Журналистік зерттеу

Аудан орталықтарына автобус неге жүрмейді?

Осыдан төрт жыл іссапармен Тарбағатай ауданына жүрмек болып қаладағы орталық автобекетке билет алуға барғанымызда аудан орталығы Ақсуатқа облыс орталығынан бірде-бір автобус қатынамайтынын естіп қайран қалғанбыз. Ақсуатқа жету үшін Өскемен – Зайсан бағытындағы автобусқа отырып, жолдан түсіп қалып, алдын ала келісілгендей, бізді күтіп тұрған «Көкжыра» шаруашылығы басшысының көлігіне мініп Ақсуатқа әупірімдеп әрең жеткен едік. Ақсуатқа баратын ел осылайша автобустан автобусқа мініп, аудан орталығына түнделете жететін көрінеді. Ал егер жолаушы одан әріде жатқан ауылдардың тұрғыны болса, тағы да жалғасатын жол машақатына төзуі керек.

Аудан орталықтарына автобус неге жүрмейді?

Ақжардан Ақсуатқа жету мұң болды

Білдей бір аудан орталығы болып отырған сол Ақсуатқа биылға дейін Өскеменнен ешқандай автобус қатынамапты. Оның өзі де осыдан бір ай бұрын ғана жүре бастаған екен. Күнде болмаса да күнаралата жүретін микроавтобус талай жылдан бері жол азабын тартып келе жатқан ақсуаттықтардың бір арманы болғаны рас.

Алыстағы Тарбағатай ауданының жұртын мазалап келе жатқан көлік мәселесі жалғыз бұл емес екен. Жуықта редакцияға Ақжар ауылының тұрғыны Тілеубек деген азамат телефон шалып, Ақжар мен Ақсуаттың арасына автобус жүрмейтінін айтып, осы бағытта автобус жүргізсе деген ауыл тұрғындарының өтініштерін жеткізген еді.

– Ақсуаттан Ақжарға, Ақжардан Ақсуатқа автобус жүргізсе деген өтінішімізді аудан басшылығына айтып келе жатқалы бірнеше жылдың жүзі болды. Бірақ халық екі ортада әлі көлік күтіп жол үстінде жүр. Елді мекендердің ара қашықтығы 100 шақырымдай, аудан тұрғындары екі жаққа әрең барып, келіп жүр. Әрлі-берлі жүріп жатқан таксилерге жол ақысын екі-үш есе қымбатқа төлеуге мәжбүрміз, – деген оқырманымыздың өтінішіне орай Тарбағатай аудандық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлеріне хабарласып, мәселенің мәнісі неде екенін сұрағанбыз. Телефон тұтқасын алған бөлім маманы Біржан Нығызбаев Ақжар мен Ақсуаттың арасына автобус жүргізу мақсатында бірнеше рет конкурс жарияланып, шығындарды жабуға субсидия да қарастырылғанымен жолаушылар тасумен айналысуға ынта білдіріп отырған тұлғалардың болмағандығын жеткізді.

Қазір Ақсуатта 6545, Ақжарда 6184 тұрғын бар. Яғни, ауданда осыншама адамды көлікпен қамту мәселесі шешімін таппай отыр деген сөз.

Жеңіл көлікке мінгендердің қалтасы қалың ба?

Сонымен аудандық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің маманы жолаушы тасымалдауға ниет білдірген аудан тұрғындарына ешқандай кедергінің жоқтығын айтты. Ауыл тұрғындары ішінен автобус сатып алып, жолаушы тасумен айналысам деушілер болса қолдауға қашан да әзір.

Алайда, ауылдардың арасына арнайы автобус шығарылғанымен жолаушылардың аздығынан бірер айдан соң тоқтап қалатын көрінеді. Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бастығы Мақсұт Исахов бұл жердегі мәселе заңсыз жолаушы тасып жүрген таксилерде болып тұрғанын айтады. Ешқайда тіркелмеген, ешқандай салық төлемейтін, қызмет көрсету үшін басқа да қажетті қосалқы шығындарды шығармайтын жекеменшік көлік иелері жолаушылардан автобустың бағасымен бірдей мөлшерде ақы алып, арнайы шығарылған автобусты жолаушысыз қалдырып, шығынға ұшыратуда. Ақыры автобус иелеріне бұл кәсіп тиімсіз болып, қызметтерін тоқтатуда. Ал бәсекелестің жоқтығына көзі жеткен таксистер іле бағаларын көтеріп жіберуде.

Мәселен, қазір Самар мен Көкпекті арасына да автобус жүрмейді. Осы екі елді мекенге жолаушы тасымалы қызметін көрсетіп отырған жекеменшік тасымалдаушы тұлға қызмет көрсетудің тиімсіз әрі шығынды болғандығына байланысты тасымалдауды тоқтатқан. Бүгінде самарлықтар аудан орталығына жету үшін таксиге 500-700 теңге төлеуде.

