Ауыл шаруашылығы

Ауылдардағы жағдай жақсарады

Азамат Темірбеков

Алдағы уақытта Тарбағатай ауданының бірнеше ауылында сумен қамту жүйелері жаңартылып, әр үйге ауызсу жеткізіледі.

Аудан әкімі Дархан Жөргекбаев жұмыс сапарымен Жаңаауыл, Маңырақ ауылдық округтерінде болды. Жаңаауылдағы клуб үйінде жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездескен аудан басшысы, аудан көлемінде атқарылатын жұмыстарға тоқталып, қоғамдастық мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар ол Қ.Ақынов атындағы орта мектептің жаңа оқу жылына қаншалықты дайын екендігіне көз жеткізді. Дәрігерлік амбулаторияны аралап, жұмысын оң бағалады. Мұнда ревакцинациялау жақсы нәтижемен жүргізілген. Алдағы уақытта Жаңаауылдың су жүйесін қайта жаңғыртуға, Сарыөлеңдегі ауызсу стансасынан әр үйге жеткізуге жұмыс жүргізіледі. Аудан әкімі балабақшаның жағдайын да өз көзімен көріп қайтты.

Маңырақ ауылында жергілікті қоғамдастық өкілдерімен жүздесуде көптеген жұмыстардың атқарылғаны белгілі болды. Атап айтсақ, мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ауылдың екі көшесі асфальтталған. Аудан әкімі жөндеу жүргізіліп жатқан клуб үйінде, күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулаторияға, заман талабына сай қызмет көрсетіп отырған «Жалғас» балабақшасына атбасын бұрды.

А.Байтұрсынов орта мектебінің ішкі жағдайымен танысты. Алдағы уақытта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жасалатынын айтқан ол ауыл азаматтары бірігіп салған спорт клубына соғып, жастардың спортқа деген ынта-ықыласына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар аудан басшысы ендігі уақытта спорт клубының материалдық-техникалық базасының жақсартылатынын тілге тиек етті.

Осы айдарда

Back to top button