Журналистік зерттеу

Ауылдарға автобус қашан барады?

 Ауылдарға автобус қашан барады?

Статистикалық деректерге көз салсақ, қара жолдың бойында қаншама адамның өмірін қиған жол көлік оқиғаларының көпшілігі жолаушы тасып жүйткіп жүрген жеңіл көліктердің қатысуымен болған екен. Техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмаған, жолаушы тасымалы ережелеріне сай емес мұндай жекеменшік көліктердің – таксилердің қымбат қызметін облыстағы аудандар тұрғындарының бәрі де пайдаланып келеді. Өйткені, ауылдарға апаратын автобус жоқ.

Абай, Катонқарағай ауданының тұрғындары жол тосумен жүр

Бүгінгі күні облыста жолаушыларға 334 жүйелі түрдегі автобус маршруты қызмет көрсетіп келеді. 145-қалаішілік, 14 кентішілік, 51 ауданішілік, 83 облысішілік қалааралық және қала іргесіне қатынайтын маршруттар, 21 облысаралық, 20 халықаралық маршрут бар. Облысаралық маршруттар облыс орталығы мен Семей қаласынан Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау қалаларына қатынауда. Бұдан басқа Зайсан-Алматы, Ақжар-Ақсуат-Алматы, Үржар-Алматы, Мақаншы-Алматы, Аягөз -Алматы бағытында үнемі жүріп тұрған жүйелі автобус маршруттары бар. Сонымен бірге, облыс елді мекендерінің Ресейдің Барнаул, Новосібір, Омск, Томск, Рубцовск, Кемерово, Красноярск, Новокузнецк, Змеиногорск, Угловское қалаларымен, Қытайдың Үрімші, Тачэн, Пакиту, Зимунай қалаларымен автобус арқылы қатынасы қамтамасыз етіліп отыр.

Алыс қалаларға апаратын автобустар баршылық болғанымен, аудан жұрты арғы белдің астындағы көрші ауылға, алыстағы елді мекеннен аудан орталығына жете алмай жүр. Жуықта облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевтың, облыстың көлік прокуроры Рүстем Тоқбергеновтің қатысуымен өткен жолаушы тасымалының түйткілді мәселелері қаралған кеңесте алдағы үш жылда аудандардағы ауылдардың бәрін ауданішілік автобус қатынасымен қамту туралы мәселе көтерілді.

Аймақтарды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес төрт жылда өңіріміздегі автобус қатынасынсыз отырған ауылдар санын азайта түсу көзделініп отыр. Өткен жылдың қорытындысы көрсетіп отырғандай, облыстағы 757 елді мекеннің 278-іне автобус қатынамайды, яғни, қазіргі күні аудандардағы барлық ауылдың 33 пайызына автобус мүлде бармайды. Автобус 479 ауылға ғана жүйелі қатынап тұр.

Биылғы жылы облыста автобус қатынасынсыз отырған ауылдардың қатарын 30 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Осылайша, алыс та жақын 2020 жылға дейін елді мекендердің бәріне автобус қатынасы ашылмақ.

«Нұрлы жол» мемлекеттік инфраструктуралық даму бағдарламасы бойынша 2019 жылға дейін облыста бір автостанция (Бородулиха ауылында), 18 жолаушыларды қамту пункті, 50 такси тұрағын салу жоспарланып отыр.

 Ауылдарға автобус қашан барады?

