Ауыл шаруашылығы

Ауыл жастары мал бағуды неге ар санайды?

Ауыл жастары мал бағуды неге ар санайды?Мені ауыл жастарының жайы көп толғандырады. Осыған орай, ойымда жүрген бірер мәселені айтқым келіп отыр.

Кеңшарлар таратылған кезде малды, техниканы, базаларды бөліп алдық. Сол кездегі майталман мамандарымыз отбасыларымен бөлініп, өз малдарын бағып қыстақта қала берді. Міне, бүгін олар зейнеткерлікке жетіп, ауылға, қалаға көшіп жатыр. Олардың балалары малға бармай, ауылда, қалада жүргенді қалайды. Қазір кейбір ауыл жастары атқа мініп, мал бағуды ар санайды. Кейбір ауылдарда жазда сиыр жаятын кісі табылмайды. Мемлекетіміз ауылға деген қаржыны жылдан-жылға арттыруда. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға көбінесе мұғалімдер, дәрігерлер келуде.

Ал негізгі ауыл шаруашылық мамандары – инженер, зоотехник, агроном, мал дәрігері сияқты мамандарға орын жоқ. Осы орайда шаруашылықтарды ірілендіру ісі оңай емес. Оған мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама болса жарар еді.

Жасыратыны жоқ, ауыл жастары жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады. Нақты мамандық алуға асығатындары кемде-кем. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілгендей, жастарды жаңа көзқарас, жаңа басымдықтар тұрғысында өмір сүруге тәрбиелеуіміздің маңызы ерекше.

Ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар бар, бәріміз жеткіншектерді осы бастан еңбекке баулуға ден қоя алмай отырған сияқтымыз. Мәселен, 1961-1965 жылдары ауыл мектептерінде өндірістік оқу енгізілді. 11-ші сынып бітірген оқушы (ұл-қыз демей) тракторшы, жүргізуші мамандығын алып шықты. Оқушылар жер жырту, шөп шабу, қора тазалау, қой қырқу сияқты жұмыстарды атқарды. Көктемгі егіс кезінде біздің оқушылар совхоз тракторшыларымен бірге жұмыс істеп жүрді.

Бәрімізге аян, көптеген ата-аналар балаларына жақсылық жасаймыз деген оймен олардың барлық талап-тілектерін орындауға тырысатыны бар. Ұялы телефон, компьютер, машинаға дейін алып беруде. Ал олар осы дүниенің құнын біле ме екен? Отбасылық бюджетті қалыптастыруға ұл мен қызды жастайынан қатыстыруымыз керек сияқты. Егер мемлекетіміз жай ғана электр шамдарын люминиценттік шамдарға айырбастау арқылы елімізде миллиондаған квт. энергия үнемдеуді жоспарлап отырса, осы отбасы мүшелері бұл туралы әлі ойлана қойған жоқ. Шамдар күндіз-түні жанып тұрса да, балалар оған мән бермейді.

Германияда жұрт кредитке машина алуды ұят санайды екен. Жапондардың көпшілігі машинаның қозғалтқышы 50 ат күшінен аспауын қалайды. Біздің жастарымыз машина моторының күші 300-400 ат күші, тіпті одан да артығырақ болса екен дейді. Абай атамыз айтқандай, «бекер мал шашпақ» деген осы. Қазіргі жастар аз еңбек етіп, көп ақша табуды мақсат етеді. Заманына қарай солай да шығар. Бірақ біз жанұяда оларға шаруашылық есептің негізін үйрете алмай келеміз. Тәуліктегі 24 сағат еңбек адамына кейде жетпей де қалады. Ал түнімен теледидар көріп, компьютерде отырып, ертеңінде түске дейін ұйықтаған адам қоғамға не жақсылық әпереді?

Қазіргі басшылық қызметте жүрген азаматтардың көбінің көздерін еңбекпен ашқандары баршамызға аян. Енді 15-20 жыл өткеннен кейін шаруашылық басшылары қайдан келмек?

Осыған орай жастарды бүгіннен бастап болашаққа тәрбиелеуіміз қажет-ақ. Шаруашылық есептің негізі – өндірістік оқуды насихаттауымыз керек сияқты. 12 жылдық білім жүйесі енгізгелі отырғанда осы мүмкіншілікті неге пайдаланбасқа? Сонда қазіргі бүлдіршіндер 2050 жылы 40-45 жасқа келіп, кең байтақ жерімізді игеріп, ауылдарымызды гүлдендіре түсетін болар деген ойдамын.

Кәмелқан Тоқанов,
зейнеткер

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button