Денсаулық сақтау

Анасы аяққа тұрғанда, дәрігердің өзі таңғалыпты

Анасы аяққа тұрғанда, дәрігердің өзі таңғалыпты


Сабыр Сыбанжанов басқаратын Семейдегі «Сабыр» клиникасын көптеген науқас дертінен құлан-таза айығып, аяққа тұрып кететінін естіп жүрміз. Сабыр Сейітқанұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Шығыс медицинасын Қытайда үйрендім

-Сізді бүгінде кәсіби емші ретінде халық жақсы таниды. Естуімізше, емшілік жолына келуіңізге әлдебір тылсым күш әсер еткен көрінеді…

– Адам өмірінде болатын тосын жайлардың оның алдағы болашағына әсер ететін мысалдар аз емес. Басымнан өткен сондай бір оқиға алдағы өмірімді мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

1994 жылдың 15 желтоқсаны болатын. Семей-Алматы бағытындағы ұзын жолдың бойында келе жатқанымызда жол апатына ұшырадым. Бұл апаттың келешек өміріме үлкен өзгеріс әкелетінін тап сол сәтте мүлдем сезген жоқ едім. Есімді Алматының №7 емханасында жидым. Оңбай соққы тигеннің әсері болса керек, басым қатты ауырып, миым шайқалғанның әсері ме, әлдебір елестер көріне беретін болды. Одан бөлек, бір тылсым күш тұла бойымды буып, жаныма жай тапқызбайтын болды. Шыны керек, маған ауруханада көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің айтарлықтай әсері бола қойған жоқ. Дегенмен, жан-жақта емші-тәуіптер жаппай аты шығып, бірінен-бірі өтетін қасиетімен ел ішіне аттары жайылып жатқан кез еді. Мен де жаным жай табар жол іздеп, сол кездегі Қазақстан халық емшілер орталығының президенті, халық емшісі Әділхан Ермановтың (марқұм) алдына бардым. Сол кісі тамырымды ұстап, «Халықты шөппен емдейтін қабілетке ие екенсің. Емшілік қасиетіңді ұстағаның дұрыс болады» деді. Сол кісінің қасында біраз болып, тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін тыңдап, тамыр ұстауға бейімделдім.

– Шығыс медицинасының қыр-сырын игеруге ден қойғаныңыз рас па?

– Алматыдағы жаны жомарт, көңілі мәрт белгілі кәсіпкер демеушілік жасап, Қытайға барып емделудің сәті түсті. Сол сапарымда алғаш рет Қытайдың ине терапиясын көрдім. Бойымда емшілік қасиет болғандықтан шығар, бұл емдеу тәсіліне өзім де қызығып, меңгеруге ден қойдым. Сөйтіп, өз бетіммен ізденіп, ине терапиясының негізін салушылардың бірі – Мао Цзының туған жері Шанша қаласында 4 жыл оқып, ары қарай да білімімді жетілдіріп, 2002-2006 жылдар аралығында Хуань провинциясындағы Қытай дәстүрлі медицина университетін тәмамдап шықтым. Бұл аралықта елге де келіп жүріп, 1999 жылы Үржар ауданының орталығынан ине терапиясымен емдеу орталығын аштым. Арада он жыл өткенде 2009 жылы «Шапағат» халық емшілері ассоциациясына мүшелікке қабылданып, әрі құрылтайшыларының қатарына ендім. Қытайда білім жетілдіру курстарынан жылда өтіп тұрамын. Тәжірибе жинақтау мақсатында Вьетнамда да болып қайтқаным бар.

– «Сабыр» клиникасының қандай ерекше емдеу түрлерін айтар едіңіз?

– Біздің орталықта буын арурулары (артрит), шершеу (грыжа диска), қан тамырлары аурулары, ас қорыту жүйелері, бүйрек-несеп жолдары, сонымен қатар, әйелдердің жатыр ауруларын, жыныс мүшелері ауруларын емдеуге мүмкіндіктер бар. Орталықтағы дәрігер-емшілердің медициналық білімі жоғары. Сонымен қатар, қазақтың емшілік дәстүрлеріне де баса мән беріліп, оны әлемдік медицина тәжірибесімен ұштастырудың да жолдары қолға алыну үстінде.
-Алдыңызға соңғы үмітпен келетін науқастар да аз емес. Дегенмен, сізді тағдыры қатты ойландырған науқас болды ма?

– Ондайлар өте көп. Ауруханалардың есігін тоздырған, әбден өз ауруының қыр-сырына қанығып, жазылуына күмәнмен қарай бастаған жандар келеді. Бірде «красный волчанка» ауруымен алты жыл төсек тартып жатқан Жанна деген әйел келді. Күйеуі сот жүйесінде қызмет атқарады екен. Алты жастағы кішкентай баласы бар екен. Әлгі бала анасын сырқатынан айықтыруымды жалына сұрағанда, жүрегім шымырлап кетті. Қалай болса да сол баланың тілеуі ме екен, әйтеуір, Жаннаға ерекше көңіл бөлдім. Баланың періштесі маған әлдебір қуат-күш, көзге көрінбес энергия бергендей болды. Жаннаны әр күн сайын емдеу шарасына зембілмен әкеледі. 20 күндік 2 курс ем қабылдағаннан кейін, ол балдақпен жүре бастады. Қазіргі күнде Өскемен қаласында тұрады. Хабарласқан сайын хал-жағдайының жақсы екенін айтқанда, өзімнің де иығымнан жүк түскендей болады.

