Ауыл шаруашылығы

Қазақ фермерінің арманы

Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуат ауылына тұмсығын тірей жатқан Екпін деген ауыл бар. Осы Екпінде тіршілігін дөңгелетіп, осы жерден тапқан несібесімен ертеңін ұштастырып жүрген азаматтың бірі – Дастан Рахымбаев.

Ол – аты ауданнан асып жалпақ жұртқа жайылған «Ақ Бәдеш» шаруа қожалығының иесі. Он бес шақты отбасыны жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың күнделікті әлеуметтік мәселесін шешуге де сергек қарап жүретін Дастан мал өсірудің қыр-сырын жақсы біледі. Істі ұйымдастыра білуімен қатар қожалықтағы техниканың кез келгеніне отырып, ұлымен бірге қара жұмысқа да білек сыбанып кірісіп кететіні тағы бар.

– Әркім өзінің қолынан келетін шаруасымен айналысады ғой. Анам Бәдеш осы ауылға сыйлы ұстаз болды. Ауылдастары ол кісінің кірішіксіз таза, мұнтаздай болып жүретініне қарап «Ақ Бәдеш» дейтін. Балаларының бәрін оқытып, білім бергенде мені ауылға бейімдеп өсірді. «Негізгі байлық сенде. Ұқсата білсең ауыл – сенің өміріңнің болашағы» дегенді жиі айтатын. Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру кезінде Тарбағатайдың қойнауындағы ауылдардан елдің бәрі қалаға қарай үдере кешкені рас. Сол кезде анам енді-енді ғана естіле бастаған шаруа қожалығын құру туралы Үкімет бастамасын түсініп, осыны жүзеге асыруды қалады. Бұрынғыдай совхоз жоқ, айнала жаппай жұмыссыздық, қолда бар малмен үлкен шаруа қожалығына айналу жайын айтқанымен, аса мән бере қоймадым. Бірақ уақыт өте келе 2005 жылдан бастап, ес жиып, еңсе тіктейтін шаққа жеткенде шаруа қожалығын құрып, атын анамның құрметіне «Ақ Бәдеш» деп қойдым да, ісімді ілгері бастыруға барымды салдым. Бұл кезде өмірден өткен асыл анамыздың сол бір арманын орындау ниетім де осы болатын, – дейді шаруақор Дастан.

Осылайша маңдай терін төгіп, ауылынан қозыкөш жер ұзамай, асыл тұқымды ірі қара шаруашылығын дамытуға ден қойған оның түпкілікті бір арманы бар екен. Ол – өзінің меншігіндегі жер аумағына қоршау орнатып, ары қарай малын аман сақтап, өсіру. Қолы қалт еткенде ғаламторға үңіліп, өзге елдердегі фермерлердің ісімен танысуға ұмтылатын Дастанның ойынша, иелігіндегі жерді қоршай білсе, өзіне ғана емес, айналасына да тигізетін пайдасы аз емес.

– Бірде Германияда тұратын Витя досым келді. Ол қазір өзінің тарихи отанында тұрып жатқанымен, осы Ақсуаттың немісі. Жылдап көріспеген досыммен тәуліктеп ат үстінде жүріп әңгімелескенде естігенім – неміс фермерлерінің барлығы да малын иелігіндегі қоршалған жерде бағады екен. Оның тиімділігі көп екенін досым майын тамыза айтып берді. Шындығында ойлап қарасаңыз қай фермер болсын өз жеріне жіті көз тігіп, жауапкершілікпен қарайды. Жерін қоршап алып, ішін әр маусымға қарай бөліп қойса, тиімді пайдалануға болады. Екіншіден бөгденің малы албаты кіріп, қосылып кетпейді. Мал ұрлығын болдырмаудың бір жолы осында. Екіншіден ұлан-ғайыр жерің болсын, одан кішірек болсын, жеріңнің құнарын жоғалтпауға, қайта оны күтіп-баптап, малыңның қысқы азығын дайындауға барыңды саласың. Үшіншіден, жасыратыны жоқ, қазір жаз шықса айналаңның бәрінде өрт қаулап, қаншама жердің шөбі өртеніп кетеді. Қоршаудағы жердің айналасын соқамен жыртып тастасаң, өрттен ке қауіп бола қоймайды деп ойлаймын. Бастысы – қыстауыңа, жайлауыңа бұйырған жеріңді қоршауға алсаң, оны қорғауың да шарт. Қоршалған жерге бейнекамера қоюға да болады. Есесіне ол сенің малыңның аман-есен өсіп, капиталыңның көбеюіне септігін тигізеді. Ал қоршау ішінде жайылған малыңа суды күн нұрымен қуаттанатын мотор арқылы арнайы құдық орнатып суарсаң су да өзіңнен. Яғни, тазалығы күмәнді даладағы суды ішіп, ауырып қалудан аулақ болады, – дейді Д.Рахымбаев. Сөз жоқ, бұл қырдың тынысын, табиғаттың ерекшелігін жастайынан көріп-біліп өскен адамның  пайымы.

