Экология

Автокөліктер қаланы көк түтінге көмеді

Өскемен қаласының ауасын ластап отырған басты стационарлық көздер: Өскемен және Согра ЖЭО, қаладағы 63 қазандық, «Қазцинк» ЖШС металлургиялық кешені, Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты, «Востокмашзавод» АҚ, «Өскемен арматура зауыты» АҚ, жекеменшік үйлер, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен «Өскемен Водоканал» МКК, автокөліктер, 100-ден астам жанар-жағармай құю стансалары мен мұнай өнімдерін сақтау қоймалары, асфальт, май зауыттары, өзге де өнеркәсіптік кәсіпорындар болып отыр.

Автокөліктер қаланы көк түтінге көмедіАл қала ауасына жайылып, жұрттың денсаулығын құртып отырған негізгі зиянды химиялық шығарындылар: күкірт диоксиді, азот диоксиді, формальдегид пен фенол және шаң.

– Кәсіпорындардан шығатын шығарындылармен салыстырғанда автокөліктердің улы газы ауаны ластауға анағұрлым көп әсер етуде. Он метрден жүз метрге дейін жететін сорайған мұржалары бар қазандықтарға қарағанда автокөліктерден шығатын улы газдар бірден жер бетіне жайылып, тікелей адамдардың тыныс алу жолдарына түсуде. Атмосфераның азот диоксидімен ластануында көлік түтінінің үлесі 50 пайыздан артық болып отыр. Жүргізіліп отырған зерттеулер көліктер ағыны толастамайтын күндізгі уақытта қалада азот диоксидінің мөлшері еш азаймайтыны, ал көлік саябырлайтын түнгі мезгілде оның күрт төмендейтінін көрсетіп келеді. Көлік түтіні жер бетіне жақын жатқандықтан адамдардың тыныс алу жолдарына қатты әсер етуде, – дейді Өскемендегі экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков.

Автокөліктердің облыс орталығын аяусыз ластап отырғанын жуықта біздің қалаға келген чехиялық экологтар да зерттеп, дәлелдепті.

Арнайы көлік құралдарын қоспағанның өзінде Өскеменде 81 мың 97 жеңіл автокөлік, 8 323 жүк машиналары, 2 183 автобус тіркелінген. Экологиялық қауіпсіздік орталығы директорының айтуынша, бір автокөлік жыл бойы қорытылған газдар есебінен ауаға 800 килограмм көмір қышқылын, 40 килограм көлемінде азот қышқылын, 200-ден астам көмір қышқылы газын шығарып келеді. Соның ішінде қауіптілігі бірінші класқа жататын бензапирин де бар. Дизельді отынмен жүретін көліктер атмосфераға Өскемен және Согра жылу энергетика орталықтарының бір жылда ауаға шығаратын азот диоксиді көлеміндей (бес мың тоннадай) улы газдарды шығарып келе жатыр. Көлік құралдарынан шығарылатын улы газдардың көбеюіне себепші болып отырған басты нәрсе – сапасыз жанар-жағармай.

2004 жылдан бастап жұмысын тоқтатып, таратылып кеткен Шығыс Қазақстан облысының экологиялық проблемалары жөніндегі үйлестіру кеңесінің жуықта өткен алғашқы отырысында нарықтың осы сапасыз жанар-жағармайға толып кетуі, қала ішінде техникалық ақауы бар көліктердің қаптап жүруі мәселелері арнайы қаралып, талқыланды. «Қазақстан Республикасындағы бақылау мен қадағалау туралы» Заңында көрсетілгендей, бекітілген стандарттар сапасын бақылайтын орган – метрология және техникалық реттеу комитеті ЖҚС-ларын жылына бір-ақ рет тексеруге құқы бар екен. Оның өзінде прокуратураның арнайы рұқсаты арқылы бір ай бұрын алдын ала хабарлап барып қана тексере алады. ЖҚС иелері болса көзбояушылыққа барып, тексеру болатын күні ғана сапалы жанар май сатуда. Түрлі жанармайды араластырып құйып, мұнай өнімдерінен қара түтінге көметін белгісіз қойыртпақ жасап сатуда.

Бұл мәселе біздің облыстың экологтарымен Премьер-министрдің де алдына қойылған. К.Мәсімов Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне экологиялық заңдылықтар нормаларын сақтауға тексеру жүргізу тәртіптері бойынша Үкіметке ұсыныстар жіберуге тапсырма берген. «Сол ұсыныс жүзеге асып жатса, жанар-жағармай сапасын қадағалаудың бір тетігі табылар еді» дейді өңір экологтары.

Облыс орталығында техникалық ақауы бар жекеменшік көліктерді айтпағанда, күні бойы әрлі-берлі ағылған қоғамдық көліктер де үсті-үстіне артып бара жатқан жайы бар. Қаладағы «Дайда» ЖШС-нің қирауға айналған ақаулы автобусын маршруттан шығаруға бір жарым ай уақыт кеткен. Автопарк басшылары автобустардан бұрқырап жатқан қара түтінді сапасыз жанармайға жабатын көрінеді.

– 46 пайызы түтіндетеді, қалған 54 пайызы неге түтіндетпейді. Міне, мәселе қайда?! – дейді Г.Корешков. – Гәп қоғамдық көліктердің көпшілігінің ескіргенінде, техникалық ақауында болып тұр. Автобустардың басым бөлігі 70-90 жылдары шығарылған ескі көліктер. Олар қазіргі экологиялық талаптарға мүлде жауап бере алмайды. Олар жолға шығар алдында техникалық байқаудан да өткізілмейді.

Өңір экологтары қаланы автокөліктердің көк түтінінен арылтудың бірден-бір жолы – газ және электр қуатымен жүретін көліктер түрлерін енгізіп, трамвай желілерін көбейту, жолаушыларға арналған жер асты өткелдерін салу деп біледі. Жер асты жолдарын салу көшедегі жолаушыларды өткізуге арналған жерлерде көліктердің қайта-қайта аялдап, түтіндетуін азайтуға мүмкіндік бермек. Қазір бес жер асты өткелдерінің жобалау сметалық құжаттары даяр тұр. Тағы осындай бес жоба жасалып жатыр.

Қалада троллейбус жүре ме, жоқ па, оны келешек көрсетеді. Ал түтіндетпейді деген трамвайдың жағдайы қазір мүшкіл болып тұр. Жекеменшіктің иелігіндегі, қаржылық жағдайы ушығып тұрған Өскемен трамвай паркі қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Тозған трамвайлар мен ескірген жолдар жолаушыларға тиісті деңгейде қызмет көрсете алмауда. Трамвай желілері көбейіп, парк жаңаланса, жолаушы тасымалы бәсекесі де артып, мәселе өзінен-өзі шешілмек.

Тұрғындар тынысының тарылып, жұтқан ауаның жүректі айнытып, басты ауыртуына ойпатта тұрған қаланың айналасында орналасқан жекеменшік тұрғын үйлерден шыққан түтіннің де қосып отырған үлесі зор. Үйлердің мұржаларынан шыққан түтіннің зиянын азайту үшін де көмір сапасын жақсартып, жылу энергетика кәсіпорындарын газға көшіру керек делініп отыр. Қаланың ауасын тазартудың енді бір тәсілі – негізгі көшелердегі жол бойына ауық-ауық су шашып, шаң мен газды басу. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын айтылып жүрсе де, көше бойына су шашылып жатқанын қалалықтар анда-санда ғана көріп қалып жүр. Ұсыныс көп, бірақ жұмыс баяу жүріп жатыр. Өскеменнің ауасы сөзден іске көшкенде ғана жақсармақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button