Денсаулық сақтау

Аудандағы 19-шы дәріхана ашылды

Аудандағы 19-шы дәріхана ашылды

Зайсан қаласында жаңа дәріхана ашылды. Бұл – аудандағы 19-шы дәріхана. Нысанның ашылуына аудан әкімі Темірбек Қасымжанов пен ауданның бір топ құрметті азаматтары қатысып, мекеме жұмысына табыс тіледі.

–Жаңадан ашылып отырған бұл дәріхана халық игілігіне жұмыс істеп,экономикаға өз үлесін қосады. Мұнда жаңа жұмыс орындары ашылып отыр, бұл мекемеден жергілікті бюджетке салық түседі, тұрғындарға қолжетімді бағада дәрі сататын тағы бір орын пайда болды. Бәсеке бар жерде, сапа да болады, – деді аудан әкімі.

«СМУ-Шығыс» ЖШС ашып отырған дәріхана ғимараты үш қабаттан тұрады. Жертөледегі бөлмелерде фитнес залдарын ашу көзделуде. Құрылысы былтыр ғана басталған ғимарат бір жылда салыныпты. Ең бастысы, мұндағы дәрі-дәрмек бағасы қолжетімді. Оны ашылу рәсіміне келген ардагер дәрігер, ауданның Құрметті азаматы Бітімхан Қошпанов та растады. Кейбір дәрілік препараттардың құны облыс орталығындағы деңгейден төмен екен дейді ол. Жаңа нысанның арқасында үш адам жұмыспен қамтылып отыр. Зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Дәріхана меңгерушісі Фариха Қалимолданованың айтуынша, олар қалған орынжайларды түрлі медициналық қызмет көрсетуді көздеген азаматтарға жалға бермек. Дәріхана Сағынтай Спамбетов көшесінің бойында, «Абай» саябағының маңында орналасқан, бұл – қаланың орталық бөлігі. Жақын маңда жабық бассейн, воркаут алаңы бар. Енді дәріхана залдары іске қосылса, осы аумақ салауатты өмір салтын қалыптастыру кешені іспетті болады.

Зайсан ауданы

Ержан ӘБІШ

Осы айдарда

Back to top button