Экология

Ауаны автокөліктер ластап жүр

Экологиялық талаптарды сақтамаған автобус парктеріне, жекеменшік көліктердің иелеріне, жалпы қоршаған ортаға зиян келтіруші техникалардың барлығына қатаң шара қолдану керек. Өйткені, Өскеменнің, Өскеменнің ғана емес-ау, барлық қалалардың ауасын ластаушылардың негізін осынау арлы-берлі ағылған көліктер құрайды екен. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтің төрағалық етуімен болған үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында эколог мамандар осындай түйін айтты.

Ауаны автокөліктер ластап жүр– Көкке шаншылған мұржалардан шығатын түтіндермен салыстырғанда автокөліктердің улы газдары адамның тыныс жолдарына көбірек әсер етеді. Өйткені, көлік түтіні жер бетіне жақын жатады. Жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде атмосфераның азот диоксидімен ластануында көлік түтінінің үлесі 50 пайыздан асып түсетіні анықталды. Сол сияқты таңғы сағат 7-ден қас қарайғанға дейінгі аралықта ауадағы азот диоксидінің мөлшері еш азаймайды, керісінше көбейеді. Бұл түнгі мезгілге қарағанда көліктердің күндіз көбірек қатынайтынын білдіреді, – дейді эколог маман Г.Корешков.

Сонымен қатар ол мәшинелерден шығатын улы газдың мөлшерін азайту үшін жанар-жағармай сапасын тексеріп, стандартқа сәйкестендіру қажеттігін еске салды. Маманның пікірінше, Өскемендегі жанар-жағармай құятын стансаларда саудаланатын сұйық отынның сапасын тексеру жағы әлі де болса жеткіліксіз. Қаладағы автобус парктерінің көпшілігі сапасынан гөрі бағасы көңілге қонымды жанармайды тұтынуға бар. Осы арада кеңеске қатысушылар облыс орталығындағы қоғамдық көліктерді тек қана сапасы жоғары бензин немесе дизель отынымен қамтамасыз ететін стансалардан құю үшін олармен қандай да бір меморандум жасасу жөнінде ұсыныстарын алға тартты.

Мамандардың айтуынша, көліктердің техникалық жарамсыздығы да қаланың қара түтінге көмілуіне өз әсерін тигізуде. Тиісті орындармен атқарылған бірқатар тексеру шаралары осыны анықтаған. Облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Петр Никифоровтың деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні Шығыс өңірінде бес арнайы жабдықталған бекетте, сондай-ақ жылжымалы зертханада көліктерден шығатын улы газдарды тексеру шаралары жүргізіледі екен. Жыл басынан бері жол полициясы қызметкерлерімен 247-бап бойынша (улы газ шығару арқылы қоршаған ортаға зиян келтіру) 867 хаттама толтырылған. Алайда облыс Әкімінің бірінші орынбасары сөз арасында хаттама толтырып қана қоймай, сол техникалардың жүруіне рұқсат еткендерді жазаға тартуды ескертті.

– Сіздер осы уақытқа дейін хаттама толтырған кезде көліктердің техникалық байқаудан өткен құжатына қарап, олардың жүруіне рұқсат еткен фирмаларды анықтадыңыздар ма? Техникалық байқаудан өткізген сол фирмаларға қандай да бір шара қолдандыңыздар ма? Неге қолданбайсыздар? Ақауы бар мәшиненің қала көшелерінде қозғалуына неге рұқсат берді? Міне, осы мәселені облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесе отырып қолға алу қажет, – деді Серік Әбденов.

Үйлестіру кеңесінде сонымен бірге қоғамдық көліктерді газға көшіру, қалаішілік айналма жолдарды жөндеу, орталықта орналасқан жанармай құю бекеттерін сыртқа көшіру, көшеге қоқыс тастайтын адамдарды жазаға тарту, қаланың тазалығын сақтау мақсатында еріктілер тобын шығару сынды мәселелер айтылды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button