Қоғам

«Қазцинк» «жасыл» жолмен алға жылжып келеді

«Қазцинк» «жасыл» жолмен алға жылжып келеді


«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесінде Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары мен мамандары «жасыл» энергетика саласындағы шамамен 140 ғылыми өнертабысты ұсынды. Жалпы, ЕХРО-ның «жасыл» идеялары облыста тек осы салада ғана іске асып жатқан жоқ. Мәселен, «Қазцинк» тау-кен металлургиялық компаниясы іргесі қаланған кезден бері айтарлықтай экологиялық міндеттерді шеше отырып, «жасыл» жолмен сенімді қадам басып келеді.

Облыс әкімі Даниал Ахметов атап өткендей, ЕХРО көрмесі бүкіл әлемге еліміздің «жасыл» технологияларды шынайы қолдап отырғанын көрсетті.

«ЕХРО-2017»-нің көрме павильондарында Шығыс Қазақстан облысынан 122 мыңнан астам қонақ болды, оның ішінде «Қазцинк» мамандары да бар. Олар көрмеде ұсынылған жобаларды, айталық, пайдаланылған су ағатын арналарды ластанудан тазарту бойынша технологияларды мұқият зерделеді.
«Қазцинк» өкілдері төменгі температурадағы газдарды жою бойынша қытай әзірлемесіне және көмірқышқыл газын жою, сақтау және қайта пайдалану жөніндегі жапон технологиясына ерекше назар аударды.

«Қазцинк» компаниясы энергетикалық бөлімшелерінің жетекшілері кез келген жерде 7 күн ішінде электрмен қамту көзі бола алатын HorusEnergies генераторлық қондырғысына (Польша) қызығушылық танытты. Жылумен қамтудың интеллектуалдық жүйесі (Финляндия) жылу мен су шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Мамандар электр ұяшықтарын өндіру (Германия), электр тарату желісінде компьютерлік бақылауды қолдану (Германия) технологияларына көңіл бөлді. Электр энергиясын тұтынуды 50 пайызға қысқартуға және сол ретте жарық күшін 30 пайызға арттыруға қабілетті Q-Ray жарықдиодты көше шамдарын орнату пайдалы болуы мүмкін.

– Енді Астанада ұсынылған осы және өзге жобаларды бізге түбегейлі зерделеп, бағалау керек, өйткені, «Қазцинк» үнемі ең озық әлемдік технологияларды енгізуге ұмтылады, – деп атап өтті «Қазцинк» ЖШС-нің бас директоры Александр Хмелев.

Айталық, елдегі тау-кен металлургиялық кешен кәсіпорындарының ішінде «Қазцинк» алғашқылардың бірі болып энергия менеджментін енгізуге кірісті. Бұл күрделі әрі бейнетті үрдіс компанияның барлық бөлімшелерінде өтті. 2015 жылдың маусымында компания ISO 50001 бойынша сертификат алды, бұл «Қазцинк» энергетикалық менеджмент жүйесін халықаралық стандарттарға сай қолданады дегенді білдіреді. Мұнымен қоса, компания энергия үнемдеу бойынша ұзақмерзімді тұжырымдаманы табысты іске асыруда. Энергия үнемдейтін технологияларды ендіруді «Қазцинк» басым бағыттар қатарына қойған.
Негізгі іс-шаралар қатарында технологиялық үрдістер жылуын жоюды, вагранкалы пештерден индукциялық пештерге ауысуды және басқа да көптеген өзгерістерді атауға болады, мұның барлығы энергия тұтынуды азайтуға әкеледі, энергия қауіпсіздігін арттырады, парниктік газдар, зиянды заттар шығарындыларының мөлшерін төмендетеді.

Осыған орай Александр Леонидович келесіні атап өтті:

– Компания экологиялық мәселелерді шешуде үздік әлемдік тәжірибені қолдана отырып «жасыл» экономика жолымен сенімді алға жылжып келеді. «ЕХРО-2017» көрмесі біздің дұрыс жолда екенімізді одан әрі растап берді. Астанада тамаша жобалар ұсынылды. «Қазцинк» энергия үнемдеу және экологиялық таза технологиялар салаларында бұрыннан және табысты жұмыс істеп келеді, сол себепті біз ары қарай да ғылым мен техниканың үздік жетістіктерін, ең заманауи технологияларды өзімізге енгізе беретін боламыз. Бұл – компанияның ұстанған басты саясаты.

Жаңа әзірлемелерге ден қоя отырып, «Қазцинк» Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Осы орайда «Гидрополимет» жобасын баса айтуға болады. Онда қолданылатын нанотехнологиялар өндірістің экологиялық тазалығын арттыруға, күкіртті ангидрид шығарындыларын болдырмауға мүмкіндік бермек. «Қазцинк» өндірістеріндегі пирометаллургиялық үрдістерді жаңғырту – ғалымдармен бірлесе жүзеге асырылап жатқан тағы бір жоба, ол да экологиялық қауіпсіздік мәселелерін шешуге, энергия шығындарын азайтуға және парник газдары шығарындыларының мөлшерін кемітуге бағытталған.

– 20 жыл бұрын, тіпті, 10 жыл бұрын болған автоматтандырылу деңгейін қазіргі өндірісіміздегі техникалық жарақтандырылумен салыстырыңыз, айырмашылық жер мен көктей ғой! Біз техникалық жаңашылдықтардың пайда болуын жіті бақылап отырамыз және солардың үздігін қолданамыз. Біздің саламызға сәйкес келетінін тартуға тырысамыз. Мұның бәрі, әлбетте, ЕХРО-2017 «жасыл» жобаларына да қатысты. Көрме тек біздің саланың дамуына ғана емес, еліміздегі барлық тіршілік бағыттарының өркендеуіне күшті серпін береді деп сенемін. Осы бір айрықша іс-шараға барған «Қазцинк» еңбеккерлері, олардың отбасы мүшелері таңғалып, тәнті болып, Отандарына деген мақтаныш күйге бөленіп қайтты. Қазақстанды жаңа қырынан тани түсті, патриоттық сезімдері артты. Ал бұл – болашаққа құйылған ең басты инвестиция. Мұны да көрменің бір пайдасы деуге болады, – дейді Александр Хмелев.

Әзірлеген – Андрей Кратенко

Осы айдарда

Back to top button