Мәдениет

Аяулы мекенін асқақ әндерімен тербетіп қайтты

Соңғы кездері Өскеменге еліміздің бас қаласы – Астана мен Алматының танымал әртістері мен топтары жиі келетін болды. Бұл жолы облыс орталығындағы әртүрлі ән-жырдың ордасы – Металлургтердің мәдениет сарайында белгілі әнші, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының кафедра меңгерушісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Дәлел Уәшев өзі құрған «Сазген сазы» ансамблімен бірге келіп, өнерсүйер өскемендіктерге «Аяулы менің мекенім» атты тегін концерт қойды.

Аяулы мекенін асқақ әндерімен тербетіп қайттыЗайсан ауданының тумасы Дәлел Уәшевпен бірге келген қазақ әнін бір белестің биігінен көрсетіп жүрген күміс көмей әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев, айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтаев және танымал актер, жүргізуші Болат Әбділмановтың өнері бұл жолғы кешті тіптен түрлендіріп, гүлдендіріп жіберген. Кешке осындай өнер адамдарының шығыстық көрерменге ерекше сый жасауына ұйтқы болып келе жатқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуы көпшіліктің ризалығын тіптен үстемелегендей еді.

Болмысы бөлекше кештің шымылдығын Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының ұлт-аспаптар оркестрі Сыдық Мұхаметжановтың «Шаттық Отаны» атты шығармасымен шалқыта ашқан. Содан кейін-ақ Дәлелдің орындауындағы Естайдың «Құсни-Қорланы», әуенін әншінің өзі жазған «Мұхтар аға», Кенжебек Күмісбековтің «Аяулы менің мекенім» сынды әсем әндер әуелегені бар.

Сахна төріне шыққан Аманжол Әлтаевтың: «Шығыстан күнмен бірге нұр шығады» деп жыр төккен арнауы мен Рамазан Стамғазиевтің сырбаз даусы есіле жөнелгенде көрермендер залы бір сәт өнер деген құдіреттің бесігінде тербеліп тұрғандай болып көрінген.

Әдемі әуен, сырлы сезім және күмбірлі күй кернеген кеш соңына қарай Дәлел Уәшев аймақ басшысына халқымыздың інжу-маржаны болып саналатын «Қазақтың мың ән-күйі» атты таспа мен өз әндерінен құралған таспаны сыйлады. Облыс Әкімі:

– Бұл шынымен де өте бір мәртебелі кеш болды. Біздің өңірімізде үш жылдан бері «Туған жерге – тағзым» атты акция өткізіліп келеді. Сіздердің бүгінгі өнер кештеріңіз де сол ауқымды шараның бір үлгісі болды деп ойлаймын. Әманда елге арнайтын дүниелеріңіз көп болсын, – деп алғысын айтып, олардың бәріне шалқар шабыт тіледі. Одан соң Алматыдан ат арытып, арнайы келген әнші-күйшілерге облыс Әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button