«Дидардың» қонағы

Анатөлі ҚҰЛНАЗАРОВ: – Спорттық жетістіктерге ғылыми тұрғыда қол жеткізуді қарастырып жатырмыз

Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті президентінің орынбасары, Қазақстан құрама командасының Сочи олимпиадасына дайындық жөніндегі ғылыми-әдістемелік жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы, Санкт-Петербургтегі І Петр атындағы ғылым мен өнер академиясының толық мүшесі Анатөлі Құлназаровпен әңгімеміз елімізде бұқаралық спортты кеңінен өрістете ортырып, талантты жеткіншектерді тауып, тәрбиелеп, олимпиада ойындарына қатыстыру тұрғысында өрбіген еді.

Анатөлі ҚҰЛНАЗАРОВ: – Спорттық жетістіктерге ғылыми тұрғыда қол жеткізуді қарастырып жатырмыз– Сіздің спортқа деген әуестігіңіз қай кезде басталды?

– Бала кезімнен басталды. 1964 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатта оқып, бітіріп шықтым. Орта қашықтықтарда 800, 1500, 3000 метрлерге дейін жүгіруден Қазақстан құрама командасының сапында студенттер мен жастар арасындағы талай жарыстарға қатысып, спорт шеберлігіне үміткер талабын орындадым. 29 жасқа дейін спортпен белсенді түрде айналыстым. Содан кейін де аңсап, қоя алмай жүрдім.

– Қазіргі кезде бүкіл Еуропада және басқа да мемлекеттерде студенттер мен жастардың және оқушылардың спорттық клубтары ашылып жатыр. Біздің елімізде де осындай клубтарды ашуға мүмкіндік бар ма?

– Спорт клубы жоғары оқу орындарына, мектептерге керек. Өйткені, балалардың сана-сезімін оятуда, патриоттық сезімін күшейтуде дене тәрбиесінің рөлі өте үлкен. Соны түсіндіріп, жеткізетін спорттық клубтар ұйымдастырылып, 1980-1990 жылдарда әжептәуір жүйелі жұмыс істеген. Мектептерде оқушылардың спорт қоғамы болды. Балалар өздері жарна жинап, жақсы спорттық үлгідегі киімдерді сатып алып, секцияға қатысып, белсенділік көрсетіп, өздерін-өздері басқару қабілетіне жеткен. Қазіргі жастар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланатын орын таба алмай отыр. Содан кейін олар неше түрлі жат қылықтарға ұрынады. Мәселен, компьютерді күндіз ешкім қарамайды, көбі кешке, түнде қарайды. Оған дейін, әсіресе, ауыл жастарының бос уақыттары көп, содан кейін барып неше түрлі, нашақорлығы бар, темекі тартуы бар, арақ ішіп, мас болуы бар, ұлтымыздың діліне қайшы жат істермен шұғылданады. Соның салдарынан бүгінде жан түршігерлік қылмыстар орын алып, жазықсыз адамдар жапа шегуде.

Менің ойым, әрине, бұқаралық спорттан бастай отырып, жеткіншектерді өздеріне ұнаған спорттың түрімен шұғылдануға мүмкіндік тудырып, содан кейін ішінен талантты жастарды, олимпиада ізбасарларын тауып алуға болады. Қазір еліміз бойынша жиырмаға жуық спорт мектеп-интернаттары жұмыс істеп жатыр. Оның бесеуі – республикалық дәрежеде, жастарды сонда жіберу керек. Онда қолынан іс келетін жаттықтырушылар шоғырландырылған. Спортшылар тегін тамақпен, тегін спорт киімдерімен, тегін спорт базаларымен қамтамасыз етіледі. Негізгі міндетіміз сол жерде ізбасар спортшыларды Қазақстанның құрама командасына даярлап, одан ары қарай халықаралық жарыстарға қатыстырып, шыңдау болып отыр.

– Ұлттық олимпиадалық командаға енген, оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатқан спортшыларға қандай жағдай жасалған?

