Руханият

Қаратай батырға ескерткіш, Қалихан Ысқаққа кеудемүсін қойылды

Қаратай батырға ескерткіш, Қалихан Ысқаққа кеудемүсін қойылды

Төр Алтайдың төсінде тағы да той. Катонқарағай елі қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қаратай Көкжарлыұлына ескерткіш, көрнекті жазушы Қалихан Ысқаққа кеуде мүсін орнатты. Алтай жұртының елдігі мен ерлігін паш еткен дүбірлі тойға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Қазақ даласының алақандай жері үшін, еңіреген елі үшін ат жалында көз ілген баһадүр баба мен қара сөздің хас шебері, қабырғалы жазушының 80 жылдық мерейтойына асқар Алтайдың төрт құбыласынан тұрақ тепкен төрт мемлекеттегі қазақтардың өкілі түгел келді. Төңіректің төрт бұрышынан келген қаратай ұрпақтары мен құрметті қонақтарды аудан әкімдігінің өкілдері Васильевск өткелінен қарсы алды. Шашу-жырдың бал дәмінен ауыз тиген қонақтар аудандық мәдениет үйінде жазылған аудан әкімінің дастарқанына жайғасты. Бұл алыс-жуықтан келген ағайынмен, шет қонып, қиыр жайлаған қаратай ұрпақтарының танысу, табысу кеші болды деп түйдік.
Ертесі таңсәріден Катонқарағай ауылдық округіне бет түзедік. Қазбауыр бұлттар мен қалың қарағайдың арасынан шыққан аттылы-жаяу һәм машиналы қонақтар ауылдық мәдениет үйінде өтетін салтанатты жиында бас қосты.
– Алыс-жақыннан келіп жатқан құрметті қонақтар, хош келдіңіздер. Катонқарағай жерінде өтіп жатқан бүгінгі шараның мәні бөлек, маңызы зор. Бүкіл түркі елінің ата қонысы – Алтайда өтіп жатқан бұл той қадірлі қаламгеріміз, жерлес жазушымыз Қалихан Ысқақтың 80 жылдығына, еліне ұран болған Қаратай бабаның рухына арналып отыр. Қазақ хандығының 550 жылдық тойының аясында өтіп жатқан шараның осы елге берері мол деп ойлаймын. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан бүгінгі тойдың табысты өтуіне тілектестік білдіремін, – деді Жақсылық Омар.
Бұдан кейін тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтаев, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Камалдин Мұхамеджанов бастаған азаматтар сахнаға көтеріліп, Қалағаң туралы, Қаратай туралы құнды пікірлерін айтып, торқалы тойдың қызығын асырса, жазушы, жерлесіміз Әлібек Асқаров Мәдениет және спорт министрінің құттықтау хатын оқып беріп, ел мерейін өсірді.
«Барлық катонқарағайлықтар өздеріңіздің жерлестеріңіз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург, аудармашы Қалихан Ысқақтың 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қалихан Ысқақ қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар, аса көрнекті қаламгер, ірі суреткер еді. Оның қаламынан туындаған «Қоңыр күз еді», «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» атты кітаптары мен Толстой, Чеховтан аударған шығармалары, «Ұшы қиырсыз жол», «Сарша тамыз» сынды сценариилері оқырманның жоғары бағасына, ыстық ықыласқа ие болған дүниелер. Алтайдың асқақ жыршысы, қара сөздің кәнігі ұстасы Қалихан Ысқақтың есімі бір өңірге лайық деп білемін. Алланың қуатымен, дара дарынымен қазақ прозасында өзіндік ерекше стиль қалыптастырып, Алтайдың асыл белдерін көркем тілмен кестелей отырып, оның адамдарының асыл бейнесін Қалихандай көрсете білген қаламгер кемде-кем. Қалағаңа деген ел құрметі мәңгілік. Өр Алтайдағы Қалихан ағаның мерейтойы құтты болсын ағайын!» – депті құттықтау сөзінде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұдан кейін аудан әкімі осы тойдың ұйымдастыруына ұйтқы болып, қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкер азаматтар мен құрметті қонақтарға мерекелік медаль тапсырып, алғысын айтты. Қаратай батырдың жатқан жерін тауып, азаматтарды аттанысқа келтірген Камал Жүніске аудан әкімі ат мінгізіп, шапан жапты.

