Мәдениет

Алты айлық жол ма, әлде, алтын тау ма?

Алтай тауы – Қытай, Моңғолия, Ресей, Қазақстанға ортақ әйгілі алып тау. Оның атауы жөнінде әртүрлі пікірлер бар. Оның біріншісінде моңғолдардың алтын деген сөзінен, екіншісі қазақтың алты ай деген сөзінен қалыптасқан делінеді.

Алты айлық жол ма, әлде, алтын тау ма?Қазақ аңызы бойынша таудың екі жағындағы екі елдің екі жолаушысы сапарға шығады да, таудың үстінде кезігіп, жөн сұрасқанда, екеуі де үш ай бойы жол жүріп келе жатқанын айтысады. Сонда олар бұл таудың екі жағы алты айлық жол екен деп, содан Алтай аталып кетіпті делінеді.

А.Жақыпов деген ғалым академик Н.Маррдың іліміне сүйене отырып, Алтай атауы скифтердің қазына дегенінен шыққанын айтады. Бұл пікірді И.Руденконың Пазырық қорғанынан тапқан скифтердің бай қазынасы да дәлелдей түседі. Демек, бұл жер – көне замандарда скифтер мекендеген жер.

Ал М.Ақынжановтың айтуынша, бұл – ертедегі түрік тектес тайпалардың атауы. Ғылыми деректер бойынша түрік тайпаларын гректер «скив», қытайлар мен ирандықтар «сақ» деп атаған. Сондықтан Алтай тауының топонимі – ешбір басқа тілдің атауы емес, тек түрік тілінің сөзі.

– Алтай ертеден өзінің байлығымен басқа елдерге «Алтын-таг» болып жайылып, кейіннен қазақ ұлыстарының ішінде Алтай аталып кетуі мүмкін, – деп жазады осы жөнінде өлкеміздің топонимикасы туралы зерттеу еңбегінде ғалым-ұстаз Асқар Ислямов. Оған дәлел қазірдің өзінде осы өңір тұрғындары басқа жаққа шықса, өздерін Кенді Алтайданбыз деседі. Тіпті, атақты Иса Байзақов Алтай жөнінде:

– Алтайды аялаған талай халық,
Жеріне, жемісіне мейірі қанып.
Ұйғыр, ойрат, торғауыт, қазақ, қалмақ,
Алқа тағып, Алтайдан жүргені анық,
– деп оның байлығымен, кімдердің ата қонысы екендігін жыр етіп, шежіреде қалдырған.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button