Бірде таныс дәрігер анасын зембілмен алып келді. Диагнозы –«ревматойдный артрит» (буын, қан тамырларының қабынып, қисаюы). Оны да Алла қуат беріп, аяққа тұрғыздым. Соның өзінде толық екі жыл емделді. Буыны түзеліп, қатарға қосылды. 2013 жылы «Сабыр» клиникасының ашылу салтанатында тілек айтып, би билеген сәтінде келушілер ерекше әсер алды. Негізінде, дәрігер деген емшіге іштей сынап келетіні рас. Анасының жазылғанын көрген дәрігердің қуанышы қойнына сыймады.

Тағы бір мысал айта кетейін. Алматыдан бас сүйегі, жақ сүйектері тоқтаусыз өсетін (аденома гипофиз) кеселге ұшыраған Нұрбек деген қарт жеткізілді. Ол Германия мен Израильге дейін барып келіпті. Ақыры ем қонбағаннан кейін, менің алдыма келді. С. деген қыз баласы сал ауруымен ауырады екен. Қызы келіп: «менің түрім мынау, сал ауруынан зардап шегем. Тым құрыса әкемді аман алып қалшы» деп қатты өтінді. Әкесі үшін алаңдаған қыздың сөзі маған қатты әсер етті. Қытайдағы Тілепалды Қалиасқарұлы деген ұстазыммен ақылдасып, науқастың меридиандарын анықтадым. Ұстазым мүшелік сызықтарын – меридиандарын айтып берді. Алты айда емдеу нүктелерін таба білуімнің нәтижесінде толық жазылып, бас сүйегі қайта қалпына келді.

Анасы аяққа тұрғанда, дәрігердің өзі таңғалыпты

Шөппен емдеудің пайдасы зор

– Шөппен емдеу тәсілдері қандай дерттерге шипа бола алады?

-Барлық дертке шипасы бар деуге әбден болады. Тек дұрыс қолданылуын білу керек. Шөппен емдеу курсы 3-6 айға созылады. Бізге ол ұзақ көрінуі мүмкін. Химиялық дәрілер лезде әсер береді. Дамыған шет мемлекеттерде шөптік дәрілермен алты ай емделеді. Сондықтан да ол елдерде созылмалы аурулар мүлдем жоқ деп айтуға болады. Дүние жүзінде терапияның ең бірінші сатысында емдік шөптер тұрса, ал химиялық терапия ең соңғы сатыда.
–Дала өсімдіктерінің шипалық қасиеттері туралы да көп ізденіп, кәдімгідей зерттеген екенсіз….

– Бұған 1995 жылы Қытай жерінде оқуда жүргенде қызығушылығым оянды. Қытай халқының емдеу тәсілінде дәрілік шөптердің маңызы айрықша. Бұны біздің ата-бабаларымыз да жақсы білген. Қазақстанға келгенде Мақсат деген азамат Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жансүгіров ауылында тұратын Анатолий Прокофьевич деген биологпен таныстырды. Дәрілік шөптердің қасиеттерін ғылыми тұрғыда үйрендім. Ол кісінің есімі сол өңір жұртшылығына жақсы таныс. Анатолий Прокофьевичпен бірге шөп жинап, олардың түрлерін, қасиеттерін саралап, айыруды үйрендім. Анатолийдің Дзержинский, Герасимовка ауылдарында омартасы бар. Мен қолданылатын емдік шөптердің 80 пайызын содан аламын.

– Инемен емдеудің адам ағзасына тигізер қандай пайдасы бар?

– Егер адам денесін меридианмен сараласақ, қазақша ұғыммен айтқанда, 12 мүшеге бөлінеді. Сол мүшелік сызықтардың бойында адам ағзасының емдік нүктелері орналасқан. Ал нүкте ет пен терінің арасында көзге көрінбейтін ұсақ безде тұрады. Сол ұсақ бездердегі нүктені ояту арқылы меридиандарды байланыстыра отырып, бүкіл ағзаға ем жүргізудің өзіндік тәсілдері бар.

– Емшілікті кәсіп еткен аталарыңыз да болған шығар?

– Емшілікті ұстанғандар өз жұртымда да, нағашы жұртым жақта да бар. Әкем Сейітқан, атам Сыбанжан, одан да арғы атам Жүніс, оның әкесі Сүлеймен ата Матай елінде аурудың бәрін біліп, тәулік жерге күнбе-күн барып қайтып жүрген тамыршы болған екен. «Қапал-Арасанға Сүлеймен тәуіп барған» деп аңызға бергісіз небір әңгімелерді аталарымыз айтып, құлағымызға құйып отырушы еді. Осы негіздерге сүйенсек, халық емшілігімен айналысудың арғы тегімнен жалғасқандығын аңғару қиын емес. Нағашы жұртымда анамның әкесі Қиықбай атам емші болыпты. Сүйегі Найман ішінде төртуыл, Шәуешекте тұрған шағында халықты дәрілік шөптермен емдеген екен. Нағашы ата-әжем Малғаждар мен Нұржамал 22 бала дүниеге әкелген үлкен әулеттің иелері. Ең үлкені менің анам Шәрбанхан Малғаждарқызы 1934 жылы туған. Ең кішісі Дәлелхан 1965 жылы дүниеге келіпті. Менің анамның өзі он үш құрсақ көтерген ардақты адам. Осы он үш перзенттің ішінде Азиягүл, Балқаш, Самархан, Лалагүл, Алмагүл, Сабыр, Раушан, әрқайсымыз өмірден өз орнымызды тапқан жандармыз. Айтпақшы, әкем Сейітқан ұстаз болып, білім саласында еселі еңбек еткен сыйлы адам.

Сұхбаттасқан Айдар Ғали-Арыстан.

Семей.

Осы айдарда

Back to top button