Алқалы жиыннан шыққан халық Қаратай батыр ескерткішінің алдына жиналды. Катонқарағай ауылдық округіне кіреберістегі мойнақтан тұғыр тапқан алып ескерткіштің бетіндегі ақ шүперек алынғанда Алтай еліне, Алтай жеріне айрықша бір айбат бітті.
Бір қолын Алтайдың асқақ шыңдарына қарай сермеп, бір қолына қаратамақ найзасын ұстаған батырдың қабағында сұс бар. Қасында ер қанаты – аты тұр. Тұғырымен қоса есептегенде 10 метрге жуықтайтын асқақ ескерткіштің салмағы – 10 тонна. Мүсін авторы – Жеңіс Молдабаев. Ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болған – «Мұзтау» қоғамдық қоры. Ескерткіш құны 50 миллион теңгені құраған.
– Мен Қаратай батырды Қалихан досым арқылы жақсы білемін. Мына бір қолын көтеріп, бір қолына найза ұстап тұрған бабаның мүсіні ұрпақтарына сабырлы бол, ауыз бірлігің болсын, тәуелсіздік бізге көктен түскен жоқ, мына найзамен келді дегенді меңзеп тұр. Алтай түркі жұртының төрі, түпкі қонысы, алтын бесігі екені рас болса, біздің тіліміз де, дініміз де осы Алтайдан бастау алады. Сондықтан біз Алтайға бас ию арқылы тілімізге, дінімізге, жалпы қазаққа бас иеміз. Керей мен Жәнібектен қалған ауыз бірлік, солардан біздерге жеткен тәуелсіздік баянды болсын, – деді ескерткіштің ашылу салтанатында белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев.
Бұдан кейін ақын-жазушылар бастаған құрметті қонақтар Топқайың ауылына бет бұрды. Жолай Қалағаңның басына бұрылып құран оқыды.
Топқайың ауылдық орта мектебінің алдына қазақтың қадірлі жазушысы Қалиханның бюсті қойылыпты. Жазушының көнекөз достары мен қаламдас інілері сол кеудемүсінді салтанатты түрде ашты. Қалағаңа қойылған бұл мүсін сәтті шығыпты.

Қаратай батырға ескерткіш, Қалихан Ысқаққа кеудемүсін қойылды

– Ағайын, Қалиханы бар, Оралханы бар ел бақытты. Біз Оралханмен дос болдық, Қалихан ағаға іні болдық, үлгі алдық. Солардай тектіні туған өздеріңіздей елдің ортасында бүгін үлкен той болып, Қалағаңның туған ауылында мүсіні бой көтеріп жатыр. Үлкен қуаныш бұл. Қалағаңның қадірі арта берсін, – деді мүсіннің ашылуында сөз алған жазушы Кәдірбек Сегізбаев.
Аталмыш мектептен Қалихан Ысқаққа арналған шағын мұражай да ашылды. «Біз Қалағаңның туыс-туғандарының көмегімен осы мұражайды аштық, Алла қолдаса, әрі қарай кеңейтеміз» – дейді мектеп директоры Бердібек Зақаев.
Мүсін ашылған соң «Екі дос» сауықтыру кешенінде Қалағаңа арнап ас берілді.
Дүбірлі тойдың соңы ұлттық спорт ойындармен жалғасты. Катонқарағай ауылының атшабарына жиналған жұртта есеп жоқ. Иін тірескен халық балуандардың айқасын тамашалады. Тартысты өткен күрес нәтижесінде бірінші орынға тігілген 300 мың теңгеге катонқарағайлық Мансұр Әлікбаев ие болды.
Бұл күн көрермендер үшін сәл салқындау болғанымен жарыс жолына шыққан жүйріктер үшін сондай жайлы еді. Үш шақырымдық жарыста Зырян ауданының, 15 шақырымдық жарыста Күршім ауданының жүйрігі топ жарды. Ал жорға жарысы мен аламан бәйгеге тігілген екі темір тұлпар Катонқарағай ауданының азаматтарының тақымында қалды. Кешке қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлерде Қаратай батырға арнап ас берілді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button