Мәдениет

Асқар ауылда жүргенде «оқымысты» атаныпты

Тегінде асқар болу, асқақ болу адам баласының кез келгенінің маңдайына жазылмаған. Қазақта Асқар дейтін есімді иеленген жігіттер де көп. Десек те Асқар деген киелі атты иелену бар да, мынау өмірде Асқар болып қалу бар. Сондай аты да, заты да асқар тау тұлғалардың бірі – зайсандық жерлесіміз, ақын, сыншы, ғалым, аудармашы, түріктанушы Асқар Егеубаев. Осыдан небәрі алты жылдай уақыт бұрын сұм ажал арамыздан алып кеткен ақын бүгін жыр сүйер қауымның сағынышына айналды. Осы орайда газетіміздегі «Ол қандай бала болған?» айдарының кезекті санын Асқар Егеубайға арнап отырмыз.

Асқар ауылда жүргенде «оқымысты» атаныпты

Мектепте жүргенде-ақ өлеңге ғашық болыпты

Иә, 1950 жылдың 6-наурызында Күршім ауданында тұратын Құрманғалидың отбасында бір сәби шырылдап дүние есігін ашыпты. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге жеңіспен оралған әке сол сәт ұлының болашақта ұлт мақтанышына айналарын сезді ме екен, сірә. Әйтеуір, Асқар атанған сол баланың кейін алысқа ұзағаны ақиқат.

Асқардың алғашқы өлеңдері мен мақалалары аудандық «Достық» газетінде, облыстық, республикалық жастар басылымдарында 1964 жылдан бастап жарық көре бастайды. Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепті 1967 жылы бітірген ол 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, кейіннен осы университеттің аспирантурасын тәмамдайды. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында, Қазақстан Республикасы энциклопедиясының бас редакциясында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, ҚР Парламенті Сенат аппаратында жауапты қызметтер атқарады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының «Мәдениеттану, мемлекеттік қызметті тілдік қамту» бағдарламасының директоры да болады.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз А.Егеубаев «Мөлдір тұма» (1977), «Жүректегі жұлдыздар» (1979), «Сыр мен сымбат» (1981), «Сөз жүйесі» (1985), «Құс жолы» (1982), «Әділет» (1990), «Движение», «Кісілік кітабы», «Аламан», «Құтадғу білік», «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі», тағы басқа көптеген поэзия, әдеби сын, зерттеу еңбектерінің авторы. Ол – Гете, Т.Шевченко, Олжас Сүлейменов, Акбар Рысқұл, Құтби Киром, Юрий Кузнецов, т.б. көптеген ақындардың шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен ақын. Ежелгі түркі ескерткіштерін зерттеп, аударған бірден-бір ғалым. 1986 жылы Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанын тұңғыш рет толығымен аударып, жеке том етіп жариялатқан да – Асқар. А.Егеубаевтың осы еңбегі кейіннен Пекинде «Ұлттар» баспасында араб әліпбиімен жарық көрді.

Сондай-ақ Асқар Егеубаев Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының әдеби сөздігін жасап, ол туралы талдау еңбектерін жарыққа шығарды. М.Қашқаридың көп томдық «Диуани лұғат-ат-түрік» атты шығармасын қазақшалады. 1984 жылы «Сыр мен сымбат» деп аталатын сын кітабы мен «Құс жолы» атты өлеңдер жинағы үшін Асқар Егеубаев Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алады.

Мұғалімдер отбасында дүниеге келген екен

Иә, Асқардың өмірбаянына қарап отырсақ, сәуегейлердің адам есімінің оның алдағы тағдырына әсер етеді деген сөздеріне сенбеске лажың жоқ.

