендегі өз оқырмандарыңызға, ауылдағы «Дидардың» оқырмандарына айтар тілегіңіз.  

– Күршім ауданындағы «құты да жел, жұты да жел»  Қаратоғай – менің туған ауылым. Кішкентай ғана Қалғұты өзенінің бойында бар балалығым жатыр. Маралды ауылы да жаныма жақын, орта мектепті сол жерден бітірдім. Алтын қазушылардың Маралды ауылының жерін талқандап, тамаша табиғатына зиян келтіріп жатқанын көргенде жүрегім ауырады. Күршімнің де суы азайып қалыпты… Біздің бала күніміздегі «Коммунизм туының», қазіргі «Дидардың»  қалың оқырмандары ауылда. Бір жақсысы, ауылда әр үй «Дидарға» жазылады, барғанда да отыра қап оқи жөнелетін әдетім бар. Уақыт көшінен қалмай «Дидарды» жаздырып алып отырған, ауылдың түтінін түтетіп отырған Тарбағатай, Күршім, Катонқарағай, Зайсан сияқты қазақы аудандардағы, ауылдардағы «Дидардың» оқырмандарына, кітапханамыздың оқырмандарына мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына береке тілеймін!

Осы айдарда

Back to top button