Ауыл шаруашылығы

Аусыл ауруының беті қайтты

Естеріңізге сала кетейік, Үржар ауданының Ақшоқы ауылдық округінде малда аусыл індеті анықталған еді. Бүгінгі таңда осы округ бойынша 1373 малдың көзі жойылып, барлық шаруашылық ғимараттары залалсыздандырылып, елді мекенге кіреберіс жолға бекеттер қойылған болатын. Осы мәселеге орай ауданға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева келіп, жиын өткізді. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы С.Сапарғалиев, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің инспекция басшысы К.Тоқтасынов, аудан әкімі Б.Жанақов, мал дәрігерлері, аумақтық инспекция қызметкерлері қатысты.

Аусыл ауруының беті қайтты– Орын алған жағдайға байланысты аумақтық инспекцияның, жалпы, мал дәрігерлерінің ешқандай кінәсі жоқ. Барлығы сапасыз вакцинадан болып отыр. Өйткені, ауданда бұған дейін екі рет вакцина жұмыстары жүргізілген екен. Ал енді бұл мәселе шешілетін болды. Өйткені, бүгіннен бастап жаңа вакцина енгізіле бастады. Жаңа вакцинаға байланысты барлық сертификаттар алынды. Ол сіздерге жақын арада міндетті түрде жіберілетін болады, – деді вице-министр Г.Исаева.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің инспекция басшысы Кенжеғазы Тоқтасынов бүгінге дейін тазаланбаған вакцинаның пайдаланылғандығын, сол себепті де ауру ошақтары қайта шығып жатқандығын атап көрсетті. Оның айтуынша, зерттеу нәтижелерінің көрсеткіші бойынша Ақшоқы ауылындағы ірі қаралардың иммунитеттік деңгейі өте төмен болып отыр. Ал тазартылған вакцина жақсы нәтиже беретіні сөзсіз.

– Бүгінгі күні аудандағы көзі жойылған малдардың барлығының құжаттары рәсімделіп, құны анықталып, иелеріне нарық бағасымен қайтарылып береді. Екі банктен шоттар ашылды. Кеше 323 мал басына қаражат түсті. Біз өзіміз тексердік. Басқа 400 бастың құжаттары келді, олардың да ақшалары түсуі керек. Қалған өлтірілген малдың барлық құжаттары дайындалып жіберілсе, біз барлық малдың басына төлеп береміз, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

– Індет анықталған күннен бастап осы ауылдамыз. Республикалық эпизотряд жақсы жұмыс істеді. Аудан басшылығына, аумақтық инспекцияға да рақмет. Күні-түні басы-қасында жүр. Халықтың арасынан ешқандай наразылық туған жоқ. Ауырған барлық малдың көзін жойдық, – деді биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы С.Сапарғалиев.

Вице-министр Гүлмира Исаеваның айтуынша, алдағы уақытта мал дәрігерлеріне бір-бір көлік берілетін болады, республикалық бюджет есебінен компьютер, құрал-сайман, тағы да басқа керек-жарақтар сатылып алынады.

– Ауданымызда 82 мыңнан астам ірі қара, 273 мыңның сыртында ұсақ мал бар. Шекаралы аймақ ретінде, әрине, қауіп болады. Бүгіндері аусыл ауруы тіркелген жоқ. Сіздер сапалы вакцина шығардық деп отырсыздар, енді бізге сол вакциналар уақытында жеткізілсе дейміз. Өйткені, өздеріңізге белгілі, ауданымыздың басты байлығы мал шаруашылығы болғандықтан, халықтың күнкөрісі осы шаруашылыққа байланысты болып отыр. Сондықтан көтерілген мәселелер тезірек шешіліп, жағдайдың дұрысталатындығына сенімдіміз, – деді аудан әкімі Бауыржан Жанақов.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Ақшоқы ауылында да болып қайтты.

Зухра Турапова

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button