Ойлан, қазақ! Ойлан, ойлан, ойлағын!
Тұлпар міндің, темір міндің, Ойға мін!
Ойға мін де, ойланбаған ойлардың,
Орман-орман орамына бойлағын! –

деп Асқардың өзі жырлағандай, құрдастары, достары Асқардың ойдың тұлпарын бала кезінен-ақ ерттеп мінгенін айтады. Асқар мектепте оқып жүргенде-ақ өлеңге ғашық болыпты. От болып жаныпты, лапылдапты. Алтайдың асқар шыңдарындай асқақ армандарға сол кездерде-ақ қол созыпты. Алтайдың Асқары болып туып, алаштың Асқарына айналыпты.

Тегінде ақынның алғашқы кітабының «Мөлдір тұма» деп аталуы да тегін емес болса керек. Мұндағы өлеңдерінен Асқардың туған жерге деген кіршіксіз махаббаты анық көрінеді.

Тас тұма, саған жиі бара бердім,
Барған сайын шөліркеп, жана бердім.
Лүпілдейтін шығар-ау дәл өзіңдей,
Болса, сірә, жүрегі қара жердің, –

деп өзі жырлағандай, Асқардың ақын болып қалыптасуына да туған жердің ықпалы зор болғаны сөзсіз.

«Қазақтың асыл Асқары» атты естелігінде Зайсан ауданының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Қалибек Алтыбаев былай дейді:

«…Оның кіндік қаны әкесінің жұмыс бабымен барған Қыстау Күршім ауылында тамды дегені болмаса, еңбектегеннен еңбекке жарағанға дейінгі ғұмыры Зайсан ауданында өтті… 1954 жылы Құрмаш аға Сауыр тауындағы малшы балаларына арналған «Обалы» бастауыш мектебіне мұғалім болып барды. Ол кезде малшы балаларына арналған интернат болмағандықтан Құрмаш ағайдың үйінде тұрып оқыдым. Дәметкен апай кең жүректі нағыз мейірбанды ана еді. Асқар аяғын апыл-тапыл басып, інісі Қалиасқар еңбектеп жүрген жас сәбилер. Асқардың сәби кезіндегі екі қылығы есімде қалыпты. Бірде немере ағасы Аманкелдінің бас киімін ұнның ішіне тығып тастапты. Күн суық, бірнеше күн таба алмай, зар илеп тоңып еді. Тағы бірде, ұмытпасам, 1954 жылдың желтоқсаны болу керек, Құрмаш аға соғым сойды. Ауыл ақсақалы Тоқтар етті мол және жас малдың терісі піскенде өсіп, тәтті болады деп, малдың ішек-қарын, өкпе-бауырын алып тастап, арысқа асып, отқа үйітті. Ересектер осы жұмыспен шұғылданып жүргенде Асекең пышақпен ішек-қарынды тескілеп, шешесіне үлкен жұмыс тауып қойыпты. Я, осы Асекең қайсар, қайратты болып ер жетті… Қазақтың асыл Асқарын насихаттау үшін мектептерде Асқар шығармаларын оқып, үйреніп, сайыстар өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді».

Асқардың бала кезде бастауышта бірге оқыған сыныптастарының бірі – көп жылдар өзіміздің облыстық газетте қызмет істеген, белгілі ақын Ғалым Байбатыров.

