Ауыл шаруашылығы

«Ащыбасыда» қарбыз саудасы қызып тұр

Қалғұты ауылдық округіне қарасты «Ащыбасы» учаскесіндегі бұлақ басында жылдағы дәстүр бойынша осы өңірдің бақшашылары өз өнімдерін сатуға шығарды. Алғашқылардың бірі болып мұнда Аманжол мен Ерден Құсайыновтардың «Ерасыл» шаруа қожалығының және Ербұлан Оспановтың қауын-қарбыздары жеткізілді. Өзіміздің өңірде өсірілген, пайдалы дәруменге толы қарбыздың бір келісі 100 теңгеден, қауын 200-250 теңгеден саудалануда.

«Ащыбасыда» қарбыз саудасы қызып тұрАқши ауылының тұрғыны Меруерт Әнжанова жолдасы Ербұланмен бірге былтырдан бері көкөніс өсірумен айналысуда. Олар өткен жылы бақша өнімдерін жарты гектар жерге салған болса, биыл бақшалық алқабын екі есеге ұлғайтқан екен. Жалға алған алқапта көктем шыққаннан бері бел жазбай еңбектенген олар биылғы қарбыздың жай өнгендігін айтады.

– Осымен екінші жыл қатарынан қауын-қарбыздың ерте пісетін сұрыптарын егіп отырмыз, – дейді Меруерт. – Тұқымды Алматы қаласынан сатып әкелеміз. Өткен жылы өнімімізді 15 шілдеден саудалай бастаған едік, биыл күн райына байланысты шілденің 24-інен бастап қана ұсынудамыз. Өнімді өткен-кеткен жолаушыларға сатып, азық-түлік пен отын-суға қажетті қаражат табамыз. Ары-бері жүргінші көп қатынайтын осы бір ыңғайлы жерде сауда жасауға қолайлы арнайы орын жабдықталса жақсы болар еді. Округ басшылығы бұл жайды назардан тыс қалдырмайтын болар деген сенімдеміз.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button