Қоғам

Ауыл мен қаланың арасы жақындап келеді

Қаланың шуынан шаршағанда қай-қайсымыз болмасын ауылға қарай ат басын бұрамыз. Құрт, ірімшік, кілегейдің бәрі бар онда. Енді тіпті интернет те бар.

Осыған дейін жастар интернетті сылтау қылып ауылға барғысы келмесе қазір ол сылтауды айтудың реті жоқ.  Жолымыз түспесе ауылдағы ата-әжемізбен бейнеқоңырау арқылы хабарласып, мауқымызды басатын болдық. Қуанышты жаңалық қой? Басқасын қайдам, менің ауылыма да жуықта интернет желісі тартылды. Осыған дейін бір-бірін ысқырып табатын ауылдағы жастардың қолында бір-бір смартфон. Келіндер үйдегі тірліктерімен бөліссе, ұстаздардың білім беруде қолы ұзарып қалды. Оқушыларды бағалау үшін мектепке баратын мұғалімдер енді ауылдың кез келген жерінде ғаламторға шығып, қалаған порталына кіре алады. Рахат! Жуықта тартылған желінің қалай жұмыс істейтінін білмек үшін ауылдағы ағайынға хабарластық. Әуелі ұстаздар қауымынан бастасақ,

– Осы шақты да, болашақты да интернетсіз елестету мүмкін емес. Дүниежүзін жайлаған пандемия жағдайында осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Себебі үйден шықпай төлем жасауға, қашықтан білім алуға, жақындарыңмен сөйлесуге және басқа да электронды қызметтер алуға интернет қажет. Біздің ауылға да ұялы байланыс желісі тартылды. Өміріміз жаңа түске боялғандай әсер алдық. Әсіресе ұстаздар қауымы үшін бұл өте маңызды мәселе болатын. Қазір енді интернеттің көмегімен оқушыға білім қалай берсек, өзіміз де түрлі семинарлардан өтіп, білімімізді жетілдіріп келеміз, – дейді Теректібұлақ орта мектебі бастауыш сыныбының оқытушысы Нұртай Төлеуханқызы.

Сабақты қызықты әрі креативті өткізуге интернеттің пайдасы ұшан-теңіз. Сол сияқты мұғалімдер үйде отырып-ақ түрлі вебинарларға қатысып, онлайн курстардан өтуге мүмкіндік алып жатыр. Ал ауылдағы қарапайым халықтың өмірінде қандай өзгеріс бар дейсіз ғой. Өздері айтсын.

– Осыған дейін ауылда смартфон ұстап көрмеген біздерге әрине басында біртүрлі болғаны рас. Мобильді қосымшаларды қалай қолдану керектігін де аса білмейміз. Ақырындап үйреніп келеміз. Ауылда бітпейтін шаруа көп қой, сондықтан телефонды жұмыстың бәрін тиянақтаған соң кешке қарай қолданамыз. Алыс-жақын туыстармен, достарымызбен сөйлесіп тұрамыз. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесейік десек арғы жағындағы бейне анық көрінбейді. Интернет жылдамдығы төмен сияқты, – дейді Теректібұлақ ауылының тұрғыны Қарлығаш Қалиева.

Елдің күтіп жүргені – «250+»

«Қазақтелеком» АҚ берген мәліметке сенсек, 2020 жылы облыс көлемінде біршама ауыл интернет желісіне қосылыпты. Шығыста барлығы 689 елді мекен бар болса, оның ішінде 514 ауыл, яғни 75%-ы кең жолақты интернетпен қамтылса, 161 ауылға талшықты оптикалық байланыс желісі тартылған. Сонда ауылдағылардың көңілінен аса шыға қоймаған интернеттің жылдамдығы қандай болды екен? Мамандар сөйлесін.

– Интернет жылдамдығы мәлімделген тарифтік жоспарға сәйкес 512 Кбит/с-дан,  20 Мбит/с-ға дейін. «Қазақтелеком» былтыр 93 ауылға байланыс желісін тартты. Жоба барысында барлығы 974 мемлекеттік мекеме, оның ішінде 190 мектеп, 150 әкімдік, 137 аурухана, 497 жергілікті атқарушы билік органы жылдамдығы 20 Мбит/с-қа дейінгі интернетпен қамтамасыз етілді, – дейді «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ермек Қуанышбеков.

Иә, интернет желісі тартылуын тартылып жатыр ғой, бірақ сапасы көңіл көншітпей тұр. Ауылдағы жұртшылық сол баяғы барға қанағат, жоққа сабыр дегенді жанына жалау етеді. Ал бұл мәселеге мамандардың айтар өз уәжі бар.

Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ алдағы уақытта 2020-2021 жылдарға арналған  жоспарға сәйкес интернет желісін одан әрі дамытуды көздеп отыр.