– Асқар мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Анасы Асқар екеумізді бастауыш сыныптарда оқытқан мұғалім. Кейін біздің үй мен екінші сыныпты бітірген жылы Дайыр ауылына көшіп кетті. Сол бір-екі жылда бірге оқыған көп бала ұмытылғанымен Асқардың жөні бөлек еді. 1964 жылы газет беттерінен Асқардың өлеңдерін, мақалаларын оқи бастадым. «Е, бұл біздің Асқар ғой» деп қуанып, достарыма «бірге оқыдық» деп мақтанып жүретін едім, дейді Ғалым аға. – Біз мектеп бітірген жылдары оқуға түсу бір машақат еді. Ол кезде оқуға түсу үшін кем дегенде екі жылдық жұмыс өтілі болуы керек. Осы талаптарды мүлтіксіз орындау үшін Асқар бір жыл Марқакөл аудандық «Шамшырақ», келер жылы Зайсан аудандық «Достық» газетіне ауысты. Осы кезде екі-үш ай Асқармен бірге істеп, мен әскерге кеттім. Жалпы, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауда Асқардың алдына түсер адамды сирек көрдім. Ашық-жарқын, жарасымды өзіне тән әзілі қандай еді! Соларын ести отырып өзіңнің де жаның жадырап қалатын еді. Бірге жұмыс істегенде ең басты артықшылығы – жеделдігі, алғырлығы дер едім. Онсыз да ақын адам газеттің кез келген материалын қиналмай жазып тастап, жүзі жадырап, күлкілі бір әңгімелерді айтуға қасыңа келетін. Әңгіме тақырыбы көбінде өзіміз құралпас жазу-сызуға икемі бар жастар жағы. Қарап тұрсаң, сол авторлардың бәрі де осал емес сияқты. Марат Қабанбаев, Ұлықбек Есдәулетов, Заманбек Әбдешов, Қуанбек Боқаевты қазір бүкіл ел біледі ғой. Міне, біз осындай «дөйлермен» істес болдық.

«Білекпен емес, біліммен аламын»

Ақынның бала кезден қатар өскен тағы бір құрбыларының бірі – бүкіл алаш жұртына танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов. Асқар Егеубаев қайтыс болғанда «Қазақ әдебиетіне» жазған «Орны қалды ойсырап» атты қазанамада Ұлықбек ақын былай деп жазыпты:

«…Үлкен Қараталдан ұшқан үшеу едік. Үлкеніміз – Марат Қабанбаев, ортаншымыз – Асқар Егеубаев болатын. Үшеуміз де әдебиеттің жалына ертерек жармасқанбыз. Үшеумізге бір мектепте әдебиеттен бір ұстаз – Роза Салықбаева дәріс берген. Қашан болсын, кітабын қолтықтап жүретін Асқар ауылда жасынан-ақ «оқымысты бала» атанған. Үшеуміздің ішіміздегі ең білімдіміз де сол еді. Жастау кезде алыс-жұлысқа бір иығымызды беріп, жақын жүретін Марат екеумізге қарап, Асқар: «Мен білекпен емес, біліммен аламын» дейтін. Аузына Құдай салған шығар, айтқанындай-ақ, Асқарымыз жылдар жылжи келе атақты ақын, парасатты сыншы, сарабдал тәржіман, ғұлама ғалымға айналғанына барша ел куә».

Ал Асқар Егеубаев пен танымал журналист Заманбек Әбдешовтің достығы да бала кезден-ақ басталыпты. «Менің Асқар досым» атты естелігінде ол былай деп жазады.

«…Өзіміз құралыптас балаларды газетке шыққан дүниелері арқылы сырттай танитынбыз. Басқа ауылдарды былай қойғанда «Қаратал» ауылынан сол кезде Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаевтың әңгіме, мақала, өлеңдерін осы басылым бетінен жиі оқыдық. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезіміз еді. Бірге оқитын сыныптас қыз Гүләй соның алдында Асқардың ауылында онымен бірге оқыпты. Асқарды «әрі ақын, әрі математик» деп бізге сырттай таныстырды. Ақыны түсінікті, ал математигі қалай деп таңқаламыз. Әдебиет, тарих секілді сабақтар болмаса, есеп-қисап жағына келгенде қиналып қалатын біз үшін әлгі бір-бірінен аспан мен жердей жырақ екі пәнді қатар жақсы үлгеретін бала тіптен қызық көрінген. «Пәлесін қарашы!» деп қоямыз іштей.

Бірде жол түсіп, Зайсан қаласына бардым. Қайтарда автобус күтетін аудандық автостансада тұрсам, жасы өзім құралыптас, арықша келген, қолына папка ұстаған бір бала қасыма келді. Қысқасы, екеуміз шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік.

