Қоғам

Қалжырдағы қарқынды қимыл

«Ақбұлақтың»  таза суына көп ұзамай аудандағы іргелі елді мекендердің бірі Қалжыр ауылының тұрғындары да кенелетін болады.

Осынау ауқымды да жауапты құрылысты жүзеге асыруды шілде айында өткен тендерді жеңіп алған зайсандық «СМУ-Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алып отыр. Жоспарланған шаруаның барлығы  ойдағыдай атқарылатын болса, алдағы жылы Қалжырдағы 290 үйдің тұрғындарының әрқайсысы құбырмен келіп тұратын таза суды емін-еркін пайдаланатын болады. Тартылуға тиіс құбырдың жалпы ұзындығы 20 792  метр, ал құрылыс құны 656 млн. теңгеге бағалануда десек, бұл қаржы толықтай республикалық бюджеттен бөлініп отыр.

-Дарын Әбжанов басқаратын осы серіктестік, – деп түсінік берді бізге аталған ұжымның бас директорының орынбасары А.Мұсанов, – еліміз тәуелсіздігін алып, өз тізгіні өз қолына тиген шақта құрылған болатын. Бүгінде ол 500-ге тарта жұмысшысы, 140 дана техникасы бар іргелі фирмаға айналып отыр. Жұмысты бастағалы екі апта уақыт өтті, амандық болса, 2020 жылы барынша сапалы етіп тапсырамыз деген сенімдеміз.

Асхат Дәлелханұлының айтқанына жүгінер болсақ, Зайсан қаласында «СМУ-Шығыс» ЖШС-нің темір-бетон құбырлар, басқа да алуан түрлі құрылғылар шығаратын зауыты, сонымен бірге кірпіш зауыты да бар екен. Демек, қажетті құрылыс материалдарының негізгі бөлігімен серіктестік өзін-өзі қамтып отырады.

-Ауыл ішінен төрт насос стансасы бой көтеретін болады, – дейді Асхат. – Солардың барлығын өз кірпішімізді пайдалана отырып саламыз. Ал ешқашан шірімейтін, тат жемейтін полиэтилен құбырларды Өскеменнен тасымалдап жатырмыз. Ауыл ортасынан бұрғыланатын тереңдігі 25 метрлік екі скважина тұрғындарды қажетті ауызсумен толықтай қамтитын болады.

«Сулы жер – нулы жер» дейді халық нақылы. Ал күркіреген өзеннің жағасында отырып, таза су іше алмаған жұрттың жайы белгілі ғой. Сөйтсе де, көп ұзамай осынау игілікке молынан кенелеміз деп қуанған  қалжырлықтардың көңілдері шынымен тоқ.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button