Қоғам

Қарияларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді

Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Шемонаиха ауданындағы Выдриха ауылында орналасқан «Уба» шипажайында болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты, сонымен қатар осында жайылған ақ дастарқан басында өңірдің аудан-қалаларынан жиналған бір топ белсенді ардагерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Әлеуметтік мекеменің директоры Ержан Мұқатаев облыс әкіміне шипажайдың жұмысын таныстырды. Мұндағы ең басты жаңалық – былтыр ашылып, бүгінде келушілерге қызмет көрсетіп отырған қос жаңа емдеу кабинеті. Тұзды және шунгитті бөлмелерде демалушылар ерекше ем алады.

– Шунгит – әлемде тек екі жерде ғана кездесетін бағалы, денсаулыққа пайдасы мол тас, Ресейдің Карелия Республикасында және біздің еліміздің оңтүстігінде кездеседі. Оның адам ағзасына жағымды әсер етіп, бойдағы теріс энергияны жұту қабілеті бар. Біз тастарды оңтүстіктен әкеп, бөлменің қабырғаларына қалап шықтық, бұл – облыстағы бірден-бір шунгитті бөлме. Ал екінші – тұзды бөлмеде 15-20 минуттай отырған адамдардың астма, өкпенің қабынуы, остеохондроз және буын аурулары емделеді, – деп түсіндірді мекеме мамандары.

Соңғы жылдары шипажайда төрт камералы гальваникалық ванна орнатылып, өзге де бірқатар құрылғылары жаңартылған. Нәтижесінде ем-шаралар саны бестен сегізге дейін артып отыр.

Мұнда облыстағы зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, батыр аналар, барлық топтағы өз еркімен қозғала алатын мүгедектер тегін жолдама арқылы келеді. Олардың әрқайсысы 12 күндей ем алады. Жалпы, шипажай бір лекте 250 адамды қабылдауға әлеуетті, осылайша, жылына кем дегенде 5700-5800 тұрғын осы жерден сапалы сауығып шығады.

«Убаның» қызметімен жіті танысып шыққан аймақ басшысы облысқа осы іспетті тағы бір шипажай керек екенін айтып, сала басшыларына Семейдегі Қарағайлы пансионаты негізінде әлеуметтік мекеме құру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі мекеме фойесінде Қарттар күніне орай ұйымдастырылған жергілікті қылқалам шеберлерінің сурет көрмесін тамашалады.

Мұнан кейін облыс әкімі осы шипажайдың кең залында өңірдің түкпір-түпкірінен жиналған қазыналы қариялармен, ардақты аға буын өкілдерімен кездесіп, олармен емен-жарқын әңгімелесті, баршасын Халық­аралық қарттар күні ме­рекесімен шын жүректен құттықтады. Сонымен бірге аймақтағы білім беру, денсаулық сақтау және абаттандыру саласында жүргізіліп жатқан кешенді шаралардан хабардар етті.

– Қарттарымыз – бір-бір әулеттің тірегі ғана емес, сонымен қатар бүкіл ел-жұрттың арқасүйер ақылшысы. Аға буынның өмір жолынан кейінгі буынның алар тағылымы зор. Сіздердің ел игілігі үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз ерен. Қатарларыңыз ортаймасын, көрер қызықтарыңыз көп болғай! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әулеттеріңізге ырыс пен береке тілеймін! – деп жылы лебізін білдірді Даниал Кенжетайұлы.

Өз кезегінде аудан-қалалардан жиналған қарттар аймақ басшысына өздеріне көрсетіліп жүрген құрмет пен қамқорлық үшін алғыстарын айтты.

Облыс әкімі жергілікті ардагерлер кеңестерінің белсенді мүшелеріне алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар бір күн бұрын осы шипажайда өткізілген өңірлік «Асыл әжелер» байқауының жүлдегерлерін марапаттады. Меркелік жиын соңы шағын концертке ұласты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button