Бүгінде автобустар жүйелі түрде жүріп, жолаушылардың көңілі жайланып отырған аймақ Шемонайха мен Бородулиха аудандарындағы және Өскемен қаласының төңірегіндегі ауылдар болып тұр. Бұл аймақтарда автобус қатынасынсыз отырған ауылдар 15 пайыздан сәл ғана асады. Ал облыстағы Абай, Аягөз, Көкпекті, Тарбағатай аудандары ауылдарының ауданішілік автобус қатынастарымен қамтылу деңгейі мүлде төмен. Тіпті, кейбір аудандарда бірде-бір ауданішілік маршрут ашылмаған. Мысалы, 15 мың халық тұратын Абай ауданындағы 11 ауылдың екеуіне ғана автобус барады, оның өзі Семей-Қарауыл бағытындағы ауданаралық маршруттар. Осы екі ауылда тұрып жатқан алты мың халықтан өзге тоғыз мыңдай тұрғын автобустың жоқтығынан жол тосып жүр деген сөз. Катонқарағай ауданындағы 50 елді мекеннің 20 шақтысына ғана автобус жүріп тұр, бұлар да негізінен Өскемен мен Зырян қалаларының транзиттік автобус маршруттары көрінеді. Катонқарағай ауданында аудан ішіндегі ауылдарға қатынайтын жеті автобус қана бар. Бұл аудандардағы ел таксилерге жол ақысын екі есеге жуық қымбат төлеп, ауыл сыртына шығып, сарғайып, ары бері өткен облысаралық, ауданаралық транзиттік автобустардың жолын күтуде.

Абай ауданы әкімдігінің өкілі аудан орталығынан бірде-бір ауылға автобус жүрмеуінің себебін жолдың нашарлығымен түсіндірді.
Ауданішілік автобус қатынастарын көбейтуге тоз -тозы шыққан жол ғана емес, сол автобусқа отыратын адамдардың жоқтығы кедергі болып тұр. Қазіргі уақытта әсіресе, қалааралық автобустар бос келіп, бос кетіп жатыр. Қарағанды, Алматы, Астанаға ағылып жатқан «Лаз», «Икарус», «Мерседес» автобустарының ең кемі 50 адам сиятын салондарында әрі кетсе 16 адам отырады. Қаладан Украинка, Феклистовка тәрізді жақын маңдағы ауылдарға жүретін «Газельдер» екі-үш ақ адаммен кетіп бара жатады. Мұндай жолаушысы жоқ автобустар, маршруттар барған сайын көбейіп барады. Жолаушының жоқтығынан қалааралық, ауданішілік маршруттардың көпшілігі шығын шегіп жатыр. Кеңесте Өскемен автовокзалының атқарушы директоры жолаушы, жүк тасымалы талаптарын өрескел бұза отырып, такси қызметімен заңсыз айналысатындарға тосқауыл қою үшін еліміздегі жолаушы тасымалы ережелеріне өзгерістер енгізу қажеттігін ұсынды. Ауданішілік автобус қатынастарын ашуға да көбінесе осы мәселе -жолаушының аздығы кері әсерін тигізуде. Кәсіпкерлер табыстан шығынның көп болуына байланысты бұл бизнес түрінен бас тартуда. Өткізіліп жатқан конкурстарға да қатыспайды.

– Кеткен шығынды жаба отырып, аймақтағы әлеуметтік маңызды деген елді мекендерге жүйелі түрдегі жолаушы тасымалын ұйымдастыру үшін мемлекеттен субсидия бөлу жалғаса береді. Аудан әкімдіктері әлеуметтік маңыздағы ауылдарды субсидиялау бойынша талдау жасап, зерттеу жүргізуі қажет, қай ауылға автобус қатынасы аса қажет екенін анықтап, субсидиялау жүйесіне енгізу керек. Қазір әуе, темір жол тасымалының шығыны 70 пайызға дейін мемлекеттен субсидияланып отыр. Жолаушыларға өз тиімділігін көрсетіп отырған осындай субсидиялау жүйесін ауданішілік әлеуметтік маңызды маршруттарға бағыттауымыз керек. Осылайша, 2020 жылға дейін барлық елді мекендер автобус қатынасымен қамтылуы тиіс, – деді басқарма басшысының орынбасары Данияр Ахметов кеңесте.

Адамды шаршататын автобекеттер

Ауыл тұрғындарын автобус қатынасымен қамту мақсатында жыл сайын тоғыз ауданға ауданішілік, ауданаралық маршруттар үшін субсидия бөлініп келеді. Аягөз, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарына облыс бюджетінен былтыр бөлінген субсидия көлемі 66 млн. теңге болса, биылға 77 млн. теңге қарастырылып, игеріліп жатыр.