– Асқар Егеубаевпын, – деп таныстырды өзін.

Қолындағы папкасының іші толған газет қиындылары, қолжазбалар, өлеңдер екен. Сол жерде тұра қалып, әлгі папканың ішінен шыққандарды жапа-тармағай оқуға кірісіп кеттік. Сөйтіп, біздің қырық жылға тақау уақытқа созылған таныстығымыз, достығымыз осылай басталған еді».

Иә, әдебиетте де, ғылымда да, аудармада да небір асу бермес өткелдерді бағындарған Асқардың асқар болмасына құқы да болмаған секілді. Ол Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. Университетте де сабақты үздік оқып, Лениндік стипендиант атанады.

Бұл туралы өзінің «Дамылда, дос» атты естелігінде Жүрсін Ерман былай дейді:

«Біз алпыс тоғызыншы жылдың абитуриенттері едік. Университеттің журналистика факультетінде, сарыүрпек балапан кезімізде табысқанбыз. Әрқайсымыз өз ауданымыздың газетін «мойындатып», өлеңмен көміп кеткенбіз. Ендігі шаруамыз – Алматыны тезірек жаулап алып, әдеби қауымды мойындату ғана. Ақтоғайдан келген Дәуітәлі Стамбековтің, Меркіден – Намазалы Омашевтың, Шұбартаудан – Несіпбек Айтовтың, Нарынқолдан – Жанболат Аупбаевтың, Күршімнен – Асқар Егеубаевтың, Ақсу-Аюлыдан – Сәулебек Жәмкеновтің, Нөкістен – Есен Сапуановтың, Қызылордадан – Қосылған Әбжановтың екпіндетіп келген кезі. Сол кездерде апта сайын өтіп жататын әдеби кештердің бірін құр жібермейміз, көз жұмған қалпы қойып кетіп, өлең оқимыз, сөйлеп жатамыз… Асқар – сыпайы, сырбаз, құпиясы көп, оқшаулануы мол. Өлеңді де оңаша оқығанды тәуір көреді. Саяқ жүреді. Сөйткен Асқар оқуды бітірер-бітірместе әдеби сынның байрағын көтеріп шыға келді. Жетпісінші жылдардың соңы, сексенінші жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында А.Егеубаевтың қолы қойылған үлкенді-кішілі сын мақалалардан көз сүрінуші еді. Әдебиеттің теориясын әбден меңгерген, эстетикалық талғамы аса жоғары жас сыншы қазақ әдебиетінің тамырын ұстап отырды десе де болады».

Асқар бесінші курста оқып жүрген кезінде қыздар педагогикалық институтында оқитын Гүлжиһан деген қызбен үйленіп, отау көтереді. Гүлжиһан да Зайсан ауданының қызы екен. Әкесі лауазымды қызметте істейтін көрінеді. Екеуінің отбасылық өмірлері басталғаннан соң Алматының «Таулы қырат» деп аталатын ықшамауданынан пәтер жалдап тұрады. Көп ұзамай алғашқы перзенттері Салтанат дүниеге келеді. Кейіннен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезінде Асқар үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болады.

Иә, уақыт дейтін арғымақ бір орнында ешқашан тұрмайды. Бір кездері Асқар ақын:

– Адаммын мен,!
Жалғыз бақыт бар онда,
Таза ауада таза болсын сарайың.
Сау сезіммен жүру мәңгі араңда,
Құдірет қой, құдірет қой, ағайын, –

деп жазған екен. Бірақ ер жасы – елудің ортасынан енді асқан шағында ажал құрығына ілінді. Десе де, артында жақұт жырлары қалды. Сын саласында да, аудармада да, ғылымда да Асқар тындырған іс көп. Осының өзі көңілге үлкен демеу. Десе де ол жайында алда талай дүниелердің жазылатыны да шындық. Асқардың балалық шағы туралы да ешкімнің қалам тербемеуі мүмкін емес.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button