«Дидардың» қонағы

Ғани ОМАРОВ, археолог: – Күршім ауданының тарихи жәдігерлері әлі де терең зерттеуді қажет етеді

Ғани ОМАРОВ, археолог: – Күршім ауданының тарихи жәдігерлері әлі де терең зерттеуді қажет етеді– Ғани Қалиханұлы, былтыр өзіңіздің басшылығыңызбен Алтай археологиялық экспедициясы құрылып, Күршім ауданының бірнеше елді мекендерінде қазба жұмыстарының жүргізілгені белгілі. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапқанын естіп жатырмыз.

– Дұрыс айтасыз, бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тапты. Айта кетейін, былтыр Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті жариялаған 2012-2014 жылдарға арналған ғылыми жобалар аясында менің жетекшілігіммен «Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының археологиялық ескерткіштері» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Күршім ауданында басталған болатын.

Бұл жобаның басты мақсаты – Күршім ауданындағы әр дәуірдің археологиялық ескерткіштерінің толық картасын жасау. Сонымен қатар, мүмкіндігінше қола, ерте темір және түркі дәуірі тайпаларының жерлеу ғұрпы, салт-санасы мен дүниетанымына қатысты материалдарды жүйелеу, сараптау мақсатында жаңадан ашылған ескерткіштердің ішінен негізінен апатты және ерекше қызығушылық туғызатын қорған, қоршауларға қазба жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің ұстаздары, ғылыми қызметкерлері, магистранттары мен студенттерінен жасақталған Алтай археологиялық экспедициясы құрылды. Осы экспедиция құрамында археологиялық тәжірибеден өтуге Семей мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінің студенттері тартылды (жетекшісі – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Исин). Қазба жұмыстары барысында экспедиция бастығының орынбасарлары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының доценті Ұ.Үмітқалиев, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Е.Төлегенов, PhD докторант Е.Қариев және басқа да мамандар болашақ археологтар мен тарихшыларға теориялық білімдеріне практикалық жағынан далалық жағдайда тәлім берді.

Біздің былтырғы далалық ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз Қалжыр ауылдық округіне қарасты Алқым қорымындағы түркі және ерте темір дәуірінің үш қорғанындағы қазбалардан басталған-ды. Бұл қорым Қалжыр өзенінің оң жағалауында таудан жазыққа ағып шығар жерінде, яғни, Қалжыр ауылының солтүстік батысында 4 шақырым жерде орналасқан. Таудың жақпар қара тастарынан тұрғызылған қорған аяусыз бүлінуге ұшыраған екен. Тұрғындар өзенді бөгеп, бірнеше арналарға бөліп, егін суаруға жасаған бөгетті салу кезінде бетіндегі тастарын техниканың көмегімен сүріп тастап, құрылыс қажеттілігіне пайдаланған. Өкініштісі сол, өткен ғасырдың аласапыран 90-жылдары осы ауылдың көшіп кеткен және қазіргі тұрғындары арасынан өз елінің тарихына марғау қараған мәңгүрттері табылып, қорғандарды «байлық» іздеу мақсатымен тонағаны да белгілі болды. Бұл туралы бұған дейін де айтқан болатынмын.

Қорғандарға кім қорған болады?


– Түсінікті, енді биылғы атқарған жұмыстарыңыз жөнінде айтып өтсеңіз.

– Биылғы зерттеу жұмыстарымыз ауданның Боран ауылдық округіне қарасты Түйетас қорымындағы ерте темір дәуірінің екі қорғанында жалғастырылды. Бұл қорғандардағы қарапайым жерлеу орнынан ескерткіштің абсолютті мерзімін анықтайтын ешқандай зат табылмаса, орташа келген екінші қорғанда сол заманда-ақ тоналып кеткендігіне қарамастан, 4 метрге жуық тереңдікте тас жәшікте сақ жауынгері жерленгендігі анықталды. Бас сүйегінің сол жақ маңдай тұсынан чекан сынды ежелгі балта тәріздес қарумен соққы алған. Оның бас сүйегі қазіргі уақытта антропологтарға тапсырылып, мамандар тарапынан сараланудан өтуде.

Сонымен қатар, биыл біз осы аудандағы Қаратоғай, Ақбұлақ, Теректі және Төсқайың ауылдық округтерінде болып, бұл елді мекендердегі археологиялық ескерткіштерді есепке алып, олардың нақты орындарын анықтап, картаға түсіру жұмыстарын жүргіздік.

