Денсаулық сақтау

Азық-түлік пен киім-кешек тапсырды

Азық-түлік пен киім-кешек тапсырды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында облыс орталығындағы елу көпбалалы отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді. Еліміздегі Қызыл ай қоғамы облыстық филиалының бастамасымен ұйымдастырылған «Алақай, каникул!» акциясы аясында жергілікті демеушілер балалар мен ата-аналарға азық-түлік кәрзеңкесі мен киім-кешек тапсырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір айдың ішінде меценаттардың көмегімен 250 келі ұн, 100 келі жарма, шай мен сүт, 70 келі кәмпит пен әртүрлі тәтті тағамдар, әр отбасының қажеттілігіне қарай жазғы киім-кешек жиналды.

– Алдымен балғындарды жазғы демалыстың басталуымен құттықтағым келеді. Балаларды қорғау күні қарсаңында бізге қолдау көрсеткен барлық ұжымдар мен азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді Қызыл ай қоғамы облыстық филиалының директоры Арайлым Әбілғалымова.

Екі ұл, екі қызы бар Сағынтаевтар төрт қызды тәрбиелеп отырған Дудкиндер, бес баламен жалғыз қалған Бейбітгүл Сығаеваның отбасыларына азық-түлік пен киім-кешекті шараға жиналған қонақтар тапсырды.

Арайлым Әбілғалымованың түсіндіруінше, көпбалалы отбасылар облыс орталығының мектептері бойынша анықталыпты. Барлығы он мектеп қамтылған. Араларында жалғызбасты ер адамдар да бар.

Өскемендік Бейбітгүл Сығаеваның жолдасы осыдан бір жыл бұрын қайтыс болып, келіншек бес баламен жалғыз қалыпты. Үлкені он жастан асса, кенжесіне бар болғаны бір жас тоғыз ай. Отбасы қазір уақытша қалалық оңалту орталығында тұрып жатыр. Айтуына қарағанда, балаларын жәрдемақының көмегімен асырап отыр. Кейде қалталы отбасылардың үйін жинастырып, азын-аулақ тиын-тебен табады. Балалары шетінен өнерлі. Ұлы футбол ойнаса, бір қызы гимнастикаға барады екен.

– Маған, ең бастысы, баспана керек, бір бөлме болса да жарайтын еді, – деп армандайды Бейбітгүл. Үй кезегінде екі мыңнан астам адам тұр алдында, бір жылда алпыс адамға ғана жылжыпты.

Демеушілердің арасында мемлекеттік құрылымдар да кездеседі. Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері 25 қайырымды шара атқаруды қолға алыпты.

– Көпбалалы отбасылармен қоса, ардагерлерге, қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына, балалар үйлеріне қолдау білдіреміз. Акция шеңберінде жыл аяғына дейін 500 литр қан тапсыруды жоспарлағанбыз, қазір біздің полицейлер 203 литр қан тапсырды. Қызыл ай қоғамы таратқан құны 500 теңгелік 500 купон алып, «Алақай, каникул!» қайырымдылық шарасына 250 мың теңгенің көмегін көрсеттік, – деп атап өтті департаменттің кадрларды басқару басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Баяндинов.

Еліміздегі Қызыл ай қоғамы жыл сайын республикада 20 мыңнан астам адамның өмірін сақтап қалуға қол ұшын беріп келеді. Тұрмысы нашар мыңнан астам отбасы мен қарияларды өз қамқорлықтарына алған.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button