-Аудан елді мекендерін автобус қатынасымен қамту жоспарын аймақтың даму бағдарламасын жүзеге асыру деп қана қарамауымыз керек. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, тірлігін жеңілдету бағытында тез арада атқарылуы тиіс сіздер мен біздің алдымызда тұрған басты міндет, – деді кеңесте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев. – Әр аудан әкімдігі елді мекендерге автобус қатынасын ашып, ауыл тұрғындарына сапалы, тиімді жолаушы тасымалы қызметін көрсетуді ұйымдастыруы керек. Бүгінгі арнайы кеңес осы жұмысты қолға алудың алғашқы қадамы – біздің облыста жолаушы тасымалы бағдарламасын дайындап, қабылдаудың бастауы.

Кеңесте автобекеттер мен автовокзалдардың қызмет көрсету деңгейінің төмендігі де айтылды. Ауылдарды қойып, облыстың аудан орталықтары мен қалаларында автостанциялар мен автобекеттер жоқ, барының қызметі көңілден шықпайды. Жүйелі түрдегі автобус қатынасын дамытып, маршруттарды көбейтуге бекеттердің болмауы өзіндік кедергісін тигізіп келеді. Автовокзал, автобекет тұрса, жолаушылар билет сатып алып, қол жүктерін қойып, жайлы орынға жайғасып, автобусты тосар еді. Сондықтан далада автобус күткенше деп дайын тұрған таксиге қарай жүгіретін жұрт отырып, автобус күтетіндей автобекеттер ашу керек. Автобекеттерде алдын ала билет сатуды жолға қою жолаушылардың сапарын күні бұрын жоспарлап, бұйымтайын бітіріп, жолға шығуына айтарлықтай тиімді әсер етері сөзсіз.

Осы күні облыста жүйелі түрде жүретін маршруттарға қызмет көрсететін үш автовокзал бар: біреуі Өскеменде, екеуі Семейде. Он автостанция және елді мекендерде орналасқан тоғыз жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар. Бірақ олардың көпшілігінің аты бар да, заты жоқ. Біреуінің іші азынап тұрса, бірінің әжетханасы, орындығы болмай жатады. Гигиеналық талаптарға сай емес мұндай автобекеттерде отырып, автобус күтпек түгілі жолаушылардың бас сұғып кіруі мүмкін емес. Мұндай автобекеттерде әрі-бері отырған жолаушылар жолға шықпай жатып-ақ шаршайды. Қалалардағы автовокзалдардың өздерінде заманауи жағдайлар түгілі «бала мен ана бөлмесі» секілді қарапайым қажеттіліктердің өзі жоқ.

– Георгиевка ауылында ашылған жолаушыларға қызмет көрсету пунктіне аялдаудың өзі мүмкін емес екенін көрдім, санитарлық тазалық деген жоқ, лас, суық. Онымен қоймай, үнемі жабық жатады. Ал Белоусовка кенті мен Өскеменнің ортасында күніне 11 рет жүйелі түрде қатынайтын автобустың Белоусовкадағы ең соңғы аялдамасының жағдайы жолаушылар тасымалы ережесінің талаптарына мүлде сай емес. Жолаушылардың арыз, шағымына байланысты мен өзім Белоусовка әкімімен бірге аялдаманың жағдайын барып көрдім. Ережеге сай автовокзал, бекет жоқ болған жағдайда, жүйелі түрде жүретін автобустар тоқтайтын аялдамада арнайы жабдықтар болуы шарт. Жеке кәсіпкерге қарасты бұл аялдамада оның бірі жоқ. Дәл аялдаманың жанында такси көліктері тұрағы тұр. Олар автобустың аялдамаға кірер, шығар жолын бөгеп, кедергі жасауда. Жергілікті атқарушы билікте бұл жағдайды реттеудің ешқандай тетігі болмай отырғандықтан, көлік инспекцисы мен құқық қорғау орындарының көмегі қажет, -дейді Данияр Ахметов.
Аймақта ауданішілік автобус қатынастарының аздығы, автобус бекеттері жағдайының нашарлығы ғана емес, тұрғындарды пайдаланылғанына он жылдан астам уақыт өтіп, тозығы жеткен ескі автобустардың тасып жүргендігі де назар аударатын мәселе болып тұр.
Сурет пресса Жанаргүл файл «автостанция» 2 сурет

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button