Қоғам

Ауылдағылар шағын несиені 6 пайызбен алып жатыр

Ауылдағылар шағын несиені  6 пайызбен  алып жатыр


Жұмыссыз ауыл тұрғындарына, кәсібін өркендетуді жоспарлаған ауыл кәсіпкерлеріне биылғы жылдан бастап алдағы төрт жыл бойы іске асырылатын «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дарының облыстағы филиалдары арқылы жылдық 6 пайыздық қайтарыммен 500 мың теңгеден бастап 18 млн. теңгеге дейін шағын несие беріліп жатыр.

Тұрмысты түзеуге «Береке», «Бірлік», «Ынтымақ» пен «Игілік» көмектеседі

Ол үшін тұрғындар кәсіпкерлік негіздері курсын оқуы немесе «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификат алып, жобаларын қорғауы керек. Өскемендегі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы бағдарлама бойынша тұрғындарға (кооперативтер мен шағын несие ұйымдары, несие серіктестіктеріне кірмей -ақ) тікелей «Бірлік», «Ынтымақ», «Береке», «Игілік», «Ырыс», «Кәсіпкер», «Егінжай» сияқты аса қолайлы бағдарламалардың көмегімен сүт жинау пунктін, етті, сүтті бағыттағы ірі қара сатып алу үшін, мал бордақылау алаңдарын ашуға, ауыл тұрғындарына аса қолайлы деген өзге де шаруашылықтар түрімен шұғылдануға 6 пайыздық қайтарыммен 4-6 млн. теңге көлемінде несие беріп жатыр. Тұрғындардың тиісті құжаттары толық тапсырылған жағдайда филиалдар олардың өтінімін 10-15 күн ішінде қарап, шешімін шығарады. Үржар, Ұлан, Жарма, аудандарында жаңа бағдарлама арқылы несие алып жатқандар көп болса, Катонқарағай, Аягөз, Бесқарағай, Тарбағатай аудандарынан бірде-бір адам алмаған.

«Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен ауыл тұрғындарына шағын несие беру шартына сай «Бастау Бизнес» бойынша оқып, бизнес жобасын қорғаған жұмыссыздардың жобалары аудандағы аймақтық даму картасының бағыттарына сәйкес келуі тиіс. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнес жобаларын қорғаған 181 тұрғын жобасының 60 пайызы ғана аймақтарды дамыту картасының жобаларына сәйкес келіп отыр. Сол себепті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы өз бизнес жобаларын ауыл тұрғындарының 40 пайызына шағын несие бермеген.

-Аудан әкімдіктері өз өңірлерін, аудандарын дамытудың картасын жасағанда картаны ауыл тұрғындарының, кәсіпкерлерінің мүддесін ескере отырып жасауы керек. Аймақтарды дамыту картасын әзірлеген аудан әкімдіктері жергілікті жерде қандай кәсіп түрлерін дамытып, қандай бағыттарға басымдық беру қажет екенін ескеруі тиіс болатын, ескерілмеген болса, әкімдіктер оған алдағы уақытта өзгерістер енгізуі қажет,- деп түсіндірді бағдарламаның жүргізілу барысы талқыланған семинарда тұрғындар жобасына шағын несиенің берілмей жатуының себебін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова.

Сонымен бірге, бизнес жобаларын қорғап шығып, шағын несие алуға келген ауылдықтардың 10 пайызына несие тарихының дұрыс болмауына байланысты қор несие бермеген. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Рауан Уалхановтың айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы іске асырылып жатқан жеті аудандағы жұмыспен қамту орталықтары мамандарының шағын несие алсам деп келген ауыл тұрғындарына «Жеке кәсіпкер» болып тіркелу керек, анау керек, мынау керек деп артық құжаттар жинатып қойып, тұрғындарға жолдаманы уақытында бермей отырған кездері де көп қайталанып жатқан көрінеді.

Облыс кәсіпкерлері палатасының бизнес тренері Талғат Қасенов кәсіпкерлік негізін оқып жатқан «Бастау Бизнес» жобасына қатысушы ауыл тұрғындарының «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан шағын несие алуына кепілдіктерінің болмауы да кедергі келтіріп отырғанын айтады. Мысалы, Шемонайха ауданында «Бастау Бизнесті» оқып, бизнес жобасын қорғаған 24 адамның 8 і ғана өз шағын несие алуға өтінім беріп, қалғаны кепілдікке қоятын бағалы мүліктерінің болмауынан мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмаған. Сондай-ақ, курсты бастағандардың ішінде бір ай бойы оқытылатын оқуға жиі келмей қалып жатқандары да аз емес екен.