– Қазіргі кезде Спорт және денешынықтыру істері агенттігі мен спортшылар арасында келісімшартқа қол қойылады. Спортшыларға ай сайын 2,5 мың АҚШ доллары беріледі. Жарыстарда орын алған жағдайда атағына қарай оның үстіне тағы екі есе ақша қосылып, айына бес мың АҚШ долларын алып отырады. Мәселен, Қызылорда облысы депутаттарының шешімімен Илья Ильинге Лондон Олимпиадасының жеңімпазы және екі мәрте Олимпиада чемпионы ретінде айына 15 мың АҚШ долларын төлеп отыр.

Ал Шығыс Қазақстан облысының 50-60 спортшысына облыс Әкімінің шешімімен, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен бүкіл дүниежүзілік рейтингіне қарай шәкіртақылар беріліп жатыр. Бұл да үлкен қолдау, оны ақтай да білу керек. Одан кейін ол ақша қалай жұмсалып жатыр, тамағына ма, әлде, дүние-мүлік алу жағына кетіп жатыр ма, оны да ескеру керек.

Етті де ептеп жемесе болмайды


– Спортшыларды сұрыптауда қандай ерекшеліктер ескеріледі?

– Ғылыми-зерттеу институттары алдымен келешекте олимпиада чемпиондары болатын балаларды таңдап алу үшін генетикалық жағынан анасы, әкесі кім болғанын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, сәби кезінен қандай тамақ ішкеніне дейін ескеріп отыр. Қазіргі кезде спортшылардың бәріне бірдей ет жеуге болмайтыны анықталып отыр. Мәселен, Қытай елінде олимпиадалық құрамаға кірген кезде спортшы ет жемейтіні туралы келісімшартқа қол қояды.

Илья Ильин 94 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада жеңімпазы болды. Ол кем дегенде күніне 1,5-2 келі ет жеуі керек. Ал еттің де еті бар, үш жастан аспаған ұрғашы мал жайылымы дұрыс жерде бағылса, сонда ғана спортшының әл-қуатын күшейтеді. Немесе жүрегіне жүктеме түсіріп, соғуын жиілеттіріп спортшының бойындағы биологиялық энергиясы етті қорытуға кететін болса, оның қажеті шамалы. Қуат, мәселен, зілтемір көтеруге керек. Қазіргі кезде спортшыларға берілетін химиясыз препараттардың бәрі жаңартылып жатыр. Қытайдың, Ресейдің өз құпиялары бар. Біз өзіміз шығарып жатырмыз. Мәселен, біз Лондон Олимпиадасына бара жатқанда ара сүтінен жасалған препараттарды пайдаландық. Мұның да өз құпиясы бар.

– Спорттық ғылыми-зерттеу институтының тиімділігі жөнінен әлемде қандай нақтылы жетістік бар?

– Қазіргі кезде олимпиада жеңімпаздарын, жүлдегерлерін даярлау үшін ғылыми-зерттеу институттары құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бейжіңдегі Олимпиадада сегіз алтын медаль алған АҚШ-тың Майкл Фелпс деген суда жүзушісін ең жоғары нәтижеге жеткізу үшін, нақтырақ айтқанда, бір адамға төрт бірдей ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Биологиялық, медициналық, психологиялық жағынан бақылап, күніне қаншама шақырым жүздіріп, қалай демалдырып, қалай ұйықтату керектігін ғылыми тұрғыда тұрақты қадағалап отырды. Ал сол спортшы Бейжіңде сегіз рет АҚШ әнұранын шырқатты. Бұл, әрине, бір адам үшін үлкен табыс қой.

Елбасы бізге ғылыми-зерттеу институтынсыз даярлықтың қиындайтынын, сондықтан да республиканың имиджін түсірмей тез арада оны ашып, жұмысты ширату қажеттігін түсіндірді. Қазір Үкімет қаулы қабылдап, қаржы бөліп отыр. Елбасының көрегендігінің арқасында келесі жылы Астанада ғылыми-зерттеу институты ашылғалы жатыр. Оның бөлімшесі Алматыда жұмыс істейтін болады.

