Қоғам

Аягөзде Қозы мен Баянға ескерткіш орнатылды

Аягөзде Қозы мен Баянға ескерткіш орнатылды
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Аягөз ауданында болды. Облыс Әкімі егін ору науқанының және жылыту маусымына дайындық шараларының барысымен танысып, аудан орталығында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Егін шаруашылығына ерекше мән беріліп отыр

Аймақ басшысы ат басын алдымен Сарыарқа ауылдық округіндегі «Саржайлау» шаруа қожалығының алқабына бұрып, мұндағы күзгі жиын-терін жұмыстарының барысын бағамдады. Қожалық жетекшісі Ғабдыманат Бекентұров 350 гектар жерге бидай еккенін айтады, түсімі жаман емес. Округ әкімі Бекболат Ахмешовтің пайымынша, биыл жауын-шашынның молдығынан астық бітік шыққан, соңғы рет мұндай өнім ауданда осыдан он жыл бұрын алыныпты.
Шаруа қожалықтарының техникасы жеткілікті болғанымен, басым көпшілігі әбден ескірген екен. Десек те, лизинг арқылы тракторлар мен комбайндар жаңартылып келеді. Сондай-ақ, науқан кезінде шаруалар үшін сұйық отын арзандатылған бағамен босатылады. Қожалық жетекшілері үшін басты мәселе дайын өнімді лайықты бағамен өткізу болып отыр. Алыпсатарлар мен делдалдар бидайды нарықтағы құнынан төмен бағаға сатып алатын көрінеді.
Жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен кездескен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тағы да шаруашылықтарды ірілендіру мәселесін тілге тиек етті. Ұсақ шаруашылықтардың бірігуі олардың дамуына соны серпін бермек.

Бұдан соң аймақ басшысы Сарыарқа ауылынан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан 18 ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші – Байқара бидің және оның ұлы атақты Ақтайлақ бидің мазарларына барып, бабалар рухына тәу етті. 1990 жылы би ұрпақтары және жергілікті жұртшылық сол мазарды қоршай отырып, жаңа кесене тұрғызған-ды. Облыс Әкімі ел азаматтарының мәдени-тарихи мұрамызға деген осындай қамқорлығы мен құрметін жоғары бағалады.
Мұнан кейін облыс Әкімі Ақши ауылдық округіндегі «Майжан Ақшоқы» шаруа қожалығының егін алқабына барып, жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесті. Осы жерде аудан басшысы Нұрбол Нұрғалиев әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы қысқаша мәлімет беріп өтті. Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылы өңірдегі егін алқаптары 17 мың гектардан 22500 гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 40 пайызға өскен. Мониторинг деректері бойынша негізгі азық-түлік тауарларының құны тұрақты қалпында қалуда. 400-ден астам жұмыс орны ашылып, тіркелген жұмыссыздар үлесі бір пайызға кеміпті. Ал астықтың өнімділігі гектарынан 15 центнерді құрап отыр. Бұл – топырағының құнарлығы орташа өңір үшін жақсы көрсеткіш.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қожалықтар жетекшілерін ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бағдарламаларды барынша пайдаланып қалуға шақырды. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған түрлі бағдарламалар бойынша кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие, жаңа техника, асыл тұқымды мал алу мүмкіндіктері бар. Аймақ басшысы, сондай-ақ, отарлы мал шаруашылығын өркендету, шағын шаруашылықтарды ірілендіру қажеттілігі туралы да атап өтті. Себебі, қазіргі кезде ауданда 1400 шаруа қожалығы бар екен. «Синоптиктер биыл қыс ерте басталып, ұзаққа созылатынын айтуда» деген ол жемшөпті әркез молынын жинау керектігін де еске салды.

«Жастар» саябағы жұрттың сүйікті мекеніне айналды

Осы күні тасына дейін тарих тұңған шежірелі өлкеде байтақ елді елең еткізер, ұрпаққа ұлағатты тәрбие-тағылым танытып, жұртшылық жүрегінде ұзақ сақталар игі шара өтті. Атап айтсақ, күрделі жөндеуден өткен «Жастар» саябағында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткішінің ашылу салтанаты болып өтті. Саябақты толығымен жаңартып, ішіне волейбол, теннис алаңдарын, субұрқақ орнатуға 31 миллион теңге жұмсалса, ескерткіш демеушілер көмегімен жасалыпты.