  • Талшықты оптикалық байланыс желілері жобасы аяқталғаннан кейін ауылдарды интернетпен қамтамасыз етудің екінші кезеңі – «250+» бағдарламасы жүзеге асады, – дейді Ермек Қуанышбеков.

Түсіндіре кетейік, «250+» бағдарламасы талшықты оптикалық байланыс желісі тартылған ауылдарда тұрғындар саны 250-ден көп болса ғана іске асырылады. «250+» бағдарламасы бұл – Қазақстанның үш ұялы байланыс операторларының қатысуымен жүзеге асатын республикалық ауқымдағы алғашқы инфрақұрылымдық жоба. Яғни аталмыш бағдарлама интернетпен қамтамасыз етудің екінші кезеңі саналады. Бүгінде еліміздің үш ұялы байланыс операторлары – «МТС» ЖШС, «Кселл» АҚ және «Кар-тел» ЖШС-нің өкілдері «250+» жобасы аясында желілерді бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойды.

Tele2/Altel техникалық директорының орынбасары Болатбек Толкуновтың айтуынша, жобаның бұлай аталуының себебі – 250 адамнан артық халқы бар ауылдарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Ал Қазақстанда ондай елді мекендер саны мыңнан асады  және бәрінде 3G мен LTE желісі жоқ.

Мамандардың сөзіне сенсек, «250+» іске асырылған соң ауылдарда интернеттің сапасы қазіргіден жақсы болады. Бағдарлама кезең-кезеңмен жүзеге асады. Қазіргі таңда жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу үшін мобильді операторлардың инфрақұрылым жасауы көзделіп отыр. Бірақ айта кетер тағы бір маңызды аспекті бар, «250+» жобасы – әлеуметтік бағдарлама, оның өтелу мерзімі де ұзақ.

Ресейден озып тұрмыз

Өткен жылдың маусым айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстандағы 6 341 ауылдың 5 163-і интернетпен қамтылатынын жария еткен болатын. Айтылғандай-ақ елді мекендер интернетпен қамтамасыз етіліп жатыр. Алайда оның сапасы қандай?

Халықаралық электр байланысы одағының әдістемесіне сәйкес, «кеңжолақты интернет» ұғымы интернетті 256 кбит/с немесе одан жоғары жылдамдықпен пайдалану дегенді білдіреді. Қазақстанда кеңжолақты интернет сымды (ADSL – 10 мбит/с, FTTН – 100 мбит/с) және сымсыз (3G – 7,2 мбит/с, 4G – 100 мб/с) технологиялары арқылы ұсынылады. Қазіргі уақытта халық саны 50 және одан көп ауылдық елді мекендер жылдамдығы 512 кбит/с болатын CDMA технологиясы арқылы интернетке қол жеткізе алады. Алайда бұл жылдамдық ауыл халқының интернетті толық пайдалануы үшін аздық ететіні белгілі.

Дейтұрғанмен ғаламтор желісімен қамтудың екінші кезеңі іске асырыла бастағанда интернет жылдамдығы да жақсаратынын айтады мамандар. Бұл мәселе қазір басты назарда. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты цифрландыруды қолға алу керектігін айтқан болатын. Ал Үкімет басшысы Асқар Маминнің сөзінше, «Қазақстандықтардың 99 пайызы интернетпен қамтылған». Бұл туралы ол Алматыда өткен «Digital Almaty» форумында мәлім еткен.

Үкімет басшысының сөзіне сенсек, алдағы бес жылда Қазақстанда 5G желісі іске қосылады. Ендеше ел халқының 99%-ы интернеттің игілігін көріп отыр деуге негіз бар сияқты. Бірақ қолымыз жеткен интернеттің сапасы қандай, ол енді басқа мәселе.

Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жақындата түсетін тетіктің бірі осы – интернет. Сондықтан ел билігі цифрландыруға қатты көңіл бөліп, саланы дамытуға ықпал етіп жатыр. Онлайн қызметтің тасы өрге озған қазіргідей пандемия кезінде шынымен де цифрландырудың пайдасын көп көріп отырмыз. Қазіргі кезде табысы жоғары елдерде интернетті пайдалану көрсеткіші 87% болса, кірісі төмен мемлекеттерде бұл – 17%. Ал бізде ше? Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан интернет желісін қолданушылардың саны жағынан Ресей мен Украинаның алдына шығыпты. Мәселен, жер көлемі ауқымды елдерді алып қарасақ, Ресейде интернетті қолдану көрсеткіші 76% болса, Украинада – 62,5%, ал Қазақстанда – 84,2%.  Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп отырған. Салыстырмалы түрде алсақ, 2011 жылы елімізде интернетті қолданушылардың үлесі бар-жоғы 51% деңгейінде еді. Демек Қазақстанда да технологияның тілін біліп, интернетпен «достасқандар» саны көбейіп жатыр. Ендігі мақсат осы тұтынушыларға сапалы өнім ұсына білуіміз керек.

 

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button