Владимир Смирнов қысқы Олимпиадада чемпион атанар алдында
Рахман қайнарына түскен еді


– Олимпиада ойындарында еліміздің имиджін көтеру, Қазақстан мемлекетінің бар екенін көрсету үшін, әрине, алтын медаль алу керектігін ескерсек, бұған қазіргі дайындық барысы қандай?

– Физикалық, психологиялық қасиеттерінің бәрі бірдей деңгейдегі үміткерлердің алтын медальға таласатын саны он адамнан кем болмайды. Соған қарағанда ғылыми, тіпті, психологиялық, биологиялық жағынан болсын, олимпиадада спорттың бір түрінен алтын медальға таласатын спортшыны дәл сол күніне, сағатына, ең жоғары нүктесіне жеткізіп, алып келу үшін оған білімді бапкерлер мен қырағы көмекшілер керек. Олар, мәселен, техникалық жағынан жарыс шаңғыдан өткелі жатқан жердегі қардың құрамына, сол күнгі сыртқы ауаның температурасына дейін білуі керек. Соған байланысты шаңғының табанына, оның алдыңғы жағына қандай май, ортасына қандай май, қайта-қайта арт жағына тайғанап кетпес үшін ең артқы бөлігіне қандай май жағу қажет, соған дейін білуі керек. Сонда ғана спортшы алтын медаль алып келуі мүмкін.

50 шақырымдық қашықтықта алтынға таласқан жігіттер 100-ден бір бөлікке дейін айырмашылықпен бірін-бірі ұтып жатыр. Енді кім сенеді оған. Мәселен, 1994 жылы Лиллехамерде болған қысқы Олимпиадада Владимир Смирнов 50 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 9 минутта жүріп өтті. Ол дайындықты кереметтей етіп өткізді. Олимпиада болардың алдындағы күзде Рахман қайнарына келіп түсіп, денесіндегі артық-ауыс дүниелерден арылды. Содан кейін қандай тамақты жеу, қайсысын жемеу керек екенін олимпиаданың ашылуына дейін берік ұстанды. Оған қазы-қартаны мөлшерлеп қана беріп отырдық. Сонда ол екі күміс, бір алтын медаль алды. 50 шақырымда қарсыластарының бәрін қар қаптырды. 50 шақырымды, басқа аттарды былай қойғанда, 2 сағат 9 минутта бәйге аттары көбі көмбеге жетпей құлап жатады. Салыстырып қарағанда адамның мүмкіндігіне таңғаласыз. Қазақстан сол олимпиадада жалпыкомандалық есепте он бірінші орынды иеленді.

Сочиде Шығыс спортшыларына сенім артып отырмыз

– Алдағы ақ олимпиадаға әзірлік барысы қалай?

– Ең басты мақсат қысқы спорт түрлерінен Сочиде өтетін олимпиадада Қазақстан өзінің белгілеген жобалары арқылы білікті спортшыларын медаль алу дәрежесіне жеткізуі керек. Алдын ала болжам бойынша Қазақстаннан 60-70 спортшы Сочи олимпиадасына қатысуға үміткер болса, соның тең жартысы Шығыс Қазақстан облысынан. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ спортты дамытуға қосып жатқан еңбегі зор. Біздің елімізде өткен Азиада ойындарында республикамыздың қоржынына түскен 32 алтын медальдың 15-ін Шығыс Қазақстан облысының спортшылары салды. Бір ғана шығысқазақстандықтардың алған алтын медалінің саны Жапония, Қытай, Оңтүстік Кореяның спортшыларынан асып түсті.

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұханбетовтің, республикалық Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтің басқаруымен дайындықты ұйымдастыру жөніндегі жедел штабтың отырысы өткізілді. Оған Шығыс Қазақстан облысының белгілі жаттықтырушылары мен спорт мектептерінің директорлары қатысты. Қазақстанның екі-үш медаль алатындай жағдайы бар. Осы облыстан шаңғышылар Алексей Полторанинге, Сергей Черепановқа, фристайлшылар Дмитрий Рейхардқа және Дарья Рыбаловаға үлкен сенім артып отырмыз.

Әңгімелескен –
Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button