Экономика

Ауылдағылар да акцияны кедергісіз сатып алады

Елбасының қазақстандықтардың қаржылық-инвестициялық сауаттылық деңгейін арттырып, олардың бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелерге қатысуына ықпал етуге байланысты Үкіметке берген тапсырмасына орай елімізде өткен жылы «Халық ІРО» бағдарламасы жасалынған болатын.

Ауылдағылар да акцияны кедергісіз сатып аладыОблыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаевтың, облыс орталығындағы мекеме, кәсіпорын басшыларының қатысуымен өткен жиында еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігі, «Самұрық – Қазына» АҚ, Ұлттық банкі мамандары қазақстандықтар үшін бұл бағдарламаны жүзеге асырудың әлеуметтік маңызы ерекше екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің бағалы қағаздар қоры нарығын дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы Дархан Нұрпейісовтің айтуынша, елімізде алғаш рет өткізіліп отырған бұл бағдарлама бойынша халыққа арналған акцияларды саудаға шығару қыркүйек айында басталады.

Тамызда қор нарығына ұсынылатын акциялардың бағасы мен саны анықталып, жария етілмек. Тұрғындар акцияны тікелей өздері немесе зейнетақы қорлары арқылы сатып алуларына болады. Биыл саудаға ең алдымен мұнай-газ өнімдерін тасымалдаумен айналысатын «КазТранс-Ойл» компаниясының акциялары шығарылатын болып отыр. Акция жүзеге асырылатын 2015 жылға дейінгі уақыт аралығында «Кегок», «Эйр Қазақстан», «КазАтомпром» сияқты ірі компаниялардың акциялары кезең-кезеңмен сатылады.

– Экономикалық даму және сауда министрлігінің «Самұрық – Қазына» қорымен бірлесіп әзірлеген бұл «Халық ІРО» бағдарламасы «Самұрық – Қазына» АҚ мен оның еншілес және тәуелді ұйымдарының акцияларын биржаға шығару арқылы Қазақстан азаматтарына саудалауға бағытталған, – деген Экономикалық даму және сауда министрлігінің мемлекет активтерін басқару саясаты департаментінің бас сарапшысы Маржан Серікбаева акцияны ауыл тұрғындары да ешқандай кедергісіз сатып алуларына болатынын жеткізді. Қазіргі күні «Қазпошта» АҚ-ның аудандық, ауылдық жерлердегі бөлімшелерінде «Халық ІРО» бағдарламасын түсіндіретін ақпараттық пункттер ашылып, акцияларды сатып алу қызметтерін көрсету мүмкіндіктері қарастырылуда.

Халық компания акцияларын сатып алу үшін қайда барулары керек деген сауалға келсек, тұрғындар ол үшін осы акцияларды сатып алу шараларын жүзеге асырушы брокерлерге хабарласса болғаны. Сатып алушы тұлға брокермен өзара келісімшарт жасасып, кез келген мөлшердегі акцияны сатып алуына болады. Брокерге осы мәміле жасау қызметі үшін сатып алушы азамат комиссиялық төлемақы төлейді. Әр қаржы операциясы үшін шамамен 1000-2000 теңге көлемінде. Азаматтар компаниялар акциясын бастапқы қор нарығынан, яғни, тікелей биржа саудасынан сатып алуына, сондай-ақ, екінші қор нарығынан – қолдағы акциясын сатып жүрген тұлғалардан нотариалдық заңдастыру жолымен сатып та алуына болады. Сатып алған акцияны қайта сату кезінде түскен пайдадан салық алынбайды.

Бірнеше жыл бұрын дәл біздегідей халыққа компаниялардың акцияларын сату науқаны Ресейде де жүргізілген болатын. Мамандар бірақ оның күткендегідей нәтиже бермегенін айтты. Басты себептің бірі – халыққа акцияларды сатып алудың жолдары мен маңыздылығын түсіндіру жұмыстары, ақпараттық насихат шараларының дұрыс жүргізілмеуінде және акцияларды сату бүкіләлемдік дағдарыс кезеңінің тұсында өткізілуіне байланысты олардың құнының төмендеп кетуінен делініп отыр.

Алдағы төрт жыл ішінде бағдарламаға мемлекеттің ең әлеуетті 10 компаниясы қатысып, олардың акциясын 160 мыңнан астам адам сатып алатыны болжанып отыр.

– Кез келген қаржы нарығы, оның ішінде қор нарығы бір орнында тұра бермейтіні анық. Сондықтан акциялардың құны өсіп қана қоймай, төмендеуі де мүмкін. Қай кезде де акцияны сатып алушы тұлға тәуекелге барады. Бірақ дәл қазіргі бағдарлама бойынша халыққа ұдайы даму үстінде келе жатқан, оң қаржы нәтижелерін көрсетіп отырған компаниялар мен кәсіпорындардың акциялары ұсынылмақ. Сондықтан бағдарлама халықтың табысқа қол жеткізіп, ел экономикасының дамуына атсалысуына шынайы мүмкіндік туғызуды көздейді, – деді бағдарламаның мән-маңызына талдау жасаған «Самұрық – Қазына» АҚ ұлттық компаниясының талдау ақпараттық департаментінің сарапшысы Мадина Батпаева.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button