– Біз болашақ үшін ешуақытта өткенімізді ұмыптауымыз керек. Барлығымыз жас кезімізден Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың арасындағы сезім жырланатын мың жылдық әдеби мұраны жақсы білеміз. Осы ескерткішті ашудағы басты мақсат – жастарымызды Қозы мен Баянның сүйіспеншілігі аясында тәрбиелеу. Өйткені, екі жастың бір-біріне деген мөлдір махаббаты – ұлттық мәдениетіміздегі әдеміліктің, ақылдылық пен парасаттылықтың айнымас үлгісі, – деген Бердібек САПАРБАЕВ облыс басшылығы атынан ескерткішті салуға көмек қолын созған, осы істі жан-жақты қолдаған аудан азаматтарына, кәсіпкерлерге ақжарма алғысын білдірді.

Бұдан әрі сөз сөйлеген жергілікті ақсақалдар алқасының мүшесі Мұқан Балабеков айтулы оқиғаға қатысты өзінің жүрекжарды тілегін айтып, Аягөз өңірінің шын мәнінде махаббаттың отаны атанып отырғанын жеткізді.
Ашылу рәсімінен соң сол күні шаңырақ көтерген жас жұбайлар мәңгілік махаббаттың символы – Қозы мен Баянның ескерткішіне тағзым етті. Жастарға облыс Әкімінің арнайы сыйлығы мен құттықтау хаты табыс етілді. Осы сәулет туындысы оларды тау суындай мөлдір махаббатқа, пәк сезімдерге жетелеп, шаңырақ көтерген сәттерінің куәсі болары сөзсіз.

Бұдан соң облыс Әкімі еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі, ауданның құрметті азаматы Төлеутай Сүлейменовтің жүлдесіне арналған бокстан жассөспірімдер арасындағы ІІ халықаралық турнирдің ақтық сынын тамашалады. Төлеутай Сқақұлы «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында екі жыл бұрын Аягөз қаласына бокс орталығын сыйға тартып, алғашқы турнирді ұйымдастырған болатын. Биылғы жарысқа Ресейден, Моңғолиядан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан және еліміздің түкпір-түпкірінен 15 команда келіпті. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген аймақ басшысы спорт денсаулық пен табысқа жетудің кепілі екенін, Шығыс Қазақстанда кәсіби және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Қаланың қазандықтары қысқа дайын

Мұнан кейін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтады. Бүгінгі таңда Аягөзде екі балалар бақшасы мен 600 орындық мектеп салынуда. Биыл басталған мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр деуге болады, мердігер – «Алау» серіктестігі қазіргі кезде ғимараттың бірінші қабатын көтеріп қойыпты, нысан келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс. Алайда, балабақшаның құрылысы кестедегі мерзімнен кешіккен, ол осы айда аяқталып бітуі керек болатын. Мердігер ауа райының қолайсыздығын және нысан салынып жатқан жердің тастылығын сылтауратып отыр.

– Тұрғындар аталмыш ғимараттың салынып бітуін тағатсыздана күтуде, қала балабақшаға аса зәру. Ал құрылыс белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр. Жыл соңына дейін нысан пайдалануға берілуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, мердігер ұйымдарға қатысты заңға сәйкес қатаң шаралар қолданылатын болады, – деп ескертті облыс Әкімі.
Тұрғындарға қызмет көрсету орталығы, аудандық білім бөлімі сынды бірқатар мекемелер орын тебетін орталықтағы үш қабатты ғимаратты қалпына келтіру үшін бюджеттен 74 миллион теңге жұмсалыпты. Жұмыстар соңына тақаған, түбегейлі бір айдың ішінде аяқталуы тиіс.

Қысқа әзірлік барысы бойынша Аягөзді өңірдің өзге қалаларына үлгі етуге боларлық. Қалада жұмыс істейтін бес жекеменшік қазандықта да қатты отынның жеткілікті қоры бар, тұрғын үйлердің дені қазандықтардан берілетін жылуды қабылдауға дайын. Аймақ басшысы «Жаңа» және қаланың жартысын жылумен қамтитын ең ірі «Орталық» қазандықтарында болып, олардағы құрал-жабдықтардың жағдайын өз көзімен көрді, дайындық жұмыстарына оң баға берді.

– Қаладағы 52 көпқабатты тұрғын үй жылуды қазандықтардан алады. Бүгінде олардың 96 пайызы жылу қабылдауға әзір. Біздегі бес қазандық жылына 61 мың тонна көмірді қажет етеді, қазіргі кезде оның 44 мың тоннасы тиісті жерлерге жеткізілген, – дейді Аягөз қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button