Абайдың өлеңдерін жатқа біледі

«Мал баққанға бітеді» дегендей, алдындағы асыл тұқымды табын сиырының өрісін кеңейтіп, бақташылардың қонысы мен тұрмысын жақсарту үшін жарғақ құлағы жастыққа тимейтін азаматқа жұмысшыларының айтар өкпесі жоқ. «Ақ Бәдештің» малын тоғыз жылдан бері күтіп-бағып жүрген Орынбек Макишев отбасымен осында еңбек етеді. Біз барғанда ержеткен ұлымен бірге ат үстінде жүр екен.

– Қазір қай фермер үшін де малшы табу оңай емес. Ал өзім отбасыммен бірге осы Дастанның ірі қарасына бас-көз болғаныма тоғыз жылдың жүзі болды. Ешқандай ренжіскен емеспіз. Еңбекті қанау деген жоқ. Жалақыны уақытында беріп, салығы мен зейнетақыға қоса аударып, кешіктірмей беріп отырады. Азық-түлік, өзге де қажеттіліктермен қосымша ақы сұрамай-ақ қамтамасыз етіп отыр. Өзіңе жайлы жағдай жасаған адамның тапсырған ісіне сосын жауапкершілікпен қарайсың. Қазір ұлымыз екеуіміз, тағы екі бақташы бар, екі табын сиырды қадағалап отырмыз, – дейді О.Макишев.

Айтпақшы, Дастан Рахымбаевпен әңгімелескенде бір байқалғаны – Абай өлеңдерінен үзінді келтіруге құмар екен. «Көктемнің әр күні жылға азық» дегендей, фермер үшін қазір күздің әрбір күні ашық болса, одан асқан тамаша мүмкіндік жоқ.

– Қыстамаға табын сиырды әкеліп, қоныстандыруға әлі де асықпай отырмын. Мүмкіндігінше таудағы өрісте ұстай түсіп отырмын. Сондай кезде Абайдың «Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» деген өлеңі есіме түседі де тұрады. Әрине, ауқатты байды мысқылдап шығарған өлеңі болса да, оның шындығы бар. Абай өлеңіндегі байдың образындай болудан құдай сақтасын. Бірақ бұйырған жерімді «ерте барып, жеп қоймау» үшін әрбір таң атқан сайын күннің қабағын бағып отырамын, – дейді фермер Дастан әзіл-шыны аралас.

Мамандығына сай мектепте ұстаздық етіп жүргенімен Дастанның жұбайы Мәриям да шаруашылықтың құжат жұмыстарына тиянақты көрінді. Ерінің сөзіне араласпай, жайымен шайын баптап құйып отырып арасында сұратқан құжатын лып етіп әкеле қояды.

Ал Дастан қолындағы ұялы телефоннан көрсеткен бейнежазбадан шетелдегі фермер өмірінің бір сәтімен таныстық. Қоршалған тұстың барлығында электр тогы бар сым жүргізіліпті. Бірін-бірі көргеннен ұмтылған сиыр мен бұзаудың қоршау тұсына келіп қалғанда, ток соғып кері қайтқанын көргенде Дастанның арманы осындай өркениетке қол жеткізу екенін түсінгендей болдым. Бұл тек Дастанның ғана емес, күллі қазақ фермерінің арманы боларына күмәнім болған жоқ.

С.Кәріпбаев

Осы айдарда

Back to top button