Бұл жұмысқа Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкерлері Г.Кущ пен Г.Суворовалар да тартылды. Нәтижесінде қола дәуірінің бір қонысы, бір қорымы, ерте темір және түркі дәуірлерінің елуге тарта қорымы мен петроглифтер тобы тіркелді. Егіндібұлақ және Ақбұлақ ауылдары жанында сақ патшалары мен ақсүйектері жерленген элитарлық қорғандар тобы анықталып, есепке алынды. Бұл жерде айтпай кетпеске болмайтын жайт, қорғандардың оңай олжаны кәсіп еткен жергілікті халықтың аяусыз тонауына түсіп жатқандығы. Бұл қорған, обалардың дені сол кездің өзінде тоналып кеткендіктен, біздерге, археологтарға өткен тарихымызды, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, шаруашылығы мен тағы басқа жайттардан там-тұмдаған мағлұмат алу үшін тоналғандығын біле тұра, қазба жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Оның үстіне, бұл өңір – шекаралық аймақ. Ақбұлақ ауылының жанындағы сақтардың патша қорғандары соңғы 2-3 жыл ішінде тоналған. Қорған үстінен 8-9 м. тереңдікке дейін, көлемі 2х1м. шұңқыр қазып, тонаған адамдарды көрген бір адам жоқ. Ұлттық құндылықтарымыз дәл осылай тонала берсе, ертеңгі ұрпаққа не айтпақпыз? Осы себептен де биылғы далалық зерттеу жұмыстары осы қорымдағы жоғарыда аталған тоналған, авариялық жағдайдағы қорғандардағы қазба жұмыстарынан басталды.

Биылғы қазба жұмыстары барысында
13 ескерткіш ашылды


– Ақбұлақ ауылының жанынан табылған сақ қорғандары жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз. Бұл қорғанның өзге қорғандардан ерекшелігі неде?

– Қорым барлығы үлкенді-кішілі 26 қорғаннан тұрады, оның 21-і – сақ дәуірінікі болса, 5-уі – түркі заманынікі. Екі үлкен қорған мен төрт кіші қорған зерттелді. Олар да кезінде егіндік болғандықтан жыртылып, бастапқы қалпын сақтамаған. Бұлардың барлығы да сол заманның өзінде-ақ тоналып кеткендігіне қарамастан, қорғандардың архитектуралық құрылысын, ондағы табылған олжаларды зерттеу мен топтау мәдени-тарихи кезеңдерді түйіндеуге және осы мәдениетті жасаған сақ тайпаларының даму деңгейін саралауға мүмкіндік туғызады. Бірақ та бұл археологиялық ескерткіштердің барлығы да осы уақытқа дейін өз қалпында жетпегенін ескерсек, өзінде әлі де талай ғылыми құнды жаңалықтардың ашылатыны анық.

Ескерткіштің көлемінің ірілігі онда жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғандығын және басқа жұрттан ерекше артықшылығын көрсетеді. Сонымен қатар, сақ дүниесі шеңберінде болған тығыз мәдени-шаруашылық байланыстар археологиялық материалдардан да анық көрініс береді.

Біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың орта тұсымен мерзімделетін сақ қорғандарынан табылған аздаған олжалар ғылыми саралаудан өтіп, облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан орын алар күн де алыс емес.

Ақбұлақ ауылының оңтүстік батысында 3 шақырым жердегі Жалпақ қайың деген жердегі ескерткіш, тіпті, энеолит-қола дәуіріне де жатуы әбден мүмкін. Жалпы алғанда, 2013 жылғы Алтай археологиялық экспедициясының ізденістері барысында Күршім ауданында әр дәуірлерге жататын археологиялық ескерткіштер зерттелді. Бесоба-1 қорымында ерте темір дәуірінің 6 қорғаны, энеолит-қола дәуірінің 1 қорған-қоршауы және Алқым-2 ескерткішінде түркі дәуірінің 2 қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді. Археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде жаңадан 13 ескерткіш ашылды, оның көпшілігі ерте темір дәуіріне жатады, жалпы алғанда, 100-ден астам қорған. Сонымен қатар, қола дәуірінің 2 ескерткіші, түркі дәуірінің тас мүсіндері және алғаш рет Бұғымүйіз ауылы орналасқан жердегі ортағасырлық қала орнынан бояулы қыш ыдыс қалдықтары табылды. Сөзімнің соңында археологиялық экспедицияның өз дәрежесінде өтуіне қол ұшын созған Қазақ-Ресей медицина университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Жақсыбай Бижігітов, «Жас» ЖШС директоры Жанат Әзімбаев, Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Мұхтар Сағанақов, «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының» бас директоры Есенгелді Нәзбиев және Күршім жол мекемесінің басшысы Жұмақан Қасымжанов сынды азаматтарға алғысымды айтқым келеді.

– Қазба жұмыстары осымен аяқталды ма? Әлде, келесі жылы да жалғасын таба ма?

– Алла сәтін салса, жалғасын табады. Аса бай табиғаты, кереметтей археологиялық ескерткіштері бар Күршім ауданындағы ауқымды зерттеулер келесі жылы да үлкен жаңалықтарға толы болады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан –
Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button