Дегенмен қазір Көкпекті ауданының әкімдігі халықтың өтінішіне орай Самар мен Көкпекті ауылының арасына қайтадан автобус жүргізуге конкурс жариялап, субсидия бөліп отыр, жыл соңына дейін аталған бағытта автобус қатынайтын болады дейді облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бөлім бастығы Марат Есімханов.

Күршімдіктер де жол азабын тартып отыр

Міне, қыраулы қыс түсіп, күн суытқалы Күршім ауданындағы «Қызылту» өткелі жабылып, паром қызметі тоқтатылды. Күршімнің халқы енді облыс орталығына барып, қайту үшін Зырян ауданын айналып жүр.

Ел аузында «Яма» деп аталып кеткен Өскемендегі орталық автобекеттің жанындағы таксилер тұратын жерге барып, Күршімге такси қанша алатынын сұрап білдік. Кісі басына – 4,5 мың теңге. Автобус билетінің бағасынан 2.500 теңгеге артық. Автобусқа билет жоқ болғандықтан ба екен, әйтеуір, жолақысының қымбат екендігіне қарамастан таксиге отырып жатқандардың қарасы көп екенін байқадық.

– Бірнеше жүз шақырымды артқа тастап қақаған қыста жол жүру бізге оңай емес. Ауданға барар жол қиын екенін білесіздер. Жанармай бағасы да қымбат. Сол себепті бағаны осылай қойып отырмыз. Елдің өзінің қалауы біледі. Автобусқа отырса, автобус та жүріп жатыр, – дейді жекеменшік көлік иелері.

Жаз кезінде де күршімдіктер үшін жол әлегі аз болған жоқ. Аудан тұрғындарының айтуынша, шағын екі баржаның бірі жүрсе, бірі тоқтап қалып, жағалау бойына кезекте тұрған көлік иелерінің паромнан айғай-шумен әрең өткен күні көп болған көрінеді.

Бүгінде халық алдағы жылдан бастап қайтадан қызмет көрсетеді деп отырған «Енисей», «Иртыш» паромдарының жүруін асыға күтіп жүр. Облыс Әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, келер жылдан бастап «Енисей», «Иртыш» паромдары өз жұмыстарын қайтадан бастамақ. Жекеменшіктен коммуналдық меншігіне өткізілгелі отырған екі паром да қазір «Банк Центр Кредит» АҚ-да кепілдікте тұр. Паромдарды банк кепілдігінен алуға «International Fundfor Houbara Conservation-Kazakhstan» корпоративтік қорының директоры Мохаммед Салех Хасан Альбайдани (Біріккен Араб Эмираттары) қайтарымсыз негізде, қайырымдылық мақсатпен 80 миллион теңгеден астам көлемде грант бөлуге ниет білдірген. Қазір қажетті қаржы банктің есепшотына түсіп, паромдарды «Банк Центр Кредит» АҚ кепілдігінен алып, коммуналдық меншікке өткізу ресімдері аяқталып та қалған.

Ал Күршімге ұшып жүрген ұшақтың биыл дәл қай уақытта ұшатыны белгісіз болып тұр. Өскемен әуежайының қызметкерлері қыста бұл ауданға ұшақ мүлде ұшып көрмегенін айтты. Осы ауданға ұшып жүрген «АН-24» ұшағының іші суық болуына байланысты қыста ұшуға жарамайтын көрінеді. Көктем, жазда ғана ұша алады.

Өскеменнен тікелей автобус бармайтын аудан орталығының бірі Көкпекті ауылының тұрғындары да қыраулы қыста жолақысын аспандатып жіберетін таксиге жүгіруде.

– Осы ауылға жол-жөнекей қатынайтын Зайсан, Ақжар, Ақсуат бағытындағы автобустарға билет жоқ болып қалғандықтан, амалсыздан таксиге келіп тұрмыз. Таңертеңгі, түскі, кешкі рейстерге де жоқ. Автобусқа билет болмаған соң қалада қалатын емес, сондықтан билет бағасын екі есе төлеп, таксиге отыруға тура келеді. Егер өз ауданымызға тікелей арнайы автобус жүрсе, бұлайша орынсыз, билетсіз қалмас едік. Такси төрт мың теңге алады. Арнайы автобус жүрсе, екі мың теңгеміз қалтамызда қалар еді, – дейді құжаттарын жөндету үшін қалаға бір емес, бірнеше рет келуге мәжбүр болғанын айтқан оралман Гүлсара Қайныкеш.

Қыраулы қыста дірдектеп жол тосып, қалтасындағы ақшасын таксиге төлеп тауысқан ауыл тұрғынының қалаға келгендегі бұйымтай да бітпеген екен.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button