Ешқашан интернет көрмеген елді мекендер

«Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасына Катонқарағай ауданы Новополяков ауылдық округінің тұрғындары да әлі қатыспаған. Оның бір себебі, елді мекендерде еңбек ететін, жұмыс істейтін жастағы адамдардың аздығында. Бес ауыл қарайтын ауылдық округтен өзге жаққа, қалаға қарай көшіп кетіп жатқан жұрттың қарасы көбеюде. Басқа ауылдарды былай қойып, ауылдық округ орталығының өзінде де жаңа заманның нышаны аз. Әйтеуір ауылда жиырма жылдан соң барып, жуықта клуб үйі ашылған. Үлкеннарыннан 53 шақырымдай жерде орналасқан Новополяковкада интернет байланысы, ұялы телефон деген мүлде болған емес. Мұндағылар хабар, ошар, жаңалық атаулыны интернеттен іздемек түгілі, кәдімгі әлеуметтік желілерге де қосыла алмайды. «Ештеңе етпейді, «соткасыз», интернетсіз де өмір сүруге болады» деп біреулер уәж айтар, бірақ бүкіл әлем, бүкіл қазақстандықтар секунд сайын қолданып, мүмкіндігін, көмегін, пайдасын күн сайын көріп жатқан қызметке алыстағы ауылдар тұрғындарының қолы жете алмай, меңіреу болып отырғаны өркениеттен онсыз да оңаша жатқан жұрттың басына «жығылғанға жұдырық» болып тиіп тұр. Ақсу ауылдық округінде де дәл осындай жағдай.

Аудан орталығы мен бұл ауылдың ортасындағы қиыршық тасты жолдың да жетісіп тұрғаны шамалы. Кеңес дәуірі кезінен күтімге алынбаған ауыл жолы әлі күнге дейін қиыр, шиыры шығып, ХХІ ғасыр кезінде де сол күйі асфальт көрмей жатыр.

«Новополяков ауылдық округінің халқы ұялы телефонды қашан ұстайды, ғаламторды қай уақытта көреді, бес жыл бойы іске асырылатын нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысуға ниетті ме?» деген сауалдарды ауылдық округ әкімі Сержан Байбосыновқа қойғанбыз.

Ауылдағылар шағын несиені  6 пайызбен  алып жатыр

-Қазіргі күні ауылдық округіміздегі бес ауылда 1001 адам бар. Шынын айтсақ, ауылда жастар қалған жоқ. Шаруашылықтар көктемгі, күзгі маусымдық жұмыстарға көршілес Зырян ауданының механизаторларын, мамандарын тартады. Ауыл тұрғындарына нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділіктерін түсіндіріп, айтып, жеңілдікпен шағын несие алып, мал ұстап, егін егумен, кәсіппен айналысуға жұмылдыруға күш салудамыз. Бірақ сол бағдарламаға қатысып, жұмыстарды жүргізіп әкететін жастар жоқ. Жастар шаруашылықтарға да керек. Округтегі «Амир» шаруа қожалығы Австралияның герефорд тұқымды малын өсіріп отыр. 1700 басқа таяп қалды басы. Осы қожалыққа малшы, тракторшы жастар өте қажет. Ауылдан көшіп кетіп жатқандардың ішінде жастар көп. Жастарға керекті жағдай – ол ұялы байланыс, интернет. Осы мәселені айтып, әлденеше рет KсеLL, ТЕЛЕ-2 АлтеL ұялы телефон байланыс операторларына хат та жолдадым. Интернет пен ұялы телефонға халық санының аздығына байланысты қосыла алмай келеміз. 1000-нан 10 000-ға дейінгі елді мекендерді ұялы байланыс қызметімен қамту жөніндегі бағдарламаға да кірмей қалдық кезінде. Бұл мәселелер осы уақытқа дейін шешілген жоқ, алдағы уақытта да қашан шешілері белгісіз. Жолдың жағдайы да жаман. Осындай жағдайларға қарамастан округте мал, егін шаруашылығы дамып келеді. Ылғал мол жиналатын біздің жер мал ұстап, егіншілікпен айналысуға нағыз қолайлы жер әйтпесе, – дейді ауылдық округ әкімі Сержан Байбосынов.

(Вырезка) Елена Старенкова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Жұмыссыздарды кәсіппен шұғылдануға тартуға ең алдымен ауылдық округ әкімдері белсенділік танытып, ауыл тұрғындарының қажеттілігін анықтай отырып, оны жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына жолдау арқылы жұмыссыздардың жаңа, тиімді кәсіп түрін меңгеруіне мүмкіндік беруі тиіс екендігін ерекше ескертіп отырмыз. Бұл бағдарламаның тағы бір тиімділігі қайта даярланған, оқыған жұмыссыздарды түгелдей жұмысқа орналастыруда, жұмыспен қамтуда жатыр. Даярлықтан өткен, жаңа кәсіпті меңгерген жұмыссыздарды міндетті түрде жұмыспен қамту талабын орындау үшін жергілікті әкімдіктерден сол өңірге, бүгінгі күнге қажетті деген сұранысқа ие мамандықтар тізімі сұралынып отыр. Осының нәтижесінде қазір аймақта жұмыссыздарға бұрын соңды оқытылмаған, аса қажетті делінген жаңа кәсіп, мамандықтар түрі оқытылып жатыр.
Осы беттің оспағы:

-Ау, қарындас, бір айфон үшін бүкіл отпускыңның ақшасын кетіріп, құртып жатырсың ғой?!

– Ой, жігітім, бір ипотекалық несие үшін бүкіл жастығыңды кетіріп, құртып жатқан жоқсыңба?!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button